ҚҰРАНДАҒЫ РАМАЗАН

publisher

Қасиетті Рамазан айына қатысты Құран Кәрімде бес аят бар. Олар «Бақара» сүресінің 183-187-аяттары. Бұл аяттарда оразаның жай-жапсары толық қамтыла баяндалған. Ендеше, осы бес аяттың әрбіріне жекелей тоқталып, талдап түсіндіріп көрелік.
Алла тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында былай дейді:
«Ей, иман келтіргендер! Бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де тақуа болуларың үшін (күнәдан сақтануларың үшін) ораза парыз етілді».
Жалпы, ораза Ислам дінінің келуімен жаңадан пайда болған ғибадат емес, ежелгі дәуірден бері барлық діндерде бар құлшылық түрі екенін осы аят бізге ап-ашық баяндап тұр.
Бұл аятта ораза «сиям» деген сөзбен келіп, «өзін тыю» деген мағынаны білдіруде. Шариғи терминде «таң атқаннан күн толық ұясына батқанға дейін ішіп-жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу» деген сөз.
Адам – тән мен рухтан жаратылған. Тәннің материалдық нәрселерге қажеттілігі болғаны секілді рухтың да кемелдену үшін өз қажеттіліктері бар. Адамның рухани жан-дүниесін кемелдендіріп, ой-санасын та-залап, нәпсілік қалауларын тіз-гіндеуге және Жаратушымен байланысын арттыруға жол аша-тын амал – құлшылық. Ораза ұстау – осындай құлшылықтың бірі. Осы тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әр нәрсенің бір зекеті бар. Тәннің зекеті – ораза. Ал ораза – сабырдың жартысы», – дейді. Тағам атаулы тәнді азықтандырса, ораза рухты кемелдендіре түседі. Ас-сусыз өмір сүру қандай қиын болса, рухани тұрғыдан ораза ұстамай өмір сүру де соншалықты ауыр нәрсе. Сондықтан, адам-ның рухани дүниесін жетілдіруді мақсат еткен ораза барша дін-дерде маңызды рөл атқарады. Демек, Алла тағала тарапынан парыз етілген ораза ғибадаты – дініміздің діңгегі әрі адам баласын тақуалыққа жетелейтін ұлы жол.
Мейірімді Алла «Бақара» сүресінің келесі 184-аятында:
«(Ораза ұстау) Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа (Рамазан айынан кейінгі) күндерде өтесін. Және ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын (пидия) берсін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Біле-білсеңдер ораза ұстауларың өздерің үшін жақсы», – дейді.
Жылына бір айналып соғатын парыз ораза санаулы күндерден тұрады. Оразаның өзіне тән қиыншылығы мен машақаты бар. Сондықтан Алла тағала сырқат және сапарға шыққан адамға қиындық үстіне қиындық болмасын деген ниетпен жеңілдік жасап: «Сонда (яғни Рамазан айында) сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін», – дейді. Демек, сырқат кісі ауруынан айыққан соң, жолаушы сапардан оралғаннан кейін Рамазан айында ұстай алмай қалған күндерін кез келген айда өтеуіне болады. Ислам ғалымдары сырқат үкімінің қатарына жүкті, етеккірі келген әйел мен емізулі аналарды да қосады. Етеккірі келген әйел Рамазан айында тұта алмай қалған күндерін басқа айда қазасын өтеп, оразасын ұстайды. Ал, жүкті әйел босанғаннан кейін, емізулі ана баласын емшектен шығарғаннан соң қазасын өтейді.
Аяттың жалғасында: «Және ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын (пидия) берсін», – делінген. Демек, бұл аят ұзақ ғұмыр жасап, қарттықтың салдарынан ораза ұстауға шамасы жетпейтін әлжуаз қариялардың үкімін баяндайды. Ондай кісілер әрбір қаза оразасының орнына Рамазан айында аш құрсақ жандарға бір кісінің қарны тоярлық тамақ береді. Мұны шариғат тілінде «пидия» деп атайды. Сондай-ақ, ғалымдар айықпас дерті бар жандарды әлжуаз қарттардың тобына қосқан. Олар ораза қазасын өтей алмасы анық. Өйткені, уақытылы тамақтануына және емделуіне көңіл бөлуілері керек.
