«ҚАРА ЖҰМАНЫҢ» ЖЕҢІЛДІГІН КҮТПЕЙ,

publisher

Қасиетті Жұманың шарапатын іздейік

«Қара жұма» немесе кибержұма АҚШ-тың «Алғыс айту» күнінен кейін болатын – жеңілдіктер күні. Жыл сайынғы рождестволық жеңілдіктер дәл осы күннен басталады. Енді мұхит асқан елдің сауда дәстүрі біздің нарыққа да жетіп үлгерді.

АҚШ-тағы қаралы жұма: рождестволық жеңілдіктер

Америка сатып алушыларының сауда-саттық мейрамы «Қара жұма» деп аталады. Бұл күні барлық сауда орталықтарында орасан зор жеңілдіктер жүреді. Және де ол жеңілдіктер жылда жасалып, қалыс қалған тауарларын өткізіп, одан қыруар пайда көріп отырған ірі сауда орталықтары бұл күнді халықтық дәстүрге айналдырып жіберді.

Қара жұма шаралары «Алғыс айту» деп аталатын ұлттық мейрамынан кейін ертесіне басталады. Ал АҚШ-тағы алғыс айту күні – қараша айының төртінші бейсенбісі. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық». Осы күннен басталып америкалықтар үшін рождество күніне дайындық басталады. Енді осы үрдіс біздің елге де келіп жетті. Жеңілдіктер күні болса да «Қара жұма» атауы мұсылмандық өмір салтын ұстанып отырған иманды жандарға өте ерсі естілетіндігі жасырын емес. Бұл олқылықтың екі жағы бар: аталмыш сөзді қолданып отырған сауда орталықтары Американың нарықтық дәстүріне не көзсіз еліктеп отыр, не батыстық нарық өз танымын қазақилықтан мақұрым саудагерлерімізге таңып отыр. Әйтпесе, бұл сөз тіркесін жергілікті әдет-ғұрыппен санасып, қазақ елінің салт-саналық түсінігіне сай жарастырып енгізсе де болар еді. Өйткені, қазақ ұғымында «қара» сөзі – қайғы-қасыреттің, бақытсыздықтың хабаршысы боп танылса, «жұма» күні керісінше, қасиетті де қастерлі күн, күндердің сұлтаны. Қарама-қарсы екі ұғымды жарастырғысы келетін отандық сауданың пысықайлары керісінше, сатып алушыларға үрей туғызып, сақтандырып отыр. Сол себепті, бұл күнді «Берекелі жұма» деп неге атамасқа? Десек те, сол сатылымдық шара неге «қара жұма» деп аталады? Тарихи деректерге жүгінейік…

Біріншіден, бұл күн – рождестволық мейрамның боладысынан хабар беретін бастапқы күн. Яғни, бұл мейрамның діни негізі бар. Сол үшін АҚШ пен Канададағы көптеген мекемелер мен мектептерде бейсенбінің алғыс күні мен жұманың «қара күнін» біріктіріп демалыс береді. Ал, мерекелік күндер сатып алушылардың санын әлдеқайда арттырады. Болашақта, бұл үрдіс қазақстандық сауда желілеріне ұтымды пайда келтірсе, аталмыш саудагерлердің одағы қазақ билігіне протестанттардың «қаралы жұмасын» демалыс күні етіп жариялауға ықпал жасауы да бек мүмкін. Бірақ, біздің пайымдауымызша, ол дәмеден еш нәтиже шықпайды. Себебі, рождествоның құрметі үшін қаралы жұмада америкалық сауда орталықтары өз тауарларын 90 %-ға дейін төмендетеді. Айталық, 400$ тұратын теледидарды қатардағы америкалық тұрғын 40$-ға сатып ала алады. Сол себептен, миллиондардың жүректеріндегі діни мерекеге құрметпен қарағандығы үшін, протестанттық және католик сеніміндегі сатып алушылар қаралы жұма күнін үлкен қуанышпен һәм шыдамсыздықпен күтеді. 1966 жылы Филадельфияның дүкендерінде жасалған алғашқы аса үлкен жеңілдіктер қала тұрғындарын сауда орындарына бездіртіп, автокөлік қозғалысын тоқтатып, бірнеше мыңдаған сатып алушының кезегін көшеге шығартқан абыр-сабыр қозғалысқа айналдырады. Осы дүрлікпе жұма күні болғандықтан, Филадельфияның тәртіп сақшылары осы бір беймаза күнді «Қара жұма» деп атап кетті.

Сауданың этикасын жақсы меңгерген, адами қарым-қатынасты оңды жолға қоя білген Американың сауда басшылары жалпыға бірдей діни мейрамдарын қарапайым халыққа сездірту үшін аса зор жеңілдіктерді беріп, көңілдерін қуантып отыр.

Екіншіден, батыс маркетологтары жыл бойғы сатылымнан қалып қойған өтімсіз тауарлардан құтылудың ұтымды жолын осы рождестволық мейрамнан тапты. 25 желтоқсан – батыс христиандары үшін ұлық мейрам. Рождествоға дейінгі дайындық күндерін өздері «адвент» деп атайды. Адвент күндері әр христиан өзінің игі тілектерін арнап, христиандық оразасын ұстап, рожестволық кешкетбағалы сыйлықтар сатып ала бастайды.

