Пайғамбар ұрпағы: сәйид және шәриф

publisher

«Сейид» атауы ардақты Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) тегінен тарайтындарға айтылады. Сөздік ұғымы «мырза, жол көрсетуші, ие, артықшылыққа ие, жомарт» деген секілді мағыналарды білдіреді.
Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі «Сәйидус сақалайн» (екі әлемнің мырзасы), Сәйидул Әнам (жаратылғандардың ең ұлығы), Сәйидул әнбия (бүкіл пайғамбарлардың мырзасы) деген сипаттармен аталған. Расулалладан (с.ғ.с.) жеткен хадисте былай делінген: «Мен Адам ұрпағының мырзасымын» (Әбу Дәуіт, Сунна); «Мен қиямет күні адамдардың мырзасымын» (Бұхари, Әнбия, 3).
Сахабалар «сәйид» сөзін араларындағы артық тұрған жанды мақтау үшін қолданған. Хазірет Омар (р.а.): «Әбу Бәкір мырзамыз Біләл мырзамызды құлдықтан босатқан», – дегені бар (Бұһари, Фадаилул асхаб, 23).
Бірде Расулалла (с.ғ.с.) мінберде тұрып, жанындағы Хасанды нұсқап: «Бұл балам сәйид. Алла осының себепкерлігімен екі мұсылман топты татуластырады» (Бұхари, Сулх, 9), – десе, тағы бір жолы: «Хасан мен Хұсейін жұмақтағы жастардың мырзасы» (Тирмизи, Мәнасик, 31), – деген.
Әнас ибн Мәлік (р.а.) Расулалладан: «Біз, Абдулмұтталибтың балалары, жұмақ тұрғындарының мырзаларымыз. Мен, Хамза, Әли, Жағфар, Хасан, Хұсейін мен Махди», – дегенін естігенін айтқан (Ибн Мажа, Фитан, 34). Фатима (р.а.) болса, жұмақтағы әйелдердің сәйидасы (Бұһари, Фадаилул асхаб, 29).
Ал, «шәриф» сөзі тектілік пен абыройлылықты білдірумен қатар, «Мұхаммедтің пәк ұрпағы ретінде абыройға кенелген» деген мағынаға да келеді. Осы тұрғыдан сәйид пен шариф сөздері ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) қызы хазірет Фатима мен хазірет Әлиден туылғандар және олардың ұрпағынан тарағандарға айтылады. Әке-шешесі тарапынан хазірет Әлидің (р.а.) тегінен тарайтындарға болса «сәйидус-садат» делінген.
Исламға дейінгі уақытта сәйид пен шариф сөздері текті әрі абыройлы кісілерге айтылатын. Исламның келуімен бұл екі сөз Алла елшісінің (с.ғ.с.) қызы Фатима мен Әлидің балалары және немерелері үшін айтыла бастады. Сәйид пен шариф атаулары хазірет Хасан мен Хұсейіннен (р.а.) басқа, хазірет Әлидың (р.а.) басқа балалары үшін де айтылады. Тек хижри 4 ғасырдың соңынан бастап сәйид пен шариф лақабы хазірет Хасан мен Хұсейіннің тегінен тарайтындар үшін айтыла бастаған.
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хазірет Хасанды «сәйид» деп тіке өзі атағандығын айттық. Хазірет Хасан мен Хұсейінді жұмақ жастарының мырзасы ретінде сипаттағандығы үшін осы екі мүбәрак кісі «сәйидайн» (қос мырза) делінген.
Ардақты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Әхлі бәйті (ет жақындары) мұсылмандар үшін үлкен құрметке ие. Бұл жағдайдың қалыптасуында Әхлі бәйттің артықшылығына ишарат еткен аяттар мен хадистердің әрі бұның Расулалланы жақсы көрудің белгісі ретінде саналуының ықпалы болғанын айтқан жөн.
Хижри 358 (милади 969) жылы хазірет Хасанның тегінен тарайтын Мекке басшылары шариф, хазірет Хұсейіннің тегінен тарайтын Мәдина басшылары сәйид деп аталған. Осыдан барып осы екі сөз арасындағы айырмашылық байқалған. Алайда, бұл екі лақап әрі Хижаз аймағында, әрі Ислам әлемінде бір-бірінің орнына қолданылған, сондай-ақ, бөлек те қолданылған. Аббасидтер кезеңінде құрылған «Нақибул-ашраф» мекемесі Ислам әлемінің түрлі аймақтарына тараған сәйид пен шарифтерді тіркеу міндетін жүзеге асырған. Бұдан бөлек, мекеменің тағы бір міндеті – сәйид пен шариф шежіресін анықтау әрі осы мәселедегі өтірік айтушыларды жазалау болған.
Сәйид пен шарифтер тарихта мемлекет басшылары тарапынан да, ғалымдар тарапынан да үлкен құрмет көріп келді. Мәселен, Әбу Ханифаның сәйидтер мен шарифтерге жасырын көмек бергені, шәкірттерін де осыған ынталандырғаны, Ахмед ибн Ханбалдың да қатарласа жүргенде олардың алдына түсіп кетпеуге ерекше мән бергені айтылады. Тарихтағы көптеген мұсылман билеушілер сәйидтер мен шарифтерге айтарлықтай маңыз берген. Аббасидтер, Ихшидилер, Фатимиттер, Мамлуктер, Селжұқтар осындай мемлекеттердің кейбірі. Ол мемлекеттерде оларға ерекше құрмет көрсетіліп, кейбірі оларды салықтан босатқан, әлеуметтік көмек берілген, арнайы тарту-таралғылар жасалған.
Сәйид пен шарифтық үшін ата-анадан бірінің осы екі атауды алып жүруі жеткілікті. Екі жағынан да Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) тегіне жатуы болса, одан да үлкен құрмет болып табылады. Әдетте әйел күйеуінің тегіне жатқанмен, әйел сәйид не шариф болса, басқа тектен біреумен үйленсе, сол атауды жалғастыра алатын. Бұндай анадан туған бала да осы атауды алып жүре алған.

Құдайберді Сабыржанұлы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Қазақ халқының отбасы салт-дәстүрінің Ислам дінімен сабақтасуы

296 Отбасындағы сыйластық Қазақ халқында әке-шешенің орны әрдайым ерекше. Әкені асқар тауға, ананы мөлдір бұлаққа теңегені сөзіміздің айғағы. Міне, мына өмірде әке-шешенің орнын толтыратын ешкім жоқ. Біздің әке-шешемізге «түһ» деп айтуға да хақымыз жоқ. Салт-санамыз бойынша, әке-шеше – отбасының негізгі тіректері. Отбасындағы бала мен келін – ата-ананың дұғасына мұқтаж жандар. […]