Жаратушым, жарылқай бер халқымды!

publisher

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысы, Сырдария ауданының құрметті азаматы, ақын Қайырбек Асанов 70 жаста. Ол 1945 жылы Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы бұрынғы «Қызыл орақ», қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» сынды көптеген белгілі бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік мекемелерде табысты еңбек етті.
Қазіргі таңда ол «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Сен жанымда жүрсең», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры қуатым», «Махаббат», «Адалдық – асыл мұратым» атты жыр жинақтарының авторы.
Қ.Асанов имандылық тақырыбына да қалам тербеп, Исламның ұлықтығын жырлаған өлеңдер жазып жүр. Сол жырларының бірқатарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Сенің ғана құлыңмын

Жаратқан ием,
жарылқай көрші пендеңді!
Өзгеге емес,
Өзіңе ғана сенгем-ді.
Тағдырымды Саған
табыстап едім о бастан,
Өтінем Сенен,
қарата көрме жерге енді.

Байқаған жанға
Тіршілік – ұлы құбылыс,
Құлшылық етіп,
жасасақ екен бір ұлы іс.
Азғырып қойып,
Арада жүрген сияқты
Жақсылықтармен
Жағаласатын Ібіліс!

Билігің үстем
Он сегіз мың ғаламға,
Айрықша етіп
беріпсің сана Адамға.
Өзіңнің ғана
Құдіретіңе бас иіп,
Өмір сүрсе ғой
адамдар мына заманда!

Мыңдаған жылдар
үзілмей керуен күн кешіп,
Табиғатпенен
тағдыры бірге үндесіп.
Жер үсті бүгін
күнәні ауыр көтеріп,
Толғатып жатыр
жылдың соңынан жыл көшіп.

Жаратқан ием,
Жақсылық нұрын төге бер!
Пендеңнің бәрі
мейіріміңе бөленер.
Құлыңның көбі
құлқынын ойлап кеткендей,
Тәубасына келтір,
гүлденсін десең жер егер!

Бәсеке болды
байлардың бүгін байлығы,
Төбеден қарап
тұрса да аман Ай, Күні,
Ортайып жатыр
теңіздің сұлу айдыны,
Көп пенделеріңнің
көңілі мұңлы, қайғылы!

Жер үсті бүгін
келеңсіздіктен сыздайды,
Жауыздықты көріп
жүрегім жүдеп, мұздайды.
Қамшы сабындай
қып-қысқа мынау ғұмырда
Адамзат неге
үлгі-өнегесімен озбайды?

Соғыстың өрті
тұтанып әрбір тараптан,
Назарын жұрттың
еріксіз сонда қаратқан.
Жарық дүниемен
жазықсыз қоштасқандарға
Бере гөр, Алла,
мәңгілік орын жәннаттан!

Жаратқан ием,
адамға нұрлы көз берген,
Дәнекерлікке
бір-бірін ұғар сөз берген.
Нығметтері мен
ризығын беріп өлшеусіз,
Төзбейді бірақ
пиғылдарына өзгерген!

Анасыз өсіп
мейірімсіз болған балалар,
Қараусыз қалған
қаншама ғазиз аналар.
Бір жұтым суға
зар болып жатқан жандар көп,
Өмірдің құнын
осылар әділ бағалар!

Осының бәрі
қадалар дық боп көңілге,
Азапты өмір
адамдар үшін жеңіл ме?
Жаратқан ием,
жар бола гөрші әрдайым
Пенделеріңе
келтірген жарық өмірге!

Алланың Сөзі
Жоғары болу үшін де,
Ислам діні
мәңгілік тура күшінде.
Ақылды жандар
сыйлауы керек бұл дінді
Алланы таны,
Ақиқат жолын түсін де.

Аңсайды пенде
Өмірдің ғажап гүл бағын.
Алла да сүйер
қайратты, қайсар ұлдарын.
Фәниде мына
адамдар, сірә, шеше алмас
Құбылысқа толы
Жаратқан Ие жұмбағын.

Заман ағымын
зердеге мықтап түйдік пе?
Суға да түсіп,
отқа да кейде күйдік те,
Жер басып жүрген
мұсылмандардың тағдыры
Құран кәрім мен
шариғаттағы билікте!

