Жапон журналистикасы

publisher

Жапонияда журналистердi және де ақпарат құралдарының өзге де мамандарын жоғары оқу орындарындағы социология, ақпараттық технология, қоғамдық өндiрiс, филология тәрiздi факультеттер құрамындағы медиа бөлiмдерi даярлайды. Бұндай бөлiмдер көптеген университеттерде ашылған. Жылына жалпы таралымы 4 миллиард дана болатын 3000 түрлi газет-журнал шығады. Күн сайын газеттердiң 90 пайызы үйге жеткiзiледi. Газет тасушылардың көпшiлiгi – мектеп оқушылары. Газет бетiндегi кеңiстiктiң 40 пайызы жарнамаға арналған. Жапон баспасөзi үшiн жарнама – маңызды табыс көзi.

Жапон баспасөзiн үш топқа бөлуге болады: жалпы сипаттағы газет-журналдар, спорттық басылымдар және кәсiби басылымдар. Жапонияда құрамына 117 газет кiретiн кәсiби ба­сы­лым­дардың Ассоциациясы бар. Оған химия, балық шаруашылығы, металлургия, электротехника, т.б. сала мамандарына арналған басылымдар кiредi.
Журналдардың 60 пайызы айына бiр рет шы­ға­тын басылым болса, 40 пайызы апталық журналдар. Кейбiр қоғамдық-саяси, әдеби журналдар айына екi рет жарық көредi. Мәселен, «Сарай» басылымы әр айдың 1-шi, 3-шi бейсен­бiсiнде шықса, «Сапйо» әр айдың 2-шi, 4-шi сәрсенбiсiнде оқырман қолына тиедi. Жалпы, жапон журналдары тақырып ауқымы кең, жо­ғары сапалы басылымдар. Тек журналистерi ғана емес, фототiлшiлерiнiң еңбегi де ерекше бай­қала­ды. Көркем безендiрiлген, әдебиет, мәдениет мәселелерiн кеңiнен қозғайтын «Бунгэйшюншю», «Катэйгахоу», «Шюханбуншюн», «Гэйджюцушинчйоу», «Сарай» тәрiздi журналдарды классикалық басылымдар санатына жатқызуға болады.
Жапонияда ағылшын тiлiнде «Metropolis», «Tokyo journal», «Kansai Time Out» деген үш журнал және «The Japan Times», «Daily Yomiuri», «Asabi Evening News», «Mainichi Daily News» деген төрт газет бар.
Әр жапон орташа есеппен күнiне 3,5 сағатын теледидар көруге арнаса, 1 са­ғаттай газет-журнал оқиды екен. Жапония БАҚ саны жөнiнен дүниежүзiнде 1-шi орын алады. Бұл елде 1000 адамға 548 дана газеттен келедi. БАҚ дегенде ұлттық ерекшелiк ретiнде манга кiтапшаларын атауға болады. Мәтiнiмен қоса берiлетiн суреттi кiтаптарды жапондар баспасөзге жатқызады. Барлық тақырыптарды қам­титын манга Жа­по­ния­дағы баспа өнiмiнiң 30 пайызын қам­тиды. Жылына 3300 түрлi манга жарық көредi. Таралымына келсек, жылына 670 миллион манга-журнал мен 480 миллион манга-кi­тапшалар сатылады екен. Мангадан түсетiн табыс жылына 448 миллиард иендi құрайды. Жапон мульт­фильм­дерi мен видео ойындарының негiзi мангадан алынған. Киотодағы ха­лық­аралық манга мұражайына 300 мыңнан астам өнiм қойылған. Мұражайға жылына 280 мың адам келедi екен. Ал Токиода жылына екi рет өткiзiлетiн манга жәрмеңкесiне 500 мың адам қатысады. 2008 жылы Жапонияда сатылған электронды кiтап­тар­дың 75 пайызы манга кiтаптары болып шық­қан. Одан түскен табыс 35 миллиард иендi құраған.

