Жаңа басшыға – ізгі тілектер

publisher

Ғарифолла Есім,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Дініміздің келешек дамуына қатысты бір маңызды мәселені айтқым келіп тұр. Ол – дін қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері арасындағы байланысқа қатысты. Тәуелсіздік алғалы Ислам діні аяғынан тік тұрып, өркен жайып келеді. Содан бері дін қызметкерлері қоғамның бір тірегі, рухани демеушілеріне айналдыңыздар. Дінді апиын деген кеңестік заманда зиялы қауым өкілдері халықтың рухани басшылары болатын. Бүгінгі таңда да зиялылар, дінжанды азаматтар, дінтанушылар, ғалымдар бар, бәрі де осы бағыттарынан таймай, елдің мәдени, рухани, діни өміріне үнемі араласып, білгенін айтып, бағыт-бағдар сілтеп келеді.
Сондықтан, зиялы қауым өкілдері мен дін мамандары өзара қоян-қолтық араласып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып еңбек етуі тиіс деп ойлаймын. Қазіргі күні ҚР Дін істері агенттігі жанында Дінтанушылар конгрессі деген қоғамдық ұйым бар. Міне, осы қоғамдық ұйым қатарында біз де асыл дінімізге, елдегі діни қатынастардың жақсаруына жұмыс жасап келеміз.
Діни сала өз бетінше бөлек кетпей, осындай қоғамдық институттармен бірге тізе қоса еңбек еткенде ғана Ислам дініміз өркендейді және өзге теріс діни ағымдардың алдын алып, тұрақты қоғам қалыптастыруға жағдай жасай алмақпыз. Алдыңғы жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл өте жақсы заң болды. Осыны халыққа насихаттауда да қоғам болып атсалысып, әсіресе, елдің бет-бейнесі – зиялы қауым мен дін өкілдерінің атқарар жұмыстары қомақты болуы шындық.
Міне, бүгін Қазақстанның жаңа Бас мүфтиі сайланып отыр. Оқыған-тоқығаны мол Ержан Малғажыұлы ініміз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы секілді іргелі ұйымды талапқа сай басқарып, жаңа айтып өткен зиялы қауыммен байланыс мәселесінде сенімнен шығады деген ойдамын. Жаңа қызметте табыс тілеймін!

Серікбай Ораз,
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі:

