Үш бөлінген Үндістан

publisher

Жағрапиялық жағынан Оңтүстік Азия – Декан үстірті, Үнді-Ганг жазығы мен Гималай таулары орналасқан Үндістан түбегіне, Шри-Ланка және басқа да ұсақ аралдарға бөлінеді. Ал, саяси-жағрапиялық жағынан Азияның оңтүстігіне – Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Бұтан, Непал, Шри-Ланка және Мальдив аралдары мемлекеттері кіреді. Оңтүстік Азия аумағы бүкіл Азия құрлығының 10 пайызын алып жатса, халқының саны Азия халқының 40 пайызын, жалпы Жер шары халқының 22 пайызын құрап отыр.
Оңтүстік Азия аумағындағы ең ірі мемлекет – Үндістан. Халқының саны жағынан әлемде Қытайдан кейін екінші орында болса, жер көлемі жағынан 7-ші орын алады. Үндістан өз тарихында негізінен солтүстік-батысындағы мемлекеттермен ежелден қарым-қатынаста болды. Мәселен, көне өркениет ошақтары Иранмен, Ауғанстанмен, араб елдерімен арада сауда-саттық та, соғыстар да болып жатты. Ал солтүстік-шығысындағы Қытаймен арасын асқар Гималай таулары және қалың джунгли ормандары бөліп тұр. Сондықтан бұл екі алып елдің арасын мыңдаған жылдан бері жағрапиялық кедергілер ажыратып келді.
Сүйір бұрышты Үнді түбегі өзінің өткір ұшымен Үнді мұхитын екіге жарып тұр. Солтүстіктен оңтүстікке, батыстан шығысқа тартылған барлық сауда жолдары осы түбек арқылы өтеді. Түбектің батысында Араб теңізінің ар жағында Арабия түбегі, яғни Йемен, Оман, Сауд Арабиясы, Эритрея, Сомали және Джибути елдері орналасқан. Шығысында Бенгал шығанағынан әрі Үндіқытай (Мьянма, Таиланд, Камбоджа, Вьетнам, Лаос) мен Малай архи-пелагы елдері жатыр. Ежелгі арабтар біздің жыл санауымыздан әлдеқайда ілгерірек осы Үнді жері арқылы өтетін сауда жолдарын меңгерген. Маусымдық муссонды желдерді пайдаланып, йемендіктер кемелерімен тез арада оңтүстік Үндістанға табан тіреп, әрі қарай тауарларын Малай елдеріне жеткізіп отырған. Ал, жарты жылдан соң, сол муссонды желдің кері қарай соғуын пайдаланып, өз еліне сәтті оралатын. Исламның келуімен енді Малабар жағалаулары мен Гүджарат айлақтарына мұсылман арабтар келе бастаған. Әйгілі араб саяхатшысы Ибн Баттута Малабар жағалауындағы Құйлон айлағында 5 мешіттің болғандығын жазады.
Үндістанға арабтардың бірінші сәтті әскери экспедициясы омеядтардың халифасы Әл-Уәлидтің (705-715) тұсында жасалды. Дабұл кінәзі Дахир раджа мұсылмандық кемені тұтқынға алып, тонайды. Осының себебінен Ирактан шыққан Мұхаммад ибн Қасым бастаған мұсылман жасағы 708 жылы Үндістанның Дабұл кнәздігіне басып кіреді. Ол үнді әскерін талқандап, Дабұл қаласын басып алады. Содан Үнді өзенінің ортаңғы және төменгі ағысындағы (қазіргі Синд пен Оңтүстік Пенжаб) қалаларды бірінен соң бірін жаулап ала бастады. Тұтқынға түскен үнділер мұсылман болса, азат етілді. Оларды жаулап алушылар өз қатарына қосты. Ислам дініндегі осындай әлеуметтік теңдіктер жергілікті халықтың оны қабылдауына үлкен септігін тигізді. Өз дінінде қалған раджалар, индуистік дінбасылар – брахмандар жизә салығын төлеуге мәжбүр болды.
Хижраның үшінші ғасырында билікті басып алған исмаилиттер Синд жерінде жергілікті халифат құрды. Оларды «қарматтар» деп атады. Қарматтар Дамаск пен Бағдадтың әмірлерін мойындамады. Оларды «дінді бұрмалаушылар» деп танып, пұтқа табынушылардың санатына қосып, олармен аяусыз күрес жүргізді. Тіпті Мұлтан қаласындағы омеядтар қолбасшысы Мұхаммад ибн Қасымның салған мешітін күл-талқан етеді. Билікті қолдарына алып, аумақтарындағы индуистік храмдарды да қиратып, өз сенімдеріне жергілікті халықты күштеп енгізе бастады. Көптеген үнділер еріксіз исмаилиттердің бұзылған сенімін қабылдауға мәжбүр болды. Қармат халифаты түркі қолбасшысы Махмұд Ғазнауидің Үндістанға басып кіруімен қирады.
