«Қызтеке ме? Оның несі бар екен?..»

publisher

Осы біз кімбіз?
«Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы», «Мал сақтама, ар сақта» деген қазақтың ұрпағымыз ба, әлде…
Қазіргі күні қоғамда «өнер» деген желеумен не істелмей жатыр? Әйелдерімізді еркектерге ұқсатып біттік. Ендігі кезек еркектерге келген тәрізді. Еркектеріміз әйел киімін киіп сахна төрінде де «өнер» көрсетіп жүрген жоқ па? Қалаларымызда қызтеке-лердің ордалары ресми түрде жұмыс істеп жатыр. Осының бәрін көре тұрып «әй, енді қызтекелердің некелесуіне рұқсат беру қалды-ау» деген ойға барасың. Әрі осы қарқынмен кете берсе, осылай болмасына кім кепіл?
90-жылдардың басында еліміз тәуелсіздік ағаннан бастап қазақ қыздары тән сатуға кірісті. Бүгінгі күні қойдан момын қазақтың сүйегі оған да үйренген тәрізді. Себебі, үндемейді. Ол ол ма? Балалығы басылмаған көкелеріміздің аузынан «сауна» деген ұран түспейді. Дәл сол көкелеріміз өзімен көңілдес болуын қалаған жас бойжеткендерді біреудің емес, қазақтың қызы, қазақтың ар-намысы екенін түсінсе еді…
Ендігі кезек жігіттерімізге келіп жеткен сияқты. Қазіргі күні сахнадағы қатын кейпінде шыққан жігіттеріміздің «шебер» ойындарына біреулер тамсана қарап «әй, мынау өз образын тауыпты» деп жатады. Тапса тапқан болар. Алайда сол образ «қазақ жігіті» деген ұғыммен қаншалықты үйлесімді?!
Негізінде театр мен сахнаның мақсаты – көрерменге рухани тыныс алдыру, оның тәні мен жанын шаттандыру емес пе? Сонымен қатар театр мен сахна өсіп келе жатқан буынды тәрбиелеу, соның ішінде отансүйгіштік пен ұлтшылдыққа тәрбиелеу құралы екені айтпаса да түсінікті. Ал тәрбие мен тәлімнен жұрдай, арасында қызтекелікті дәріптейтін арзан күлкіге құрылған көріністер жастарымызды неге тәрбиелемек?
«Образға кіріп» араққұмар, жүргіш, өсекші, ұятсыз «қазақ қызының» бейнесін қасиетті сахнадан көрсету «қызда қасиет, кие бар» деген қазақты қорлау емес пе?
Ислам діні өмірге келгелі 14 ғасырдан асты. Құдайға шүкір, соның 12 ғасыры (VІІІ ғасырдан бастап) қазақтың несібесінде. «Ата-бабамыз мұсылман болған» деп жатамыз. Ол рас та! Ал енді сол бабаларымызға ұрпағы не істеп жүргенін жер жеткізбесін!
Көз алдыңызға «қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» деген сөзді ұран еткен жауынгер, батыр бабаларымызбен жүздесуіңізді елестетіп көріңіз! «Сіздердің ұрпақтарыңыз қызтеке болып жүр. Оған қоса ұрпақтарыңыздың ішінде «өз образын тауып» қатын кейпін келтіру ісінде алдына жан салмайтындар да баршылық» десеңіз, сол бабаларымыз не дер еді? «Әй, жап аузыңды! Сандырақтама! О заман да бұл заман, қазақтың жігіттері қашан қатынға ұқсапты?», – дері сөзсіз.
Дегенмен, естігеніне сенбегенімен, «образын тапқан» жігіттерді өз көзімен көргенде не болатыны бір Хақ Тағалаға аян.
Шіркін-ай! Кезінде үлкендеріміздің «қатынға ұқсамай еркек бол» немесе «еркек бола алмасаң, қатынның киімін киіп ал» деген тәрбиесі қайда? Өзіміз бала шағымызда «қатын» деген атаққа қалмауға тырысатын едік-ау.
Қытай мен Жапонияда жетім немесе тұтқынға түскен құлдың балаларын таңдап әйелдекке тәрбиелеген. Соның ішінде сахна өнері де болған. Міне, дәл солар сахнада «әйел», ал түнде…
«Әке көрген оқ жонар» дейді дана қазақ. Әкесін «қатын» бейнесінде көрген бала ержеткенде «қатын» бейнесінен жеркенбеуі сөзсіз. Ал мұның соңы қызтекелердің үйлену тойымен тәмамдалады. Келіспейсіз бе? «Дамыған» Еуропа мен Америкада сол болып жатқан жоқ па?
Заманауи қоғамның дерті баршылық. Соның бірі – кез келген қылыққа ақтау табу. «Қазір заман басқа. Біз зайырлы мемлекетпіз. Енді әр нәрсеге басқа қырынан қарайтын кез келді. Бұл – өнер», – дейді «даналар». Тағысы тағы бар. Дегенмен, Жаратушы Иенің назарында жалған жалған, ал күнә күнә болып қала бермек. Соның ішінде ер адам өзін қатынға және әйелдің өз-өзін еркекке ұқсатуы он жерден «өнер» деп танытылсын, бәрібір ақыретте күнә болып есепке алынады.
Имам Бұхари Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзiн әйелдерге ұқсатқан еркек пен өзiн еркекке ұқсатқан әйелді лағынеттеген.
Бұл хадис сыртқы пішінінде өзiн қарама-қарсы жыныстағыларға ұқсатқысы келетiндерге қатысты айтылған.
Әр буынның тарихтан алатын орны әрі қызметі болары сөзсіз. Біз де сол буынның біріміз. Алайда, бірі қызтеке, бірі өнер деген сылтаумен қатынның бейнесін айнытпай салып жатса, онда бұл буынның тарихта алатын орны мен қызметі не болмақ?
Қазақ қыздары жезөкшелікті кәсіп ету мәселесін айта-айта шаршағанымыздай, кейбір қазақтың (оларды «қазақ» деудің өзі де біртүрлі екен) қызтекелігіне қатысты: «Қызтеке ме? Оның несі бар екен…?», – деп жүрмейік ертең…
Абдуссамад Махат,
Астана қаласы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

ҚМДБ жаңалықтары

474 Бас мүфти ардагерлер үйінде шырша отырғызды  12 қазан күні Қазақстан мұсылмандары діни басқар-масының ұйымдастыруымен Алматы қалалық ардагерлер үйінде сенбілік өтті. Игі іс-шараға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, жасыл шырша көшетін отырғызды. «Ағаш егіп, қоршаған ортаны көгалдандыру – дініміз Исламда үлкен сауапқа кенелтетін істің бірі. Шараның басты […]