Пидия – ораза ұстай алмаған әрбір күн үшін орындалуы тиіс бір жауапкершілік. Бұл қажеттіліктің қалай қамтамасыз етілуі қауымның мәдениеті және экономикалық шарт-жағдайына қарай өзгеруі мүмкін. Кейде дін қызметкерлерімен байланысты ресми орындар пидия үшін әр Рамазан айында белгілі бір өлшем белгілейді. Белгіленген өлшемнің көбі ең төменгі деңгейдегі өлшем болуы мүмкін. Пидияны жүзеге асыру адамның өз мүм-кіншіліктеріне және ең маңыз-дысы адамдық қасиеттеріне байланысты. Аталмыш аяттың жалғасында пидия өлшемін белгіленген мөлшерден тыс ерік-қалауымен артығырақ қайырымдылық жасаудың Алла құзырында өте маңызды екенін былайша баяндайды: «Кім өз қалауымен қайырлы іс қылса, ол өзіне жақсы». «Көбірек сауапты амал жасасам» деген ниетпен тағамның арзанынан емес, қымбатын (сапалысын) немесе бір кісіні емес, бірнеше кісіні тамақтандыру әрбір адам-ның өзі үшін жақсы.
«Бақара» сүресінің 184-аяты: «Біле-білсеңдер ораза ұстағандарың өздерің үшін жақсы», – деп аяқталады.
Ораза ішіп-жеуден және жыныстық сезімге берілуден сақтануға шақырады. Нәпсі – адамның ішкі жан дүниесі мен рухына азық болатын нәрселер-ден гөрі тәнге азық болар нәрселерге көбірек үгіттейді. Сондықтан, отыз күн ораза нәпсіні тізгіндеуге сеп болмақ. Ал, нәпсінің тізгінін қолда ұстау өзіміз үшін жақсы.
«Бақара» сүресінің 185-аятында:
«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндер-де санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды (қо-лайлық қалайды, қиындық қаламайды). Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін (ораза күнінің) санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар», – делінеді. Бұл аят өзінен бұрынғы: «(Ораза ұстау) Санаулы-ақ күндерде», – деген 184-аяттың жалғасы. Осы аятта «Санаулы күндер қай күндер?», – деген сауалға жауап берілген. Әрине, ол санаулы уақыт – Рамазан айының күндері.
«Рамазан адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсі-ріле бастаған ай», – дейді жоға-рыдағы аят. Демек, адамдар үшiн жолбасшы, тура жолды түсiндiрiп, ақ пен қараны, сауап пен күнәні, ақиқат пен жалғанды, жақсы мен жаманды айырушы, жаман қылықтан сақтандырушы қасиеттi Құран Кәрім түскен ай осы Рамазан. Олай болса, Рамазан «Құран айы» деп те аталады.
Барша мұсылман Рамазан айында қасиетті Құранды басқа уақыттарға қарағанда көбірек оқиды. Осы айда Құранды бастан-аяқ хатым ету – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Сондықтан Рамазан айында мешіттерде тарауық намазы оқылып, онда Құран хатым түсіріледі.
Рамазан айында ораза ұстау арқылы адамдардың бір-бірімен аралас-құраластығы артады. Барша мұсылманның бір уақытта ауыз бекітіп, ауызашар уақытын бірге күтуі, сәресіге тұрып, тарауық намазын жамағатпен оқуы, Қадір түнін қарсы алып, айт мерекесін бірге атап өтуі өзара бауырластығын нығайтып, шынайы сүйіспеншілігін арт-тырады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай деген: «Бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне жан ашуда, бір-бірлеріне мейірімділік таныту тұрғысында мүміндер тұтас бір ағза секілді. Дененің бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері қосыла сыздайды». Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) терең мағыналы бұл хадисі мүміндердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоғамдағы бірлік пен татулықтың арта түсуіне үлес қосатындығының бірден-бір дәлелі болса керек.
