ШАНАҚТАН ТӨГІЛГЕН ШЕР

publisher

Патша қаһары Құрманғазыны да от-жалынымен шарпымай кетпеген. Күйші жүрегінен «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем» сияқты көптеген күйлері туған.

Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі Ахмет Жұбановтың «Құрманғазы» атты зерттеу еңбегінде композитор күйлерінің шығу тарихына қатысты аңыздар жазылған. Осы орайда оқырман назарына Құрманғазы Сағырбайұлының (1806-1879) «Кісен ашқан» күйінің шығу тарихын ұсынамыз. 

Перовскийдің бұйрығы тезімен орындалмай, Құрманғазы түрмеде жата береді. Қараңғы қапаста сансыз күндерін өткізіп жатқан Құрманғазы амалдың жоқтығын біліп, қалай да қашуға әрекет жасайды. Айсыз қараңғы бір түнде қара жұмысқа жегіліп келе жатып, аяғы ауырып, тіпті жүргізбеген болып Құрманғазы тұтқындар тобынан кейін қала береді. Сол сәтте қапысын тауып, конвойдың біреуін қағып түсіріп, қаша жөнеледі. Қараңғыда күйшінің ізін жоғалтып алған конвойлар түрмеге Құрманғазысыз қайтады.

Оның алдында күндіз жұмыс үстінде Құрманғазы түрмедегі серігі Лавочкиннің шешесі берген кішкене болат араны ұлтарағының астынан суырып, кісеннің бір жағын кесіп, жай орнына байлап қойған болатын. Қашарда бір жағын қолына алып адымдай жөнеледі. Қаладан алысырақ бір сарайға барып, кісеннің екінші басын да кесіп, сол араға лақтырып тастайды. Біреулердің айтуынша, Құрманғазы қашар тұста кісенді жұлып аламын дегенде өзінің өкшесінің бірін жұлып алады да, қансырап қаша береді. Ол күні қалың шөптің арасынан ешқайда шықпайды. Кісен қиған жерлерін көйлек-дамбалынан жыртып алып таңып тастайды. Кеш бата Құрманғазы Жайықтың бойын төмен қуа жүре береді. Таң ата бір ауыл шетіндегі малшының үйіне келіп, өзінің жағдайын айтады. Үй иелері Құрманғазыны тамақтандырып, басқалардың көздерінен тасалап, тыным алдырады. Жарасына сормақта тартып, жақсылап байлап береді. Аз уақыт тыныққан соң, Құрманғазы домбыра алдырып, бірнеше күй тартады. Ең соңғы күйінде қайғының үні шығады. Айналасындағыларға бұл күйдің атын «Кісен ашқан» екенін айтады.

Оқырманға түсінікті болуы үшін Лавочкиннің шешесі берген ара туралы айта кетелік. Ол туралы Ахмет Жұбановтың зерттеу еңбегі негізінде шыққан «Құрманғазы күйлері қалай шыққан?» (Алматы, «Өнер» баспасы, 1993 жыл) кітабындағы «Түрмеден қашқан» оқиғасында баяндалады.

Кітапта: «Құрманғазы Орал түрмесінде жатып қалады. Бір күні қысқы серуен кезінде Лавочкин деген орыс тұтқынымен танысады. Ол «ақ патшаға тіл тигізгені үшін» қамалған орыс жұмыскері болып шығады. Өзі қазақ арасында көп болып, қазақша судай білетін. Бірде түрме қарақшыларының бірі Лавочкинге оның шешесі келгенін хабарлайды. Ол түрме бастықтары ұлықсат еткен бөлмеге барып, шешесімен көріседі. Шешесі пісіріп алып келген тамақтарын надзирательдің көзінше баласына береді. Бір нанның ішінде болат ара барын ыммен білдіреді. Шешесі қоштасып кеткесін, Лавочкин тамақтарды камераға алып келіп, болған жайды Құрманғазыға баяндайды. Екеуі қашу жоспарын жасап, ол ойларын өздеріне іштартып жүрген (Құрманғазыға домбыра әкеліп берген) надзирательге білдіреді. Ол бұларға жәрдемдесуге уәде береді», – деп жазылған.