Махмұд Ғазнауи (998-1030) – Ғазнауидтер мемлекетінің (962-1187) сұлтаны. Өзінің Үндістанға алғашқы жорығын 1001 жылы бастайды. М.Ғазнауидің жасағымен үнділердің Джайпал раджа бастаған әскері Пешавар түбінде кездесіп, үнді әскері тас-талқан болып жеңіледі. Содан кейін М.Ғазнауи Солтүстік және Батыс Үндістанға тағы да 16 рет жорық жүргізді. Нәтижесінде басып алынған жерлердің тұрғылықты халқы Ислам дініне өте бастады.
Ғазнауидтер мемлекетінің құл-дырауы Гүр кнәздігінің күшеюіне әкеп соқты. Түркі қолбасшысы Күтб үд-Дин Айбек гүридтердің бас қаласын Лаһордан Делиге ауыстырып, Дели Сұлтандығын (1206-1526) құрды. Бұл сұлтандық Солтүстік Үндістандағы құрылған алғашқы үлкен мұсылмандық мемлекет еді. Дели Сұлтандығының мемлекеттік тілі – парсы тілі болды.
Осы аумақта мұсылмандар санының өсуіне тағы бір жағдай ықпалын тигізді. Ол – моңғол шапқыншылығы. XIII ғасырдың басында моңғол басқыншылығына тап болған Хорезм патшалығы күйреп, Орта Азиядан он мыңдаған оқымыстылар, қолөнершілер, ақын-жазушылар мен шаруалар осы аймаққа қоныс аудара бастады. Олардың ғалымдары Дели сұлтандарының сарайларында, өзге де ірі қалаларында маңызды қызметтік орындарға ие болды. Сөйтіп, сұлтандықтың мұсылман халқы санымен ғана емес, сапалық деңгейімен де өрге жылжыды. Бұл өз кезегінде Дели сұлтандығының тез өркендеуіне, жергілікті ха-лықтардың салт-дәстүрлерімен қа-баттасып, үнді-мұсылмандық мә-дениеттің қалыптасуына ықпалын тигізді.
XVI ғасырдың басында Дели сұлтандығына 20 000 қолды бас-таған ортаазиялық түркі қолбас-шысы Заһыр әд-Дин Мұхаммад Бабұр баса көктеп кірді. 1504 жылы Бабұр әскері Кабулды басып алады. 1526 жылы Панипат түбінде Дели сұлтандығының әскерін талқандап, келесі жылы үнділік Раджпутан кнәздігін бағындырады. Осылайша Үндістанда Ұлы Моғол патшалығы (1526-1858) құрыла бастайды. Бабұр өзін «падишах» деп жариялады. Үндістанды жаулап алған түркілер Еуропаға «моғолдар» деген атаумен белгілі. Моғолдар билігі кезінде жергілікті үнділерді Исламға күштеп енгізу тоқтатылды. Алайда мұсылмандардың жоғарғы ахлағы, үлгілі мәдениеті, алып келген өркениеті, т.б. көптеген үнділердің өз еркімен Исламға өтуіне ықпалын тигізді. Моғол әскері құрамында түркілер, парсылар, тәжіктер, ауғандықтар және жергілікті үнділерден құралған жауынгерлер болды. Дәл осы кезде шамамен 50-60 мың атты әскері, 800-900 әскери мақсаттағы пілдері, 70 шойыннан құйылған зеңбірегі, 200-300 жеңіл қарулар мен оларды таситын түйелері болған Моғол империясына Орта және Оңтүстік Азиядағы бірде-бір мемлекет әскери қуаты жағынан тең келе алмады. Джахан Шах (1592-1666) басқарған уақытта Ұлы Моғол империясы өзінің шарықтау шыңына жеткен болатын. Алайда Джахан Шахтың билігінен кейін, оның ұлдары арасындағы тақ таласы үшін жүрген қиян-кескі соғыс моғолдар империясының әлсіреуіне әкеліп соқты.
XVII ғасырдың ортасында Үндістан халқының саны жүз миллионнан асты. Үнді қоғамындағы феодалдық быты-раңқылық, қоғамның касталық бөлінуі, индуизм мен Ислам өкілдерінің өзара сенім қырқысы – еуропалық отарлаушыларға «бөліп ал да, билей бер» ұстанымын еркін түрде жүргізіп, сол жергілікті халық билеушілерінің қолымен орасан зор мемлекетті бағындыруына жол ашты.