Оқырманы ең көп газет

ХIХ ғасырда Мотоно әулетi негiзiн қалаған «Йомиури» басылымы о баста зиялы қауымға арнал­ған екен. Газеттi таратушылар Токио кө­ше­ле­рiнде ең қызықты деген мақалаларды мәнерлеп оқи жүрiп сатқан деседi. Алғашында оқыр­мандарды осындай әдiспен тартқан газет «Йомиури», яғни «оқи жүрiп сату» деген атауға ие болады. 1874 жылы Токиода шыға бастаған газет редакциясының бөлiмшелерi 1952 жылы Осака қаласында, 1964 жылы Китакюсюде ашылады. Солтүстiктегi Саппоро шаһарында 1959 жылдан бастап шықса, екi жылдан кейiн Такаокэге таралады.
Газеттiң бастапқы иесi Мотоно әулетiнен басылымды Т.Мацуяма деген журналист сатып алғанмен, 1923 жылғы жойқын жер сiлкiнiсiнен соң газет жабылып қалады. Т.Мацуяма «Йомиу­ридi» алғаш сұраған адамға беруге мәжбүр болады. Шйорики Мацутаро есiмдi газет жанашыры Мацуямаға 100 мың иен төлеп, құрыл­тайшылық құқығына ие болады.
Шйорики Мацутаро — тек «Йомиури» ғана емес, жалпы жапон журналистикасы тари­хын­дағы айрықша тұлға. «Йомиуридi» құрдымға кетуден сақтап қалған ол, басылымның ауқымын кеңейтiп, жалпыұлттық газет деңгейiне көтердi. Мацутаро газет президентi ретiнде редакторларға да, журналистерге де аса қатал қараған деседi. Газет тiлшiлерi редакцияның кiреберiсiндегi дәптерге келген-кеткен уақытын күн сайын тiр­кеп, есеп берiп отырады екен. Газеттегi отбасы, бала тәрбиесiне қатысты айдарларды да ашқан осы Мацутаро. Бүгiнде «Асахи», «Йомиури», «Майничи» басылымдарындағы ұлттық го ойыны туралы айдарлардың тарихы да Мацутаро есiмiмен байланысты. «Йомиури» беттерiнде Мацутаро го ойынын насихаттау арқылы газет таралымының өсуiне қол жеткiздi. 1930 жылдан бастап аптасына үш рет «Йомиуридiң» жастарға арналған қосымшасы шыға бастады. Бiлiктi басшының арқасында 1920 жылдардың өзiнде газет тiлшiлерi Лондон, Нью-Йорк, Париж, Берлин, т.б. шетелдiң iрi қалаларында жұмыс iстеген. 1942 жылы «Майничи» газетiнiң таралымы 1,420 мың, «Асахи» 1,280 мың болғанда, «Йомиури» 1,560 мыңға жеткен. «Йомиуришинбуншйо» компаниясына тиесiлi, таңертең және кешке шығатын бұл газет Жапониядағы ең iрi жалпыұлттық басылым. Таңғы таралымы 9,1 миллион болса, кешке 4,9 миллион тиражбен шығады. «Йомиури» – таралымы жөнiнен тек Жапония ғана емес, дүниежүзi бойынша алдыңғы орында тұр.

«Асахи»

Жүз отыз жылдық тарихы бар бұл газет – Жапонияның ең iрi төрт басылымының бiрi. 1879 жылы Осака қаласында жарық көрген «Асахи­дiң» редакциясы 1888 жылы Токиода ашылады. «Асахишинбуншйо» шығаратын газеттiң таңғы және кешкi таралымын қосқанда 12,5 миллион данаға жетедi.
Соңғы кезде оқырмандар арасында бұл басылымға деген сұраныс бәсеңдеп барады деген пiкiрлер айтылып жүр. «Газет бетiнен бұрынғы «Асахиге» тән тұщымды, тың ойларға толы, қоғамдық пiкiрге негiз боларлықтай мақала­лар­ды көрмейтiн болдық. Оның орнын жалаң ақпар басып алды. «Майничидегi» мәлiметтi «Асахи» қайталайды» деген сияқты басылымның атына айтылып, жазылып жүрген сыни пiкiрлер бар. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары уақытқа тәуелдi. Кез келген басылым шарықтау немесе құлдырау кезеңдерiн өткеретiндiгi белгiлi.