Отбасы мүшелерінің түгел-дей дастархан басында ауыз-ашар уақытын күтуі арадағы бауырмашылдықты нығайтары сөзсіз. Ислам дінінің отбасы мүшелерін ауызашар уағында бір дастархан басына жинауының негізгі сыры осы болса керек. Ауызашар уақытын күту отбасы мүшелерімен бірге ағайын-туыс пен дос-жарандардың арасындағы сүйіспеншілікті, бауырластықты арттырады.
Аяттың жалғасында: «Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды (қолайлық қалайды, қиындық қаламайды)», – делінген. Дініміз адам денсаулығына да аса мән береді. Ғибадаттарды орындау үшін денсаулықтың жақсы болуы керек. Құлшылық жасаймын деп денсаулығын қауіп-қатерге тігуді дініміз қаламайды. Сапарға шыққан жолаушының ораза ұстамауына да болады. Сапардан оралғаннан кейін қазасын ұстап, қарыздарын өтейді.
Рахман Ие жер бетін сан мыңдаған нығметтерге толтырып, оны өзі сүйіп жаратқан адам баласының игілігіне ұсынды. Жылдың төрт мезгілінде Алланың нығметке толы дастарханы үнемі пенде үшін жайылуда. Өкініштісі, адамзат осыншама көл-көсір нығметтің қадірін білмей жатады. Ал ораза тұтқан адам осы сансыз нығметтердің қадірін бағалап, шынайы түрде шүкіршілік етушіге айналады.
Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі, бес парыздың бірі. Рамазан айында ораза ұстамау – күнә. Оразаға аман-есен жеткен, дені сау, өзін мұсылман санаған адамның ауыз бекітпеуі үлкен айып. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Рамазан айында бір күн әдейі парыз болған оразаны ұстамаған адам өмір бойы ораза ұстап өтсе де, сол ұстамаған күнінің орнын толтыра алмайды», – дейді. Сондықтан Алланың әмірін өз уақытында орындау үлкен сауаптарға кенелтеді.
«Бақара» сүресінің 186-аятында Алла тағала былай дейді:
«(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине (сонда) тура жол тапқан болар еді».
Жалпы аятта ораза туралы емес, дұға қылу жайында баяндалады. Алайда оразаға қатысты түскен бес аяттың ортасында тұр. Мұны ғұламалар ораза ұстап жүрген адам үнемі дұғада болу керек деп тұжырымдайды. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с): «Үш адамның дұғасын Алла тағала кері қайтармайды. Яғни, үш кісінің тілегі Алла құзырында қабыл: ата-ананың перзенті үшін жасаған тілек-дұғасы; ораза ұстаған адамның тілегі; жолаушының тілегі», – дейді.
Оразаға қатысты «Бақара» сүресінің 187-аятында: «Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңмен жыныстық қатынаста болу халал етілді. Өйткені бір-біріңді қорғауда олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер… Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айырылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де, соңсоң оразаны кешке дейін толық орындаңдар. Мешіттерде (ғибадат етіп) иғтикафта болған кеште әйелдеріңе жыныстық жақтан жақындаспаңдар. Бұлар Алланың шегі, оған жақындамаңдар. Міне, Алла тақуа болуларың үшін адамдарға аяттарын баян етеді», – деген.

Ораза тек ішіп-жеуден аулақ тұру ғана емес. Оразада жыныстық қатынасқа да тыйым салған. Бұл аят оразаға тән басқа да бірқатар түсініктерді баяндаған. Соның бірі – пайғамбарымыздың өте көңіл бөлген «сахур», яғни сәресі уағы. Сәресі ішудің сауап уақыты ауыз бекітудің соңғы сәті – таң намазына таяп апару. Ал, ауыз ашудың сауапты кезі – күн көзі толық ұясына батуы. Сәресі мезгілінде ас ішу – әрі денсаулығымызды қорғау, әрі пайғамбарымыздың сүннетін орындау тұрғысынан өте маңызды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресіне тұрыңдар, сәресінде берекет бар», – деп бұйырған. Бұл әрі түннің өзіне тән берекетінен пайдалану, әрі күн бойы ұстайтын оразаның қиындығын жеңу үшін қажетті болып саналады. Рамазан айы күндіз әрі түнде ғибадат ету үшін оңтайлы.