Еуропалық отарлаушылар – португалдықтар, ағылшындар және француздардың Үндістанға кірген сәтінде Ислам жергілікті халықтың төл дінінің біріне айналған бола-тын. Үндістанның басым бөлігін мұсылман билеушілері басқарып отырды. Бірақ сол билеушілердің, әсіресе Дели мен Аградағы падишахтардың қол астындағы кнәздіктерге ықпалдарының әл-сіреуі шетелдіктер ықпалының артуына мүмкіндік туғызды. Бенгалияның Плесси мекенінің түбінде 1758 жылы 27 маусымда ағылшынның шағын жасағы өзінен әлдеқайда саны басым мүр-шидабадтық әмірші Сырадж уд-Дауланың әскерін жеңіп шығады. Осы оқиғадан тура жүз жыл өткен соң, Үндістанның батысындағы Тар шөлінен шығысындағы Бенгалияға дейін, оңтүстігіндегі Каньякумари мүйісінен солтүстігіндегі Кашмир жеріне дейінгі зор аймақты ағылшындар толық иеленіп алды. Сөйтіп, бұл елде енді үнділер ғана емес, мұсылмандардың өздері де бағынышты халық болып шыға келді. 1847 жылы британдықтар Пенжабты өздеріне бағындырып, Үндістанды отарлауды толық аяқтады. Алайда, басқару үдерісінде ағылшындардың үнділердің дәс-түрлерімен, мұсылмандардың ша-риғи ұстанымдарымен санаспауы түрлі толқулар мен бас көтеру-лерге алып келді. Мұсылмандар барлық мемлекеттік қызметтерден қуылды. 1837 жылы парсы тілі өзінің мемлекеттік мәртебесінен айырылып, оның орнын ағылшын тілі басты.
Отаннан жырақ жерде жүріп әрбір ағылшынды жоғалтқаннан гөрі, жергілікті халықтан құралған жасақты пайдалана отырып, толассыз толқуларды басу – британ билігі үшін аса тиімді көрінді. Сол үшін үнділер мен мұсылмандардан құралған жалдамалы әскер құрыла бастады. Оларды «Сипайлар» (парсының “сипаһи” – сарбаз деген сөзінен) деп атады. Оларға жалақы төленіп, әрбір сарбаз әскери киіммен, тағаммен, жатақпен және қарудың соңғы үлгісімен толық қамтамасыз етілді. Әрине, бұндай жағдайда өмір сүру әрбір кедей үндінің арманы еді. Дегенмен әскерге ауқатты ауыл адамдары мен ұсақ феодалдардың балалары түсіп отырды. Ағылшынның сипайлық күштері «Бенгалдық», «Момбайлық» және «Мадрастық» болып 3 армияға бөлінді. Олардың жалпы саны 311 мың сарбаз еді. Ішіндегі ең ірі күш – бенгалдық армия болды. Бенгалдық сипайлардың саны 139,8 мың адамға жетті. Оларды 26 мың еуропалық сардарлар басқарды. Бенгалдық армия Үндістанның солтүстік батысынан жиналған, басым көпшілігі мұсылмандар еді. Үндістандағы отарлаушыларға қарсы алғашқы және ауқымды көтеріліс осы сипайлардан бастау алды. Көтерілістің басты себебі – сипайларға әкелінген жаңа «Энфилд» мылтығы. Бұл мылтықтың капсюльді құлпы болатын. Мылтықты оқтау үшін алдымен сол капсюльді қағазынан тістеп ашу қажет болды. Ал қағаз болса сиыр яки доңыздың майымен майланған. Доңыз – мұсылмандар үшін лас хайуан болса, сиыр – үнділер үшін қасиетті жануар екені белгілі. Сипайларды саналы түрде сенімдері бір-біріне қарама-қайшы келетін халықтардан жасақтаса да, бұл наразылық мұсылмандар мен үнділердің ағылшындарға қарсы бірігуіне себеп болды. 1857 жылы 29 наурызда 34-ші Бенгал полкінің сарбазы 29 жасар Менгал Панди мылтықты оқтауға қарсы шықты. 6 сәуірде бұйрықты орындамаған Пандиді ағылшындар өлім жазасына кесіп, екі тәуліктен соң дарға асты. 24 сәуірде Делидің солтүстігінде орналасқан Мератх (Мирут) қаласындағы әскери бөлімшеде оқу-жаттығу шаралары өтіп жатады. Бірақ, май жағылған оқ-дәрілерден хабардар болған сипайлар жаңа қаруды сынаудан бас тартады. 