АҚШ-та рождествоны асыға күтеді, бұл күні америкалықтар бір-біріне сыйлықты да көп сыйлайды. Мерекелік сыйлықтарды шырша түбіне жасырып қойып, рождество түнінде балаларға сол қораптарды ашқызады. Қыстың күндері телеарнамызда көптеп көрінетін Санта-Клаус та – христиандық персонаж. Діни мерекені тойлауда американдық қоғамда кейінгі жылдары пайда болған жақсы дәстүрлер де қалыптасқан: сhristmas carols – рождестволық әндер айту, бір-бірін құттықтап қонаққа бару, рождестволық арнайы дастархан мәзірін дайындау, т.б.

Енді бізге оралайық: қазақ хандығын құрған хандарымыз да, оларға ерген қазақ рулары да мұсылман болған. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанды мекен ететін халықтың басым көпшілігі де – мұсылмандар. Және олар жыл сайын сан басымдығын танытып келеді. Сол үшін жоғарыда айтылған христиандардың бір айға созылған мейрамын бізге таңу – барып тұрған көзсіздік.

Алайда, сондай діни мейрам бізде де бар. Ол – қасиетті Рамазан. Отыз күн бойы парыз болған екі құлшылық қатар орындалады. Отыз күн бойы мұқтаж жандарға зекет пен садақа таратылады. Мұсылмандық отбасылар осы айдың құрметі үшін бір-біріне сыйлықтар береді. Рамазан айына қатысты ғасырлар бойы жырланып келген жарапазан әндеріміз, Рамазанға арналған термелеріміз тағы бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушының екі қуанышы бар: соның бірі – ауыз ашқанда…», – деген. Соған қатысты дастарханымыздың ауызашар мәзірі де алуан түрлі. Біздің маркетологтарға жергілікті халықтың осындай бір айлық шынайы қуанышын неге пайдаланбасқа? Мұсылмандардың осы бір риясыз амалдарын назарда ұстап, олардың шаттыққа толы сұраныстарын қанағат етуге тырысса, сауда орталықтарының сол бір Рамазан берекетінен алатын пайдасы да мол болары хақ. Алайда, момын халыққа деген мейірімділіктің, екіжақты пайда үшін жасалатын тәуекел мен құрбандықтың өз үлгісін көре алмай өскен біздің елдің жас менеджерлері өзге елдің игі саудасының үлгісін алғанмен, өз жұртына деген жомарттықтың үрдісін жасай алмай отыр. Сондықтан Америкадағы орасан зор жеңілдіктерден шығып отырған сауда-саттық дүрлікпесін, пайдақұмар саудагер бізден күтпей-ақ қойсын.

Біздің дініміз де, сол діннен өрбіген мәдениетіміз де мүлдем бөлек. Елімізде өзін мұсылман санайтын иман иелерінің қазіргі саны жалпы халықтың 80%-ға жуықтайды. Қасиетті Рамазан айында кешқұрым ауызашар жасамайтын мұсылманның отбасы жоқтың қасы. Оның үстіне, 2700 мешіттің әрқайсысының ауызашар дастарханы тағы бар. 30 күн бойы қала супермаркеттері, ауыл базарлары қасиетті айдың арқасында азық-түлік саудасынан басқа айларға қарағанда көп пайда тауып отыр. Өкінішке орай, сол 30 күннің құрметіне бірде-бір сауда орталықтарында «Рамазан айы құтты болсын!», «Оразаларыңыз қабыл болсын!» деген ораза ұстаушының бойына жылу беретін теберік сөздерді 27 жыл бойы көре алмай келеміз. Бұл қасиетті ай – сабырлық айы болғандықтан, момындық танытып жүрген оразашы миллиондаған сатып алушыға немқұрайдылық пен бейжайлық танытып жүрген сауда орталықтары басшыларының қомсынуын түсіністікпен қарап, болашақта оң қабақ танытатындығынан қашан да болса үмітті. Өзінің жауһарын танымаған саудагер, өзгенің асылын бізге ешқашан таңа алмасы ақиқат. «Қаралы жұмадан» жеңілдік тосқанша, «Қасиетті» жұманың шарапатынан үмітімізді үзбейік, ағайын!

Алдажар СЕЙІТҰЛЫ,

Ауған соғысы ардагері

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

СОҢҒЫ ГРЕЛКА

551 (болған оқиға)  Бұл таңғажайып оқиғаны араб елдерінің бірінде білім алып келген жігіттің аузынан естідім. Бір мұсылман дәрігерінің Орталық Африка республикасында қызмет атқарған кезінде болған жағдай екен. Оқиғаны сол әйелдің өз аузынан тыңдап көрелік... «Сахараның оңтүстік аймағы, халқының көбі қайыршылықта өмір сүріп жатқан Орталық Африка елінде, бір ауылдық ауруханада жұмыс […]