Ораза ұстағандарға ауызашар берудің сауабы мол әрі ол мұсылман баласына тән қонақ күту ғұрпы. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ораза ұстаған кісіге ауыз аштырғанға ораза ұстаған кісінің сауабындай сауап жазылады. Бұдан ораза ұстаған кісінің сауабы кемімейді», – дейді. Аузы берік адамға бір құрма немесе бір кесе су тәрізді азық беру де ауыз аштырудың сауабына кенелтеді. Әсілі ауызашар беруді үлкен игілікті іс деп білген жөн. Хадистерде ауызашарға келген кісі дастархан басында отырған кезде үй иесіне періштелердің дұға ететіндігі айтылған. Бір хадисте былай делінген: «Қияметте Алла тағала кей адамдардан: «Маған неге тамақ жегізбедің?», – деп сұрайды. Әлгі адам: «Сен барлық әлемдердің Иесісің ғой, мен саған қалайша тамақ бермекпін?», – дейді. Сонда Алла тағала: «Қарны аш бауырыңа тамақ бермедің. Егер оған тамақ бергеніңде маған тамақ жегізгендей сауап алар едің», – дейді». Сонымен қатар, жұмақта басқаларға тамақ жегізгендерге және ел тегіс шырт ұйқыда жатқанда тұрып намаз оқығандар үшін арнайы берілетін керемет сарайлардың болатындығы да риуяттарда кездеседі.
Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Саад ибн Убадәның жанына келгенде, ол Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір тілім нан мен зәйтүн ұсынды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ауыз тиіп болып: «Дастарханыңыздан ораза ұстағандар дәм татсын. Астарыңызды ізгі кісілер жеп, періштелер сіздерге дұға етсін», – деп дұға тілеген.
Иә, Рамазан айының адам баласына берер пайдасын бір мақалада айтып немесе жазып біту әсте мүмкін емес. Алайда, білмегенімізді толықтырып, білге-німізбен осы айда көбірек амал ету қажет екенін әр сәт ескергеніміз жөн.

ТАРАУЫҚ НАМАЗЫ

Тарауық намазы – мүбарак Рамазан айының ең көзге көрінген маңызды ғибадаттарының бірі. Тарауық – «тынығу», «демалу», «рахаттану» деген мағыналарды білдіреді. Ол Рамазан айына ғана тән құлшылық. Құптан намазынан кейін оқылатын жиырма рәкағат намаздың атауы.
Тарауық намазында қасиетті Құранды толыққанды жатқа білетін хафиз, қари ер кісі имамдыққа өтеді. Ал, жамағат тік тұрып, қаридың оқыған аяттарына құлақ қойып, зер сала тыңдайды. Тарауық намазында Құранды хатым еткенде әр күні бір парадан (жүзден) оқу – ең құпталған түрі.
Құран отыз парадан (бөлім) тұрады. Рамазан айы да отыз күн. Құранның бір парасы жиырма беттен, Рамазан айындағы оқылатын тарауық намазы да жиырма рәкағаттан тұрады. Демек, Құран мен Рамазан бір-біріне сәйкестігімен ұштасуда. Тарауық намазының бір рәкағаты Құранның бір бетін толық оқумен сәйкеспек. Жиырма рәкағат намазда Құранның бір парасы толығымен оқылады.
Тарауық намазын мешітте жамағатпен оқу абзал. Аталмыш намаздың үкімі сүннет муәккада (бекітілген сүннет) саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше хадисінде: «Кімде-кім сауабын Алладан күтіп Рамазан намазын (тарауықты) шын көңілмен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»; «Алла Рамазан айында ораза ұстауды парыз қылды. Мен сендерге Рамазанның кештерінде намаз оқуды (тарауықты) сүннет қылдым. Кім Алла тағалаға шын көңілмен иман келтіріп, қарымын тек Алладан ғана күтіп ораза ұстап, намаз (тарауықты) оқыса, анасынан жаңа туғандай күнәлары кешіріледі», – деп барша үмметін тарауық намазын оқуға ынталандырған.
Бұхаридің «Сахих» кітабында келтірілген мына бір хадисте Ибн Шиһабтан, ол Уруа ибн әз-Зубәйрден, ал ол Абдур-рахман ибн Абдилқаридің былай дегенін риуаят етеді: «Мен Рамазанның бір кешінде Омар ибн әл-Хаттабпен бірге мешітке бардым. Қарасақ, адамдар бөлініп алған. Бір кісі жеке өзі намаз оқыса, енді бірі көпшілікпен намаз оқуда. Омар (р.а.): «Мен осыларды бір имамның артына жинасам, өте дұрыс болар еді деп ойлаймын», – деді. Сосын нақты шешім қабылдап, оларды (Құранды толық жатқа оқитын) Убай ибн Кағбтың артына (оған ұюлары үшін) жинап берді. Осыдан кейін онымен бірге басқа бір түнде шықтым. Адамдар өз қариларына (имамдарына) ұйып намаз оқып жатты. (Бұны көрген) Омар (р.а.): «Бұл қандай жақсы бидғат!..», – деді» (Бұхари). Сахаба Омардың (р.а.) «Бұл қандай жақсы бидғат?!», – деуі – бидғаттың жақсы-жаманға бөлінетіндігінің нақ дәлелі.
Мұсылман баласы бидғаттың жаман түрінен әрқашан аулақ болуы керек. Ал, тарауық намазы секілді жақсы бидғатқа сахабалардан бастап барлық мұсылмандар бейім келген. Мұны біз де ұстануға тиіспіз. Ислам үмбетінің бірлігін қалыптастыру ниетімен тарауық намазын мешіт ішінде жамағатпен оқуды әмір еткен хазреті Омар (р.а.) болатын. Сахабалардың ешқайсысы хазреті Омардың бұл ісіне қарсылық көрсетпеуі оның мұны Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) үйренген амал екенін көрсетеді.
Тарауық намазы ханафи, шафиғи, ханбали мәзһабтары бойынша жиырма рәкағат. Ол алғашқы кезеңнен бері осылай өтеліп келеді. Ибн Аббастан жеткен хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тарауық намазын жиырма рәкағат қылып оқығаны жөнінде риуаят бар. Сахабалар да осыны негізе алып жиырма рәкағат етіп оқыған. Қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларындағы қос мешітте тарауық намазы қанша ғасырлардан бері жиырма рәкағат болып оқылуда. Міне, осыны негіз еткен Ислам әлеміндегі барлық мешіттер ғасырлар бойы бұл намазды жиырма рәкағат етіп оқудан жаңылған емес.
Тарауық рәкағаттарының саны хақында өзге де риуаяттар болғанымен, орындалуға келгенде осы жиырма рәкағат деген үкім басымырақ. Дәстүрлі ханафи мәзһабын ұстанып, ежелден тарауықты жиырма рәкағат етіп оқып келген елімізде бұл намазды сегіз рәкағат қана оқып, жамағаттан бөлініп кетіп жататын кейбір жастарымыздың ынтымақты кейінге, бөлінуді алға қоюы мұсылман арасында берекесіздіктен басқа ештеңе тудырмасы анық. Себебі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымы ханафи мәзһабы екені белгілі. Сол үшін бізге еліміздің ішкі татулығы мен жамағаттың өзара ынтымағы керек.

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

KazMessage – қазақ баласы ойлап тапқан жаңа қосымша

539 Атыраулық оқушы Эльдар Құрмашев жаңа KazMessage мобильді қосымшасын іске қосты. WhatsApp әлеуметтік желісінің баламасы саналатын бұл бағдарлама смартфондарға арналған Android операциялық жүйесінде қолданылады. Жаңа жобаның ерекшелігі, ол телефондағы мәліметтердің өзгенің қолдануына мүмкіндік бермейді. Жас өнертапқыш Эльдар Құрмашев қаладағы Ә. Жангелдин атындағы орта мектептің оқушысы. Ол тынымсыз ойдың нәтижесінде ойлап […]