– Бүгінгі күн еліміздегі мұсылман қауымы үшін ерекше маңызға, тарихи мәнге ие. Себебі, Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ҮІІ құрылтайы өтіп, нәтижесінде, жаңадан Бас мүфтиіміз сайланды.
Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жиып, өз алдымызға дербес Діни басқарма құрғанымызға да 20 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт аралығында өз ішімізден жоғары деңгейдегі, халықаралық дәрежедегі діни кадрларымыз жетіліп шықты. Соның айғағы ретінде бүгінгі құрылтайда жаңадан сайланған Дінбасы Ержан қажы Малғажыұлын ерекше атап өтуге болады. Өйткені, Ержан қажы саналы ғұмырының 15 жылын діни білім алуға жұмсаған азамат.
Жалпы жаңа мүфтиіміз жайында айтар болсақ, Ерекең Египеттен білім алып келгеннен кейін еліміздегі дін саласының өркендеуіне өзіндік үлесін қосты. Семей аймағында өкіл имам қызметін атқара жүріп мол тәжірибе жинады. Сондықтан Діни басқарманың тізгіні сол кісіге сеніп тапсырылуы таң қаларлық жайт емес. Күн санап дамып жатқан қазіргі қоғамда қайратты, жігерлі жастың басшылыққа келуі де уақыт талабы. Ержан қажының алға қойған мақсаты – еліміздегі дәстүрлі діннің аясын одан әрі кеңейтіп, ұлттық және рухани құндылықтарды ортақ арнаға тоғыстыру.
Айта кетер жайт, жаңа мүфтидің бір ерекшелігі, ол әйгілі Әл-Әзһар университетінің Шариғат және заң факультетін бітіруімен қатар, Мысырдағы мүфтияттың Пәтуә шығару бөлімінде білімін жалғастырды. Мұндай маман елімізде жоқтың қасы. Сондықтан, Ержан қажы өте дер кезінде тағайындалған маман болып саналады. Себебі, бізге қазір қоғамда орын алған кез келген мәселеге қатысты діни тұрғыдан пікір білдіріп, пәтуә айтатын маман қажет. Алдағы уақытта осы мәселе өз деңгейінде дамып, тың бастамалар қолға алынады деп сенемін. Өйткені, бұл жаңа мүфтидің бағдарламасына енген мәселелер. Сонымен қатар, аталған бағдарлама бойынша, алдағы уақытта Діни басқарманың беделін арттырып, дін мамандарының білімін одан әрі жетілдіру – басты міндеттердің бірі.
Діни басқарма жанында Ғұламалар кеңесі жұмыс істейтіні белгілі. Жоға-рыда аталған бағдарламаға сәйкес, осы кеңеске дін саласындағы білімді, білікті мамандарды тартып, тың бастамалар мен ағымдағы жұмыстарды жандандыру қолға алынбақ.
Бүгінгі қазақтың ұстанған діні қандай, көздеген мақсатымыз дұрыс па, жаңа ғасырда еліміздегі діни ахуал қай бағытта өрбуі керек деген сияқты сұрақтарға жауап тауып, сол бойынша жүйелі жұмыстарды жүзеге асыру жаңа басшылықтың басты міндеті болуы тиіс. Соның ішінде діни білім саласы, еліміздегі жоғары оқу орындарында да теолог мамандар дайындауға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта «Нұр» Қазақ-Египет Ислам университетін үлгі тұту, ел арасында аталған білім ордасының беделін арттыру мақсаттары көзделіп отыр.
Жалпы Діни басқарма бүгінде ел арасында өзіндік беделге ие құрылымдардың біріне айналғаны сөзсіз. Өйткені, бүгінге дейін ол жүйелі түрде қалыптасып, ауқымды жұмыстар атқарды. Алдағы уақытта осы бағыттан ауытқымай, бастау алған жұмыстар өз жалғасын табады деп сенемін.

Құлмұхаммед Маханбет,
ҚМДБ-ның Діни істер бөлімінің меңгерушісі:

– Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет 13 жыл бойы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы болып еңбек етіп, дін саласына көп еңбек сіңірді. Енді Бас мүфтилікке сайланып жатқан Ержан қажы Малғажыұлы осы жақсы істі одан әрі дөңгелетіп, жоғары нәтижелерге жетіп, биіктен көрінетініне сенеміз. Құрылтайда еліміздің барлық аймағынан келген деле-гаттардың бәрі де оған сеніп, бір ауыздан дауыс берді. Өйткені, Ержан әлемге танымал «Әл-Әзһар» университетін бітірген, білімді, тәжірибелі жігіт. Семей аймағында жемісті еңбек етті. Еліміздегі діни ахуалды да жақсы біледі.
Жаңа сайланған Бас мүфтиіміз Ержан Маямеровке алдағы жауапты қызметіне табыс тілейміз!

Қайрат Жолдыбайұлы,
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің
Бас имамы:

– Қазақстан мұсылмандарының жарғы-сында мүфти болатын тұлға қырық жастан асқан, діни жоғары білімі бар, адамгершілік қасиеттерге ие, беделді азамат болу керек. Міне, осы талаптарға Мысыр еліндегі Ислам ғылымының құбыласы саналатын әлемге әйгілі «Әл-Әзһар» университетінде он жылдан астам уақыт оқыған семейлік бауырымыз Ержан Малғажыұлы толықтай сай келді.
Ол «Әл-Әзһар» университетінің шариғат факультетін бітіргеннен кейін екі жылдай Мысырдың жоғарғы пәтуа беру кеңесінде дәріс алып, арнайы тәжірибеден өтті. Университетте бірге оқып жүрген кезімізде де Ержан Малғажыұлы студенттер арасында белсенді, сыйлы әрі беделді болды. Ешқандай ағымның ықпалына түскен жоқ. Өзіміздің дәстүрлі ханафи мәзһабы мен Матуруди ақидасын берік ұстанады.
2008 жылы оқуын бітіріп Қазақстанға келгеннен кейін Ержан Малғажыұлы алғашында Семейдегі қалалық мешітте, кейін екі жылға жуық уақыт осы өңірдің бас имамы болып қызмет атқарды.
Құдайға шүкір, құрылтайға жиналған Қазақстан мұсылмандары делегаттары бірауыздан осы кісінің кандидатурасын қолдады. Бұл қуанарлық жайт. Себебі, бұны бірлігіміздің нәтижесі деп айтуға болады. Кейбір басқа елдерді байқасаңыздар, жыл сайын, тіпті, кейде алты ай сайын мүфтилер ауысып, құрылтайда жүзден астам кандидаттар бір-бірімен қызыл кеңірдек болып, жаға жұлысып жатқан жағдайлар кездеседі. Біз ондайға барған жоқпыз. Біздегі мұсылмандар өздерін өркениетті елде тұрып жатқанын көрсетіп, бірауыздан Ержан Малғажыұлын сайлады.
Алла жазса, осы кісінің айналасына топталып, өзіміздің дәстүрлі дінімізді әрі қарай дамытып, өркендетіп, әртүрлі жат ағымдармен жұмылып күресеміз. Бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай ынтымақпен, бірлікпен жұмыс істейтін болсақ, дініміз тек қана өркендейді. Бізге, ең әуелі, тыныштық пен бірлік қажет. Тыныштық болған жерде ғана береке болады, дін өркендейді.