«Сайдың бойына келіп кісенімді алып отырғанымда, жараның аузы ашылып, түні бойы ауырып ұйқы бермеді. Жүруге де мүмкіншілік болмады. Сол бір сәтте осы күй басыма келіп еді», – дейді Құрманғазы.

«Кісен ашқан» күйінің шығу тарихы, міне, осындай.

Жалынды ақын Жұбан Молдағалиев Құрманғазының бұл күйі туралы:

«Кісен ашқан» – күйдің аты,

Күй иесі – Құрманғазы.

«Кісен ашқан» – сыйдың аты,

Сый иесі – Құрманғазы, – деп күйші тағдырын жырға қосқан.

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің «Күй кітабы» атты жыр кітабы 1967 жылы жарық көрген. Сол кітапта шығармалардың бір парасы «Құрманғазы-Қайран шешем», «Құрманғазы-Түрмеден қашқан» деп аталады.

«Құрманғазы – «Түрмеден қашқан» атты толғауында:

«Күйші қашты түрмеден, 
Қорыққаннан емес қой. 
Айдын-құмға сіңіп кетті бір дене – 
торыққаннан емес қой.

Күйші қашты түрмеден, 
сыңғырынан бұғаудың; 
жыңғылына даланың», –
деп дәлме-дәл суреттейтін жыр жолдары бар.

Ақын күйшінің атынан «Туып едім далада – өсіп келем түрмеде» деп ен даланың еркін ұлының басына түскен қайғылы хәлді жыр тілімен осылай жеткізеді.

Бұлардан бөлек Құрманғазының «Қайран шешем» деген күйі бар. Шабармандар Құрманғазыны арбаға байлап, енді жүргелі жатқанда шешесі Ақбаланы көреді. Аялап өсірген шешесіне əлі күнге дейін еш жақсылық жасай алмай кетіп бара жатқанына өкініп, жанын мұңға батырып, жүрегін ауыртып, шешесінің көз алдында айдалып бара жатқанын ойлап, жаны жабырқап, көзіне жас келеді. «Мен ұл таптым ба деп жүрсем, жаман, жасық немені туған екем ғой. Кімнің алдында көзіңнен жас шығарып тұрсың?!» деп жағына шапалақпен тартып жібереді. Құрманғазы өзінің қарсы келген қайғыға әлсіздік танытқанын түсінеді. Содан Орал түрмесінде жатқанда осының бəрін ойлап, шешесіне арнап «Қайран шешем» атты күйін шығарады. Күй оның қапастағы халін баяндағандай баяу басталады да, бірте-бірте əсерленіп, шабыттана, жігерлене төгіледі.

Ж. Нәжімеденов Құрманғазының «Ертең кетем» күйіндегі өзекті ойды күйшінің монологы ретінде:

«Кетем, кетем, ар-үнім шын 
Солай дейді – көну керек. 
Мынау торда қалу үшін 
тым есуас болу керек»,
– деп мұндай мазаққа көнбейтінін бір ауыз сөзбен жеткізген.

Енді «Қош аман бол!» күйіне келейік. Құрманғазы қапылыста ұсталып, Орал түрмесіне жөнелтілейін деп тұрғанда «Қайтып көріскенше қош аман болыңдар, халқым» деп, «Қош аман бол!» күйін тартыпты. 

Осылайша 1818 жылы Бөкей хандығында (Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жерде) дүниеге келген Құрманғазы тағдыр тәлкегіне ұшырап, Астрахан облысының «Шайтани батага» деген жерінде 1889 жылы дүние салады.

Айта кетейік, Құрманғазы отырған «Қырықтұрба» деп аталатын сол түрме Орал қаласында әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

ТҮЙЕМОЙНАҚТАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ

477 Облысымыздың бас имамы Бахытбек қажы Нұрғабылұлы Денисов ауданында іссапармен болды. Оны аудан аудан әкімі Бахыт Мирасұлы қабылдап, маңызды мәселе жайлы әңгімелесті. Содан кейін аудандық «Әлем» мәдениет үйінде өткізілген Мәуліт мерекесіне қатысты. Онда облыстық мешіттің наиб имамы Әлішер Ертайұлы құран оқып, Бас имам Бахытбек қажы Нұрғабылұлы тағылымды уағыз-насихат айтты. Онан […]