Мұсылмандардың бір-бірін жек көруі – харам

publisher

Адам баласы қауым болып өмір сүруге бейім жаратылған. Жекелей және қоғамдық қатынастарды реттеуде ислами ақлақтың орны ерекше. Жаратушы адамзатын жаратқанда оның неге мұқтаж екендігін жақсы білгендіктен, өмір сүру ережелерін елшілері арқылы жіберіп отырған.
Мұсылмандардың ең басты қасиеттерінің бірі – оның өз бауырлары мен достарына деген жоғары сүйіспеншілік сезімі болып табылады.
Алла Тағала былай деп бұйырады: «Шын мәнінде, мүміндер туыс қой. Сондықтан, екі туыстың арасын жарас-тырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер» («Хужурат» сүресі, 10-аят).
Әнәс (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кімнің бойында мына 3 нәрсе болса, ол иманның тәттілігін сезінеді: Алла мен оның Елшісін барша нәрседен артық жақсы көру; Жақсы көрген кісіні тек Алла үшін деп жақсы көру; Күпірлікке қайтуды тура отқа түскендей жек көру» (Бұхари және Мүслім).
Мұсылман адам Ислам жолындағы бауырларымен байланысты үзбейді және оны тастап кетпейді. Дініміз Ислам мұсылман бауырлардың бір-бірін жек көріп, байланыстарын үзуіне тыйым салады. Бұл жайында Алла Елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Егер екі адамның бірінің жасаған күнәсынан олардың қарым-қатынасы үзілетін болса, онда олар бірін-бірі шексіз ұлық, құдіретті Алланың атымен немесе Ислам жолымен жақсы көрмегені» (Бұхари).
Алайда, Ислам адамның ашу мен көңіл күй толқынына берілгіш табиғатын да ескереді, сондықтан ашу мен уақытша сезім әсерінен арылу үшін белгілі бір мерзім береді. Бұл мерзім өткеннен кейін араздасқан мұсылманның бірі немесе екеуі де татуласуға тиіс. Бұл туралы Әнас (р.а.) жеткізген хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Бір-біріңе деген жеккөрушіліктен бас тартыңдар, бір-біріңді күндемеңдер, бір-біріңе сырт көрсетпеңдер, бір-біріңмен қарым-қатынасты үзбеңдер. Ей, Алланың құлдары! Мұсылманға бауырын үш күннен артық уақытқа тастап кетуіне болмайды!» (Бұхари және Мүслім).
Араздықтың мерзімі ұзарған сайын күнә да ауырлай береді және ренжіскен адамдар үшін мұның зардабы да ауыр болмақ. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өзінің бауырымен бір жыл бойы араз болып жүру оның қанын төккенмен бірдей», – деген (Бұхари).
Демек, асыл дініміздің мақсаттарының бірі – адамзатты тәрбиелеу, жү-ректеріне үрей мен үмітті қалыптастыру. Себебі Ислам дінінде үлкен күнәлардың бірі – мұсылмандарды қорлау және оларды сөгу.
Мұсылманның діндес бауы-рын жек көруі харам екендігі көптеген аяттар мен хадистерде келтірілген. Соның біріне тоқтала кетейік.
«Әй, мүміндер! Бір ел, бір елді тәлкек қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Сондай-ақ, әйелдер әйелдерді келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар. Бір-біріңді мінемеңдер, жа-ман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін сүркей ат нендей жаман. Ал кім тәубе қылмаса, міне, олар залымдар» («Хужурат» сүресі, 11-аят).
Келесі аятта: «Әй, мүміндер! Сыр тексермеңдер. Біреуді біреу ғайбаттамасын», – делінген («Хужурат» сүресі, 12-аят).
Мұсылмандардың бірін-бірі жек көруінің харамдығы жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінің бірінде: «Әр мұсылманның мұсылманға қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы харам», – делінсе, басқа хадисте: «Мұсылманды сөгу – пасықтық, оның қанын төгу – күпірлік», – деген.
Тағы бір хадисте былай айтылған: «Кімде-кім бір кісіні «кәпір» деп немесе «Ей, Алланың жауы» деп шақырса, ал ол адам ондай Алланың жауы, кәпір болмаса, (ол сөзі) өзіне қайтып тиеді»; «Миғраж түні тозақта бір топ адамға жолықтым. Олардың тырнақтары жезден еді. Бұл тырнақтарымен беттері мен көкіректерін ойып жатыр еді. Мен: «Уа, Жәбірейіл, бұлар кімдер?», – деп сұрадым. Хз. Жәбірейіл (ғ.с.): «Бұлар елдің етін жеген (ғайбат айтқан) және адамдардың абыройына тіл тигізген күнәһар пенделер», – деп жауап берді».
Құрметті мұсылман ағайындар! Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннет жолымен жүру әрбір мұсылманға міндет. Сондықтан әрбір Аллаға иман келтірген мұсылман пенде шариғаттағы тыйым салған үлкен күнәларға бой алдырмауы тиіс.

Айдын қажы Құсманұлы,
«Ұранхай қажы»
мешітінің бас имамы,
Ақсуат ауылы,
Тарбағатай ауданы, ШҚО

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Тақуалардың өнегелі сөздері

313 Яхия ибн Мұғаз (р.а.) айтады: «Әй, Адам баласы, Шайтанның азғыруынан абай бол! Өйткені, ол ежелден келе жатыр, ал сен болсаң жақында келдің. Оның уақыты бос, ал сен болсаң бос емессің. Оның мақсаты біреу – сені құрдымға жіберу, ал сен болсаң өз алдыңа көптеген мақсаттар қойған пендесің. Ол сені көреді, […]