Тыныштықбек Мырзаев,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы:

– Ержан Малғажыұлы Маямеров ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкілдігінде менің наиб имамым болып 4 жылдай еңбек етті. Ол өз міндеттеріне, қызметіне өте жауапкершілік-пен қараған азамат. Қандай тапсырма берілсін, іс-шараларды өткізу жүктелсін, ол сол ісіне аса ыждаһаттылықпен қарап, тиянақты орындайтын. Ерекше айта кететін нәрсе, ол өзі қарапайым, байсалды, халықпен қатынаста жылы жүзді, биязы сөзді, елді өзіне қарата алатындай көркем мінез иесі. Әртүрлі кездесулерге, семинарларға, оқу орындары, т.б. жерлерде өтетін діни-мәдени іс-шараларға қатысып келгеннен кейін оның артынан жақсы сөз ере келетін.
Тағы бір көңілге түйгенім, оның алғырлығы және әрбір ісінен нәтиже шығара білетіндігі. Сондай-ақ, Ержанның білімділігін айту – менің міндетім. «Әл-Әзһар» университетін үздік бітірген. Мәселен, Семей – қазіргі таңда еліміздегі ең тыныш қала. Өзге өңірлерге қарағанда ағымдар мәселесі асқынып тұрған жоқ. Бұл да осы өңірдегі дін қызметкерлерінің, соның ішінде соңғы жылдары Семей аймағының бас имамы болып қызмет атқарған Ержан бауырымыздың зор еңбегі десе болады. Өйткені, Ержан Малғажыұлы өзінің білімдарлығымен, табандылығымен, елге етене жақындығымен халық арасында уағыз-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп, соның нәтижесін шығарды.
Оның қарапайым азамат екенін айттым. Содан да болар, Ержан жоғарыға талпыну, билікке ұмтылу дегенді білмейтін. Өзі: «Оқыдым-тоқыдым, енді соны халыққа жеткізсем деймін, керегімді елдің қажетіне жаратуды қалаймын», – деп, тек дін қызметіне ғана көңілін бұратын.
Сондықтан, мен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ҮІІ құрыл-тайындағы делегаттардың Бас мүфти қызметіне Ержан Маямеровты таңдауы – дұрыс таңдау болды деп айтқым келеді. Ержан қажының бұған дейін еліміздің дін саласында атқарылған және атқарылып жатқан ауқымды істердің жалғастырушысы бола алатынына сенемін және ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти болып сайлануымен шын жүректен құттықтаймын!

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс ҮІІ құрылтайы

974 19 ақпан күні Астанадағы Назарбаев орталығында өткен Қазақстан мұсылмандарының кезектен тыс VII құрылтайында жаңа бас мүфти сайланды. Алқалы жиынға ҚМДБ-ның төралқа мүшелері, аппарат қызметкерлері, облыстар мен өңірлердегі өкіл имамдары, ақылдастар алқасы, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, бас-аяғы 170-тен астам делегат қатысты. Құрылтай қасиетті Құран аятын оқумен ашылып, […]