90 сипайдың 85-і оқ-дәріні аузымен ашпай қояды. Олардың барлығын британдық басшылар 10 жылға бас бостандығынан айырып, иықтарынан погондарын жұлып, каторгалық жұмысқа айдауға үкім шығарады. Нәтижесінде, Мератх сипайлары жаппай наразылық білдіріп, қарулы көтеріліске шықты. Сипайлардың оқ-дәріге қарсы наразылығынан басталған бұл көтеріліс, кейін отаршыларға қарсы жалпыхалықтық көтеріліске ұласып кетті. Көтерілісшілер Дели, Канпур және Ауда провинциясының астанасы – Лакхнау қалаларын басып алды. Сипайлар Делиде отырған моғолдар династиясының өкілі Бахадұр Шахқа (1775-1862) халықты басқаруға, оны біріктіріп, императорлық билікті қайта құруға шақырды. Сарай маңындағы ақсүйектер осы мүмкіндікті уыстарынан шығарғысы келмей, 82 жастағы қарияның әлжуаздығын пайдалануға тырысып бақты. Бахадұр Шахтың барлық үн-дістандықтарды отан үшін бірігіп, отаршыларға қарсы күресуге шақырған үндеуіне қол қойылды. Бахадұр Шах көтерілісте маңызды рөл атқармағанымен, көтеріліс-шілер оны «Азаттық жолындағы күрестің басшысы», «Үндістанның жоғарғы әміршісі» деп жариялады.
Жергілікті халықтың қолдауына ие болған сипайлар көтерілісі екі жылға созылды. Британдық отар-шыл билік те біріккен халық көтері-лісін тез басу үшін олардың ішіне дінаралық араздықты туғызатын сұрқия тәсілдерді пайдалануға барынша тырысты. Олар ең ал-дымен, радикалды ниеттегі мұ-сылмандарға дем беріп отырды. Бұрын Ұлы Моғол императорлары үнділердің сиырды қасиетті жануар деп санаған сенімдерін ескеріп, Құрбан айт мейрамдарында құр-бандыққа тек қойды шалу тура-лы прокламацияларды жариялап отыратын. Ал ағылшындар болса, 1857 жылы 1 тамызда мұсыл-мандардың құрбан айт мейрамы кезінде алдын ала ойластырылған жоспар бойынша қой атаулының бәрін жоқ етуге тырысып, мұсылмандар тұратын аумақтарға көптеп сиырды толтырады. Қой таба алмаған мұсылмандар қол-дарындағы бар сиырын құрбан-дыққа шалып, жергілікті үнділер-мен қырқысып, мереке күндері қан төгіледі.
Ағылшын тыңшылары жаса-ған осындай сенім негізіндегі алауыздықтар сүнниттер мен шииттер, үнділер мен мұсыл-мандар араларына жік салды. Мұсылмандардан құралған сипай полктарына қарсы ағылшындар пенжабтық сикхтардан құралған жасақтарды салып, көтерілісшілерді аяусыз өлтіріп, жергілікті мұсыл-мандардың жүрегіне сикхтарға де-ген өшпенділікті оятты. Осылайша британ әскерлері көтерілісші-лердің қалаларын бірінен соң бірін асқан айлакерлікпен жаулап ала бастады. 1858 жылы қыркүйек айында ағылшындар Дели қаласын қайтарып алды. Бахадұр Шах тұтқынға алынып, оның екі ұлы мен бір немересі ату жазасына кесіледі. Бахадұр Шах Рангун жеріне айдауға жөнелтіліп, сол жерде Ұлы Моғолдардың соңғы падишахы 1862 жылы дүние салады.
Ағылшындар басып алған аймақтарына өз миссионерлерін де жіберіп отырды. Британдық Ост-Индия компаниясының құрылуы-мен қатар Үндістанға Англикан Шіркеуінің священниктері келе бастады.
Сипайлардың көтерілісі жан-шылғаннан кейін Үндістандағы билік толық Виктория патшайым-ның қолына көшеді. Осы кезде миссионерлердің қызметі бір ретке келтіріліп, христиан ілімін жеткізу және Інжіл хабарын тарату қоғамдары құрылды. Христиандық сауат ашу мектептеріне көптеп кедейлер мен олардың балалары келе бастады. Христиандықты қабылдаған қарапайым халықтың өз билеушілеріне деген кері көзқарастары қалыптаса бастады. Ал бұл құбылыс үнділердің касталық жүйесіне, олардың дәстүрлеріне қатты әсерін тигізе түсті. Қалыптасқан шиеленіс үнділерді миссионерлерге, жалпы отарлаушыларға қарсы ұлт-азаттық ірі толқуларға алып келді. Сөз реті келгенде айта кетсек, қазіргі күні Үндістанда 25 миллиондай христиан үнділер тұрады.