Ұлылығыңды ұғынып,
Құбылаға бұрып бетімді,
Намазды қалап,
ой-санам қайта жетілді.
Алла деп соққан
жүрегім нұрға малынып,
Жаным да менің
Жәннатты көрген секілді…

ТӘҢІРГЕ ТАБЫНУ

Өмір кешем әрдайым,
Сезім билеп екіұдай.
Күнді сүйсін маңдайым,
Жарылқашы, е, Құдай!

Жарық күнге бір келер
Жабырқатпа пендеңді.
Шамасы жоқ үлгерер,
Түнек қылсаң ертеңді.

Жақсылармен теңесіп
Күн кешейін шуақты.
Жамандармен егесіп,
Өткізбейін сынақты.

Қолда, қуат бер маған,
Салар болсаң сынаққа.
Жолым дұрыс таңдаған,
Жеткізе гөр мұратқа.

Көкте, жерде Өзіңмен
Бір жүремін ұдайы.
Саған деген сезіммен
Өмір сүрем шынайы.

Сөзім рас, ісім оң,
Жалғандығы жоқ тіпті.
Құдіретті күшім ең,
Жолатпашы жоқтықты.

Қалдырма тек, өтінем,
Өмірімнің сыйынан.
Мына жердің бетінен
Бір Өзіңе сыйынам.

АЛЛА ДЕП СОҚСА ӘР ЖҮРЕК

Көк аспан түнеріп,
қабағы түйілді,
Алапат жел тұрып,
көтерді құйынды.
Нөсерге шыдамай
шатырдан су ақты,
Найзағай шатырлап,
жер үстін үйірді.

Апыр-ай, бұл неткен
өлшеусіз құдірет?!
Бекерге айтпаймыз
Алланы «ұлы» деп.
Адамның дегені болған ба,
әрдайым,
«Мықтымын» десе де,
өктемсіп мың рет?!

Көк аспан нөсерден –
тесілген шелектей,
Кейде осы ақ жаңбыр
адамға керектей.
Алланың дегені
болады қашанда,
Қаһарын төксе егер –
ұшырар кебектей!

Адамды тағдыр шын
бір кезде сынайды,
Батыр да, байлар да
өкініп жылайды.
Бір істі бастарда есіңе ал
Алланы,
Есіңе ал әлемді
жаратқан Құдайды!

Жаратқан Иені
жадыдан шығармай,
Әр жүрек кеудеге түйсе егер
тұмардай,
Тек сонда жолыңда
әділет орнайды,
Тірлікте болмайды
қиянат қылаудай!

ҚҰЛШЫЛЫҚ ЕТ АЛЛАҒА!

Жақсы сөзден жан сыздауы
жазылар,
Адамдар да тым аз екен
наз ұғар.
Мен ешкімді жек көрмеймін
ешқашан,
Жүрегімде «Алла» деген
жазу бар!

Жүргенім жоқ байлық,
мансап соңында,
Бәлкім, мұным бағым ба,
әлде сорым ба?
Байлығыңның бақ емесін
түсіндім,
Нағыз байлық – бір Алланың
жолында!

Мен емеспін «кедеймін»
деп егілген,
Ертелі-кеш еңбекке
ерен жегілгем.
Сүйіп өтем адамдардың
барлығын
Бойымдағы мейіріммен
төгілген!

Фәни тірлік – түсінгенге
тым қысқа,
Ей, адамдар, бет жыртысып,
қырқыспа.
Жалған өмір –
уақытша серуенің,
Бақилық қой – мәңгі өмірің
түп нұсқа!

Осыны ұқ, ақыретті ойласаң,
Оралады сұрақтар да ойға сан.
Намаз оқы, құлшылық ет
Аллаға,
Сонда жаның жай
табады орасан!

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Апта жаңалықтары

427 Бас мүфти Кувейт Елшісін қабылдады 3 қыркүйек күні Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Кувейттің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тарек Абдолла әл-Фарадж мырзаны қабылдады. Бас мүфти мен дипломат Қазақстан мен Кувейт елдері арасындағы рухани байланыстар, діни татулық, дінде орта жолды ұстану, мұсылман үмбетінің бірлігі туралы […]