Жыл қорытындыланып, міндеттер жүктелді

publisher

Ақмола. Науан хазрет атындағы Көкшетау орталық мешітінде Ақмола облысы аудандарының имамдары бас қосып, жыл қорытындысы бойынша есеп берді.
Дін қызметкерлері діни үгіт-насихат, оқу-ағарту жұмыстарына кеңінен тоқталды. Әсіресе, мүфтият шығарған пәтуалардың орындалу барысы жайлы баса айтылды.
Сауат ашу курстарын ұйымдастыру – жергілікті мешіттердің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан діни білім берудің ұтымды жолдарын қарастырған абзал. Бірқатар аудандар жаз маусымында арнайы лагерьлер ұйымдастыруды қолға алған. Сондай-ақ, діни басқарма тарапынан шығарылатын газет – журналдарға жазылу жағдайы да әңгіме өзегіне айналды.
Облыс имамы Қ.Қыдырмин есеп ала отырып, алдағы жылда атқарылатын жаңа міндеттерге де тоқталды. Сонымен бірге, аудан имамдары тарапынан айтылған ұсыныс-тілектерді саралап, діни уағыз- насихатты жақсарту қажет екенін баса айтты.
Ал, бірқатар аудан имамдарының жұмысы жақсы қырынан аталып өтті. Өз жұмыстарына салдыр-салақ қараған кейбір аудан имамдарына ескерту жасалды.
Бақыт СМАҒҰЛ,
Ақмола облыстық «Науан хазрет» мешітінің баспасөз хатшысы
* * *
Маңғыстау. Жыл аяғы жақындауына байланысты 2012 жылы атқарылған шараларды пысықтау және имам-молдалардың есебін тыңдау мақсатында Маңғыстау облыстық орталық мешітінің Бас имамы Т.Мырзаев қала, аудан, ауыл имамдарының басын қосып жиналыс өткізді. Жиын барысында имам-молдалардың жұмысы, оларға жүктелген міндеттердің орындалуы сұралды. Сондай-ақ, өкіл имам өз ісіне немқұрайдылық танытқан имамдарға қатаң ескерту жасай отырып, берілген тапсырманы тиянақты атқаруды, ҚМДБ-ның жарғысына сай қызмет етуді, діни істерді жандандырып, жауапкершілікті алдыңғы орынға қоюды баса айтты.
Күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – Мұнайлы ауданындағы мешіттер жұмысының көңіл толмайтын тұстары. Мұнайлы ауданында Маңғышлақ және Қызылтөбе мешіттері бар. Сондай-ақ, жуырда ашылған Атамекен ауылындағы жаңа мешіт те Мұнайлы ауданына қарайды. Жүз мыңнан астам тұрғыны бар үлкен ауданның діни хал-ахуалын жақсарту және елдің тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында аудан имамының қажеттілігі туындады. Осы жағдайды айтқан өкіл имам имам-молдалармен ақылдаса отырып, Мұнайлы ауданына имамдыққа үміткер табу туралы ойын жеткізді. Жиналғандар бір ауыздан бұл қызметке «Нұр Мүбәрак» университетінің түлегі, жас та болса сауатты Айдос Мүталиевке ұсыныс беру жәйін талқылады.
Шәкірт тәрбиелеу, ел жастарының діни сауаттылығын көтеру, білімді де білікті мамандарды өз ауыл-ауданымыздан шығару – ҚМДБ-ның кезек күттірмес талаптарының бірі. Осы талапқа сай өкіл имам барлық имам-молдаларға еліміздің медреселеріне 2-3 шәкірттен дайындап жіберуді тапсырды. Жиналыста мешіт тазалығын сақтауға көңіл бөлу ескертілді. Осы орайда «Ең таза мешіт» бәйгесін жариялайтындығы айтылды. Яғни, бәйге ережесіне сай, Маңғыстау облысындағы 18 мешіт түгелдей қатыса отырып, барлық мешіттердің ішкі сыртқы тазалықтары, дәретхана, мешіт ауласы мұнтаздай болып тұруы басты назарға алынады. «Тазалық – иманның жартысы» десек, бұл шараның өзіндік мағынасы мен пайдасы зор болмақ.
Жиын соңында барлық имам-молдаларға жыл есебінің қағаз жүзінде жіберілуін, жасалған жұмыстардың толық көрсетілуі туралы тапсырма берілді. Өкіл имам дін тұтастығына қызмет етуде талмай ізденіп, тынбай еңбектеніп, ел бірлігін уағыздау – әрбір имамның кәсіби міндеті екендігін айтты.
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша
өкілдігінің баспасөз қызметі
* * *
Атырау. ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы А.Садиев 2012 жылғы атқарылған жұмыстардың есебін қорытындылау мақсатында облыс, қала және аудан имамдарының басын қосып, жиналыс өткізді.
Басқосуда өңірдегі діни ахуал, атап айтқанда, теріс ағымдардың бүгінгі жағдайы, олармен күресу жұмыстары, мешіттердегі уағыз айту ісі, сондай-ақ, жергілікті жастарды діни жоғары оқу орындары мен медреселерге тарту мәселелері, сауат ашу, неке қию, басқа да көптеген мәселелер кеңінен талқыланды, имамдар тарапынан айтылған ұсыныстар да тыңдалды.
Сонымен қатар, облыстың бас имамы облыс әкімі Б.Ізмұхамбетовтың ҚМДБ «Зекет» қорының Атырау облыстық филиалына қомақты қаражат аударғандығын және ол қаражаттың 2013 жылы имамдардың жағдайын жақсарту мақсатында жұмсалатындығын қуанышпен жеткізді.
Қала және аудан имамдары бас қосқан бұл жиында ҚМДБ-ның дін қызметкерлеріне қойып отырған талаптары мен міндеттері тағы бір мәрте таныстырылып, алдағы күндердің міндет-мақсаттары айқындалды.
Аяла ӘДІЛЕТ
* * *
Қостанай. Облыстық Марал ишан мешітінде өңірдегі аудандар мен қалалардың имамдары 2012 жылғы атқарылған істер жайлы есеп берді.
Бас имам С.Ораз төрағалық еткен бұл басқосуда ҚМДБ пәтуаларының орындалу барысы, діни-уағыз насихаты, сауат ашу курсының, «Зекет» қорының жұмысын жандандыру, діни семинарларды тұрақты өткізу мәселелері негізгі әңгіме арқауына айналды.
Жиындағы жасалған есептерге қарағанда, өңірдің мешіттерінде атқарылған істер ауқымды. Келер жылы да имамдарға талап күшейтіле түсетіндігін атап көрсетті.
Оразалы ЖАҚСАНОВ

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Құранға ынтық аналар

202 Алматы қаласы, Алмалы ауданында орналасқан «Тастақ» мешіті қызметкерлерінің бастамасымен үш айлық Құран курсы ұйымдастырылған болатын. Бұл курсқа жүз отыз-дан астам шәкірт жиналды. Оның елуден астамы жасы қырық пен сексен аралығын-дағы қария аналарымыз. Алла тағала Өзінің Кәләм шәрифінде уәде еткеніндей, оларға жастарының үлкендігіне қарамастан, ықылас-ниеттеріне қарай 30-шы параны толық жаттап […]