«Майничи» газетi

Күнделiктi газет. Басылымның атауы осындай мағына бередi. «Майничишинбуншйо» компаниясына тиесiлi бұл газет жалпыұлттық басылым болып табылады. Таңертең 4,2 миллион данамен, кешке 2,1 миллион таралыммен оқырмандарға жететiн газеттiң тарихы 1872 жылдан басталады. Ең алғаш Токиода, одан соң Осака қаласында (1876 жылы) шыққан «Майни­чи­дiң» бөлiмшелерi 1935 жылы Китакюсю мен Нагояда ашылады. Газет редакциясы елдiң солтүстiгiндегi оқырмандар үшiн 1959 жылы арнайы бөлiмшенi Саппоро қаласынан ашады. Бүгiнде «Майничи» — Жапониядағы ауқымы кең басылымдардың бiрi.

NHK 

Жапонияда телерадио хабарларын тарату жүйесi үш салалы. Хабар тарату жүйесiн үй­лестiрiп тұрған ең iрi корпорация NHK (нихонхоусоукйоукай) абоненттердiң төлемақысы негiзiнде қаржыланса, жекеменшiк арналар жарнамадан түсетiн табысқа тәуелдi. Ал телеуни­вер­ситеттi Үкiмет қар­жы­ландырады. Ақпарат­тан­дырудың жекеменшiк жүйесiнде 150 компания жұмыс iстейдi. NHK қа­рамағында екi телеарна және ортатолқынды үш радио бар. Сонымен қатар, қос спутниктiк байланыс жүйесi жұмыс iстейдi.
Жапонияда 1950 жылы «Хабар тарату туралы заң» қабылданды. Соның негiзiнде NHK-дiң бағыт-бағдары айқындалып, мақсат-мiндетi бекiтiледi. Қазiргi таңда NHK – бүкiл Жапонияға және шет елдерге хабар тарататын дүниежүзiндегi iрi кор­порациялардың бiрi. Ол тәу­лiктiк көлемi 49 сағат болатын хабарларды 22 тiлде таратады.
Корпорация жұмысын Орталық Кеңес беру комитетi қадағалайды. 118 мүшесi бар бұл комитет корпорация қарамағындағы телерадио компанияларының жұмысы мемлекет стандарттарына сай және рухани мүдденi көздейтiн, өте сапалы болуын ұдайы бақылап отырады. Комитет мүшесi болып табылатын 118 адам кiмдер? Бұлар: мұғалiмдер, спортшылар, журналистер, жұмысшылар, тұтынушылардың құқығын қорғайтын мекеме өкiлдерi, т.б. Қысқасы, NHK аталмыш комитетке толығымен тәуелдi. Орталық Кеңес беру комитетi корпорацияның жылдық жоспарын тексерiп, айына бiр рет, корпорация қызметкерлерiмен кездесу өткiзiп тұрады.
NHK-дiң Басқару Кеңесiне 12 адам кiредi. Оларды Жапония Парламентiнiң қос палатасы­ның құптауымен Премьер-министр сайлайды. Басқару Кеңесi корпорацияның қаржы мәселеле­рiн шешумен қатар, басшылық құрамын бекiтедi. Басқару Кеңесi, сондай-ақ, сөз бостандығын қам­тамасыз етiп, журналистердiң құқығын қорғайды. Теле-радио арналарды сыртқы саяси күштердiң ықпалынан қорғау да Басқару Кеңесiнiң мiндетi.
«Хабар тарату туралы заңға» сәйкес NHK-ге жарнама беруге және жарнамалық мақсаттағы ха­барларды таратуға тыйым салынған. Жапония­ның барлық аймағында NHK-дiң қоғаммен, яғни тыңдармандармен, көрермендермен байланысын қамтамасыз етумен айналысатын 53 комитет жұмыс iстейдi. Бұл комитеттерде әр түрлi сала­ның өкiлдерi болып табылатын 750-ге жуық адам еңбек етедi. Олар жылына үш рет бас қосып, ра­диотыңдаушылар мен теле­көрер­мен­дерден түскен өтiнiштер мен талап-тiлек, ұсы­ныстарды бүге-шiгесiне дейiн талдап, талқылап, ортақ шешiм шығарады. Осы 53 комитеттiң арқасында NHK-дiң халықпен байланысы өте жақсы деңгейде деуге болады.

Теледидар тарихы

1924 жылы Хамамацу техникалық коллед­жiнде жұмыс iстейтiн Такаянаги Кэндзироу электронды сәулелердi пайдалану тәжiрибесiн жүзеге асыра бастайды. Тоғыз жылдан соң ол катодты түтiкшенi ойлап табады. Ал теледидар жапон үйiне ең алғаш 1953 жылы кiредi. Осы жылдың ақпан айында 866 жапон отбасы ақ-қара теледидар арқылы төрт сағаттық бағдарла­ма­ны тамашалайды. 1960 жылға таман 10 миллион жапон отбасы теледидар сатып алса, 1968 жылы 20 миллион отбасы көгiлдiр экранды көру мүмкiндiгiне ие болды. Жапондар түрлi-түстi теледидарға 1960 жылы қол жеткiздi. Ол кезде теледидар автокөлiк, кондиционер тәрiздi қажеттi техниканың бiрi ретiнде белгiлi едi. Бүгiнде орта жастағы жапон азаматы күнiне 3 сағат 32 минутты теледидар көруге арнаса, қариялар көгiлдiр экран алдында 5 сағаттан артық отырады екен. 1987 жылы NHK тәулiктiк спутниктiк хабар тарату жүйесiн енгiзедi.
Жапонның жалпыұлттық каналдары: Nihon TV, TBS, FUJI TV, TV Asahi. Жапонияда коммерциялық бағыттағы 109 телестанция бар. Табыс көзi жарнама болып табылатын бұндай станциялардың жылдық табысы 1,65 триллион иендi құрап отыр. NHK қарамағындағы телеарналар кеңiстiгiнiң 50 пайызы ақпараттық хабарларды құраса, 20 пайызы мәдениет тақырыбындағы бағдарламалар, 20 пайызы ойын-сауықтық бағдарламалар. Ал коммерция­лық телеарналар желiсiнiң 40 пайызы ойын-сауықтық, 24 пайызы мәдени-танымдық, 19 пайызы ақпараттық хабарлардан тұрады.

Токио телемұнарасы

Тұңғыш жапон телемұнарасы Айчи префек­тура­сындағы Нагоя қаласында тұрғызылған болатын. Ал биiктiгi – 333 метр, салмағы – 4 мың тонна болатын Токио мұнарасы 1958 жылы салынған. Қызыл және ақ түске боялған мұнара әлемдегi болаттан жасалған конструкциялардың ең биiгi саналады. Токио телемұнарасының антенналарын 12 телерадиостанция пайдаланады. Токионың символына айналған бұл ғимаратты жапондар көп қырлы құрылым ретiнде пайдаланады. Бiрiншi қабатында 800 түрлi 50 мың балықтың мекенiне айналған аквариум орналасса, үшiншi қабатынан мұражайды тама­шалау­ға болады. 250 метрлiк биiктiктегi алаңқай­дан Фудзияма, Цукуба таулары көрiнедi. Мұнарада сондай-ақ, 1000 кiсiге арналған мейрамханалар жүйесi жұмыс iстейдi.
Ал ашылуы 2012 жылдың мамыр айына жоспарланған «Аспан ағашы» деген одан зор ғимарат астананың солтүстік-шығысындағы Сумида ауданында бой көтерді. Биiктiгi – 634 метр болатын әлемдегi ең биiк телемұнараны жа­сауда жапон архитекторлары мыңдаған жылдық тарихы бар тәжiрибенi пайдаланған. 2011 жылғы алапат жер сілкінісіне селт етпеген жаңа мұнараның жобасы Нарадағы Шйотоку Тайши дәуiрiнен жеткен Хоурюдзи ғибадат­ханасының негізінде жасалған. Ғалымдар мен архитекторлар зәулiм ғимараттардың жобасына бес қабатты Будда ғибадатханаларының сызбасын пайдаланған себебi, «шимбашира» деп ата­латын дiңгектiң сан түрлi зiлзалаға төтеп беретiн бiрден-бiр тiрек екендiгiн дәуiрлер дәлелдеген.