1947 жылы 15 тамызда Үндістан британ билігінен толық тәуелсіз-дігін алды. Алайда, алып мемлекет өзінің діни сипаты бойынша екі доминионға – Үндістан мен Пәкістанға бөлінді. Бұл бөліну үнді-мұсылман қақтығысы нәтижесінде орын алса, одан кейін де екі ел арасындағы алауыздық тоқтаған жоқ. Үндістан мен Пәкістан шекараны межелеу дауы барысында бір-бірімен 1947-1948, 1965 және 1971 жылдары үш рет үлкен соғыс қимылдарын жүргізді. 1947 жылы Пәкістан екі аумақтан тұрды: Пәкістан және Шығыс Бенгалия (қазіргі Бангладеш). Екеуінің де тұрғындарының басым көпшілігі (Пәкістанда 96%, Бангладеште 90%) мұсылмандар. Біреуі Үндістанның шығысында, екіншісі батысында жатқандықтан, екі ел арасын 1600 шақырым қашықтық бөліп тұрды. Сонымен қатар, бұл екі елде этникалық, тілдік, саяси және экономикалық айырмашылықтар да айрықша еді. 1956 жылы Пәкістан билігі Бенгалияның атын Шығыс Пәкістан деп өзгерткен сәтте, бенгалдықтардың автономия үшін ұлт-азаттық қозғалыстары етек алды. Билікті өз қолына алған бенгалдықтар 1971 жылы 16 желтоқсанда әлемде тағы бір тәуелсіз мемлекет – Бангладештің құрылғанын жария етті. Содан бері бенгалдықтар үшін 16 желтоқсан – Жеңіс күні болып табылады.
Бангладеш Халық Республика-сының жер көлемі 144 мың шаршы шақырымды құрайды. Біздің Жамбыл облысының аумағымен (144,2 мың ш.ш.) пара-пар. Қазақстанның бұл облысында 1 миллионнан сәл ғана асатын адам тұрса, Бангладеште 164 миллион халық мекен етеді.
Ал халқының саны 1,2 миллиард адамға жеткен Үндістан мен 190 миллион халқы бар Пәкістан арасындағы текетірес ақыры екеуін ядролық қаруы бар әскери держава дәрежесіне алып келді.
Осылайша күні кеше ғана әлемдегі алып мұсылман елдерінің бірі, білім-ғылым ошағы болған, Ислам діні мемлекеттік дін дәрежесіне дейін жетіп, гүлденген Үндістан үшінші мыңжылдыққа үш бөлінген күйде қадам басты. Ағылшындардың сұрқия саясаты, опасыз отаршылдығының салда-рынан Үндістан әлемдегі ең діни шиеленісі көп әрі Ахмадия секілді аса қауіпті сектаны өмірге әкелген ел атанды. Дегенмен, Пәкістан және Бангладеш секілді мұсылмандық аймақтарынан айырылса да, Үндістан дүниежүзіндегі ең мұсыл-мандары көп мемлекеттердің алдыңғы қатарынан орын алады. Мұнда шамамен 110 миллиондай мұсылман өмір сүреді.
Алдажар Сейітұлы,
«Арын қажы» мешітінің
Бас имамы ,
Боралдай кенті,
Іле ауданы,
Алматы облысы

Пайдаланылған әдебиеттер:
1) Clifford Edmund Bosworth, The new Islamic dynasties: a chronological and genealogical manual, Edition: 2, Published by Edinburgh University Press, 2004, ISBN 0-7 486-2137-7, p.297.
2) Соколов Б.В. «Сто великих войн», “Вече 2000” баспасы, Москва – 2001.
3) K.S. Latourette, A History of the Expansion of Christianity, 7 vols., London, 1940-49.
4) Антонова Г.А., Бонгард-Левин Г.М., Котовский Г.Г. История Индии. М.,1979 г.

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Лампунгтер

300 Өз тіліндегі атауы Оранг, абунг, лампонг Жалпы саны Шамамен 300 000 адам Мекен ететін аумағы Индонезия Тілі Лампунг тілі Діні Мұсылман-сүнниттер Нәсілдік типі Монғолоид       Индонезияның Суматра аралының оңтүстік жағалауын мекендейтін бұл халық өздерінің лампунг тілімен қоса индонезия тілінде де еркін сөйлейді. ХҮ ғасырда Суматраның оңтүстігіне қоныс аударып, […]