ОРАЗА ҰСТАЙЫҚ, БАУЫРЛАР!

publisher

…Тозақтың есігі жабылып,

Жәннат бақ айқара ашылар.
Мұсылман Тәңірге табынып,
Бес уақыт Алла деп бас ұрар.

Ауызын бекітіп жамағат,
Тарауық оқылар мешітте.
Айлардың сұлтаны о, ғажап,
Бауырлар, сауаптан кешікпе.

Хақ бізге жақсылық қалайды,
Айт сен де салауат, шүкір ет.
Өткізбе бостан-бос бұл айды,
Иманмен нұрлансын көкірек.

Бес намаз бабалар нақылы,
Адалдық ақ туы ұраны.
Шексіз нұр – Алланың рақымы,
Түсірген бұл айда Құраны.

Жамағат нәпсіге құмартып,
Күнәға қолыңды тигізбе.
Сауабы мың айдан тым артық,
Қадір түн – теңдессіз сый бізге.

Мұсылман бұл айда құлшынып,
Жарысар игі іс пен сауаптан.
Қабыл боп риясыз құлшылық,
Арналсын Аллаға мадақ ән.

Жуылар күнәдан ой-сана,
Қабыл боп ақ тілек, дұғалар.
Әр сәтін бұл айдың той сана,
Мұсылман игі істі құп алар.
Рамазан – айлардың асылы,
Сауаптар көбейер шамадан.
Риясыз құлшылық нәсібі,
Пәк болып туғандай анадан!

ЖЕТІМ ЖАНЫ ЖАРАЛЫ

Қайғы-мұңы сезілер көзінен де,
Шақ тұрады жігері езілерге.
Сәл ренжітсең, көңілі босап қалар,
Аямаған өмірдің өзі мүлде.

Тәтті өмірдің қызығын тамашалап,
Кимеген де киімін жаңашалап.
«Балам» деген әкені көрген кезде,
Тағдырына сыр айтар оңаша қап.

Бақыт нұры жүзінен байқалмайды,
Бірақ, бірақ, өздерін қайта алдайды.
Өкпелесе өзгеге, жетіп барып,
Анасына арызын айта алмайды.

Жетімектер – жандары жаралылар,
Жайдарлы жан іздейді, күле қарар.
Қайғы-мұңды жамылып, іштен тынып,
Өмір жүгін көтеріп келеді олар.

Ащы өксігін өмірдің көп ішкендер,
Қолда барды өзгемен бөліскендер.
Дұғалары әрдайым қабыл болған,
Жетімдерді қолдайды періштелер.

Имани ой санаға салар өлең,
Жетім көрсем, жабығып қала берем.
Панасыз деп жетімді ойламаңдар,
Қорғаны бар артында Алла деген!

ШЕБЕРДІ ШЕБЕР ДЕГЕНШЕ,
АЛЛАНЫ ШЕБЕР ДЕСЕЙШІ

Күлімдеп шуақ төгіп таң атқанда,
Шапағын жер бетіне таратқанда.
Дүние құлпырып бір кетер жайнап,
Тәнті боп отырамын Жаратқанға.

Кеш түсіп, ұясына күн батқанда,
Кенет бір құбылыс боп үн қатқанда.
Таңданып, тәубеге кеп отырамын,
Тәңірдің хикметінен қымбат бар ма?

Көктем кеп, құстар шулап әндетеді,
Көк шығып, қырдың төсін сәнді етеді.
Алланың шеберлігі осы шығар,
Көл толып, сарқырайды тау етегі.

Ғажайып түрді көрсең аспандағы,
Найзағай секілді аспан баспалдағы.
Құлшынып құлдық етер Тәңіріне,
Бас иіп қарттары да, жастар жағы.

Жаздым мен мың толғанып
жатып өлең,
Бұл өмір қызық сұлу затыменен.
Тіріліп табиғат та тіл қатады,
Беріліп бір Алланың атыменен.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария ауданы,
Қызылорда облысы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Діни басқарма жаңалықтары

408 Бас мүфти бас редакторларды қабылдады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы 28 маусым – баспасөз күні мерекесі қарсаңында Алматы қаласында Бас редакторлармен кездесті. Кездесуге «Қазақ газеттері» ЖШС президенті Жұмабек Кенжалин, «Жас өркен» ЖШС директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Түркістан» газетінің Бас редакторы Шәмшидин Пәттеев, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы […]