Қазығұрт жері көк күмбезбен толықты

publisher

Қазақта «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Оны әркім әрқалай түсінеді. Осынау нақыл сөздің байыбына барып, халқына қажетті, сауабы мол жұмыс жасаған ел азаматының бірі – Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауыл әкімдігіне қарасты Алтынтөбе елді-мекенінің тұрғыны, мұғалім, кәсіпкер Сәдібек Төлтебаев.
Текті ұрпақтың жалғасы, өз кезінде жақсылығымен аты шыққан Қазтай ақсақалдың перзенті ылғи сауабы мол істердің ортасынан табылады. Үнемі тұрмысы нашар отбасыларға қол ұшын беріп жүретін азамат, қазақ тарихына да салғырт қараған емес. Қазақ тайпасының тарихы туралы зерттеулерге, кітап шығаруға да назар аударған. Санай берсең таусылмас осындай ізгілікті істердің ұйытқысы бола білген Сәдібек Қазтайұлы тағы да бір шарапаты мол істі жүзеге асырды. Ол өз қаржысына өзі тұратын ауылда халықтың алғысына бөленіп, қазыналы қарттардың батасын алып, бір мезгілде 300 адам Аллаға құлшылық жасай алатын Байсүгір баба мешітін салдырды.
Ел игілігіне берілген бұл ғимараттың қабырғаларын көтеру үшін Хорезм шаһарынан арнайы кірпіштер алынған болатын. Мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров, Алматыдағы «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президенті, академик Х. Ғабжалилов, жазушылар М. Байғұт, Ж. Боранбай, Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы М. Момынов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары С. Тұрсынқұлов, еңбек ардагері М. Ілиясов сынды ел азаматтары қатысты. Олар өз ризашылықтарын білдіре отырып, адамға имандылық қасиеттерді дарытуға септігі тиетін мешіттің пайдалануға берілуімен жергілікті тұрғындарды құттықтап, оны өз қаржысына салған Сәдібек Төлтебаевтың игілікті ниетін көпке үлгі етті.
Алланың жердегі үйінің тұсаукесерінен соң, Алтынтөбе елді-мекенінің күллі тұрғындарына, көрші ауылдардан келген қонақтарға ас берілді. Ауыл тұрғындары дән риза. Бұрынғы 100 адам әрең сиятын мешіттің орнына одан үш есе көп халық сиятын мешітті ашып бергені үшін Сәдібек Төлтебаевқа өз рахметтерін жаудырды.
Елдің алғысына бөленген азаматтың өзінен сұхбат алғанымызда ол былай ағынан жарылды: «Ауылдағы ескі мешітке жүз адам әрең сиятын. Соны көріп ойлана бастадым. Әсіресе жастар жағы мені қатты алаңдатады. Өзім мектеп директоры болған соң, жастардың жағдайын жасауға барынша күш салуға тырысамын. Нәтижесінде мешіт салуға бел будым. Алдағы уақытта жылқы фермасын ұйымдастырып, бие сүтімен емдейтін кішігірім санаторий ашпақ ойым бар. Құдай қаласа, біздің мектептегі жеткіншектер ұлтымыздың шипалы сусынымен денсаулықтарын түзейтін болады».
Өзіне зәулім үй салмай, астына шетелдің қымбат көлігін мінбей, халықтың игілігін ойлаған азаматқа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алла қашан да осындай адамдарға жар болсын дейміз. Өзге де қалтасы қалың азаматтар үлгі алуға тұрарлық жағдай екені ақиқат.
Еділ ОРМАНОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Моролар

385 Моро – Филиппин мемле-кетіндегі Ислам дінін ұстанатын халықтар тобы. Жалпы саны – 2 млн. адамға жуық. Маранао, магинданао, сулу, самаль, якан, таусог, т.б. кішігірім халықтардан құралған олар Филиппиннің Минданао, Сулу, Палаван, Балабак, Рамос сынды көптеген аралдарын мекендейді. Жалпы, моролар жергілікті халықтар және Малайзиядан келгендермен араласу негізінде қалыптасқан жұрт. Олардың […]