Жапон радиосы

Жапонияда радиохабарларын тарату жұмысы 1925 жылы басталған болатын. Ол кезде Токио, Осака, Нагоя қалаларында үш радиостанция жұмыс iстеген. 1926 жылы станциялар NHK иелiгiне өтедi. Бүгiнде NHK-ге қа­расты үш радионың хабар тарату кеңiстiгiнiң 50 пайызын ақпараттық бағдарламалар құраса, 30 пайызы мәдениет-өнер, 20 пайызы ойын-сауықтық хабарлардан тұрады. Жеке-меншiк радио­ком­паниялардағы эфир уақытының 60 пайызы ойын-сауықтық бағдарламаларға берiлген. Коммерция­лық радиолардағы эфирдiң 17 пайызы мәдениет хабарларына, 14 пайыз бөлiгi ақпаратқа берiлген. Мемлекеттiк NHK FM радиостанциясының басты назары, негi­зi­нен жаңалықтарда. Бұл радио классикалық му­зы­каны көбiрек бередi екен. Токиодағы ком­мерциялық J-WAVE, INTER FM мен орталық Хонсюден тарайтын CO-CO-LO радиосы да бiрнеше шет тiлiнде хабар таратады.

Жапониядағы сөз бостандығы

Жапонияның 1946 жылы 3 қарашада қабыл­данған Ата Заңының 3-шi бабының 21 тармағында «Мәжiлiстер мен басқосулар еркiндiгiне және сөз бостандығы мен баспасөз бостандығына, пiкiр бiлдiрудiң өзге де түрлерiне кепiлдiк берi­ледi. Цензураға жол жоқ; ақпарат құпиялылығы сақталуы тиiс» деп жазылған.
Жапонияда журналист Үкiмет немесе Парламент мүшесiнен сұхбат алу үшiн мiндеттi түрде «Саяси журналистердiң ұйымына» мүше болу керек. Осы ұйымның журналистерi ғана Үкiметтегi баспасөз мәслихатына, ресми кездесулерге, т.б. қатысу мүмкiндiгiне ие. Жапон жур­налис­тикасының қазiргi таңдағы мәселесi ретiнде Күншығыстағы қалам иелерi сол ұйым журналистерiнiң саяси қайраткерлердiң баспа­сөз хатшысы деңгейiнен аса алмай жатқандығын айтып жүр.
Жапон журналистикасына тән ерекшелiктiң бiрi — газет-журнал бетiнде мақала авторының аты-жөнi жазылмауы және суретiнiң басылмауы. «Журналист болу дегенiмiз – елге танылу» деген бiздiң түсiнiк оларға жат. Дегенмен, кейiнгi жылдары бiраз басылымдар журналистiң аты-жөнiн жариялаумен қатар, автордың еңбек жолы туралы мағлұмат беру үрдiсiне көшкен.
Қазақ журналистикасына ойды көбiнесе тұспалдап, астарлап жеткiзу, ой қорытуды оқырманның еншiсiне қалдыру тән болса, жапон баспасөзiне нақтылық, дәлдiк, тура айту, жинақылық сипаты басым.

Шарафат Жылқыбаева,
халықаралық журналист

www.writers.kz

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Шыңғысхан – Іле өңірінің ұланы

940 Бексұлтан Нұржеке-ұлы Әлемде ең көп жазылған, ең көп айтылған адам Шыңғысхан болар-ау! Ол туралы айту, жазу қай заманда да толастаған емес. Бұл салаға қазақ азаматтары да аз үлес қосып жатқан жоқ. Соның ішінде ерекшесі – Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын бауырымыз. Оны ерекше деп отырған себебім: ол – Шыңғысханға қатысты біз […]