Пітір садақасы

publisher

Рамазан айында пітір сада-қасын беру – негізгі қажеттіліктерінен тыс нисаб (85 гр. алтынның құнына жететін байлық) мөлшеріне жететін дүниесі бар әр мұсылманға уәжіп амал. Ол Рамазан оразасы парыз етілген һижреттің екінші жылы зекеттен бұрын шариғатта бекітілді. Өздеріңіз көріп отырғандай, пітір уәжіп болу үшін дүние-мүліктің тура зекеттегідей нисаб мөлшеріне жетуі шарт. Алайда, пітірде нисабқа жеткен мүлікке бір жыл толу шарты қаралмайды.
Бұл амал бір жағынан мұсылмандардың өзара жәрдемдесуі болса, екінші жағынан оразаның қабыл болуына, жан тәсілім етіп жатқандағы қиындықтар мен қабір азабынан құтылуға себепші. Бір жағынан пітір арқылы қоғамда өмір сүріп жатқан кедейлердің айт күндері еңселері көтеріліп, елмен бірге шаттыққа бөленері тағы бар.
Зекет қандай адамдарға берілсе, пітір де соларға беріледі. Пітір садақасы ханафи мәзһабындағы пәтуа бойынша, басқа дін өкілдеріне берілмейді.
Пітір мына төрт азықтың бірінен беріледі: бидай (1460 гр), арпа (2920 гр), мейіз (2920 гр), құрма (2920 гр).
Пітірді осы аталған азықтардың біреуінің құнын да төлеу арқылы да беруге болады. Қайсысы кедейге қажеттірек болса, әрине соны берген абзал. Бұл келтірілген азық көлемдері – ең аз мөлшері, ал одан көп берем десе, оған ешқандай шек жоқ. Әл-ауқаты жақсы мұсылман одан да көп берсе, нұр үстіне нұр. Себебі, пітір садақасының түпкі мақсаты – мейрам күндерін кедейлер-дің жұрт қатарлы тойлап, қуанышқа кенелулері екенін жоғарыда айттық. Мейірімді пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оларды осы күндері қол жайып жүру-ден құтқарыңдар», – деп айтқан болатын. Сондай-ақ, хазреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде жоғарыда көрсетілген заттардың әрбірінің құны бір адамның бір күндік (таңғы, кешкі) азығына жететін еді. Ал қазір, мысалы, бидай мен арпаны алсақ, 1460 грамм бидай мен 2920 грамм арпаның құнына не келеді? Сіздің бұл есеппен берген пітіріңіз кедейдің қанша жыртығына жамау болмақ? Осыны ойлаған кейбір ғалымдар (оның ішінде отандық ғалымдар да бар) бидай мен арпаға қарағанда нарықтағы бағаларының жоғары болғанына байланысты мейіз бен құрманы немесе бір адамның орташа бір күндік ішер асының құнын негізге алу керектігін алға тартады.
Діни тұрғыда бай болып есептелетін, яғни дүние-мүлікке ие мұсылман өзі және балиғатқа толмаған балалары үшін пітір садақасы беруге міндетті. Кедей баланың әкесі дүниеден озған немесе ол да кедей болса, атасы немересінің атынан пітір береді.
Отағасы әйелі, ересек балалары және әке-шешесі үшін пітір садақасын беруге міндетті емес. Олар ауқатты болса, пітірлерін өздері беруге тиіс. Әйтсе де, шаңырақ иесі әйелі мен қолында тұрып жатқан ересек балаларының пітірін олардың рұқсатынсыз бере алады. Ал бөлек шыққан балаларының пітірін тек олар рұқсат еткенде ғана бере алмақ.
Пітір садақасын ораза айт намазына дейін кешіктірмей берген абзал, яғни, сауапты іс.

Қанат ЖҰМАҒҰЛОВ,
«Нұр Астана» мешітінің
наиб имамы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Алмат Кебісбаев, грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері: Арманым – еліме олимп биігінен қол бұлғау

238 Бүгінде төрткүл дүниенің назары Тұманды Альбионға ауып тұр. Себебі, Лондон олимпиадасы. Осы аламанға аттанар алдында қазақ палуандары Астана төріне жиналып, соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізген болатын. Осы сәтті пайдаланып біз Лондонда грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде сынға түсетін Алмат Кебісбаевпен әңгімелескен едік. Хабарласқан кезімізде еш сөзге келместен, өзі жатқан […]