МҰСЫЛМАН МАЙК ТАЙСОН «НҰР АСТАНА» МЕШІТІНДЕ БОЛДЫ

publisher

 

Маусым айының 28-і күні Елордамыздағы «Нұр Астана» мешітіне бір кездері бар әлемді аузына қаратып, кәсіпқой бокстан жүлде атаулының бәрін ұтқан «темір» Тайсон келді.

Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық. Батыстан селдей ағылған ақпарат тасқыны кезінде Майк Тайсон туралы бізге бір-біріне қарама-қайшы талай жаңалықты ала келген. Біреу оны ислам дінін қабылдады десе, екіншісі мұны жоққа шығарып жатты. Жуырда М.Тайсон «Астана» халықаралық экшн-фильмдер фестиваліне келеді екен деген жаңалықты құлағымыз шалғалы, осы жағдайдың анық-қанығына көз жеткізіп, бұған дейін түр-түсін тек теледидардан ғана көріп жүрген «темір» адамды көзбен көруге асықтық.

Иә, сеніміміз алдамапты. Маусымның 27-сі түнделетіп Елордаға жеткен шойын жұдырықты жігіт ертесіне таң-азаннан «Нұр Астана» мешітіне таң намазына келді. Сол күні кешкі 5-тер шамасында Алланың үйіне қайта бас сұққан Майк Тайсонды мешіттегі жамағат жан-жағынан қаумалап, қоршап алды. Бұл жолы әйгілі боксшы қасындағы нөкерлерімен және Астана қаласының бас имамы Қалижан Заңқоевпен бірге жамағат болып мешітке сәлем намазын оқыды. Сапта тұрған Тайсонның намазды жылап оқып тұрғанын көрдік. Кезінде жойқын соққыларымен талайды сұлатып, жігерлерін құм қылған «темір» Тайсонның екі қолын көкке жайып дұға етуі, Алланың алдында көз жасына ерік беруі, қанша жерден әлемге әйгілі болса да, Жасағанның алдында дәрменсіз құл ғана екендігін жасырмағаны болса керек. Сөйтіп, өзін өзгелермен тең санаған қарапайымдылығымен жамағат есінде қалды. Иә, шынымен, Майк Тайсон – мұсылман екен. Оған біздің көзіміз осы бір қайталанбас тарихи кездесулер барысында анық жетті.

Сәлем намазынан кейін «Нұр Астана» мешітінің Бас имамы Қалижан қажы Байырбекұлы келген мәртебелі қонақтарға Құран оқыды. «Бір-екі ауыз тілдескенімізде Майк мырза биылғы жылы ұмра қажылығын атқаруға дайындалып жүргенін айтты. Әдейі құлақтары үйрене берсін деп, шетелдіктер алдында Құран сүрелерін оқып бердім. Мені таңғалдырғаны, дәл оң жағымда ұйып намаз оқып тұрған Майктың мен «Аллаһу Акбар» десем, «Аллаһу Акбар» деп қайталап, рүкүһтен көтерілерде «Сәмиаллаһу лиман хамидаһ» десем, «Роббана ләкәл хамд» деп айтып тұруы. Бұрын теледидардан көргенде, тақуалыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сияқты болып көрінген Тайсонның бұл құлшылығы қайран қалдырды», – дейді Бас имам.

Иә, Тайсон Астанаға күнде келе бермейтіні белгілі. Осыны түсінген жергілікті мешітке жиналған жұртшылық М.Тайсонмен суретке түсіп қалуға асықты. Намаздан соң мешіт ауласына шыққан боксшы жол жиегінде қайыр сұрап отырған қайыршыға тиын-тебен беріп, онымен құшақтасып тұрып суретке түсті. Бұл да боксшы бойындағы мұсылманшылықтың бір сипаты болса керек.

Маусымның 29-ы күні Майк Тайсон «Нұр Астана» мешітінде «Асыл арна» ислами телеарнасына сұхбат берді. Оның айтуынша, өзінің ислам дінін қабылдағанына – 25 жыл болған екен. Айтпақшы, 30 маусым – Тайсонның туған күні. Биыл әйгілі спортшы 44 жасқа толып жатыр. Яғни, ол ислам дінін бар-жоғы 19 жасында қабылдапты. Бұл оның бокс әлеміне түбегейлі өзгеріс әкелген спорттық жолының басталған жылы ғой. Майк Тайсон 1985 жылдың 5 наурыз күні, яғни 19 жасар шағында Хектор Мерседес есімді боксшымен ең алғаш шаршы алаңға шығып, қарсыласын нокаутпен жеңген болатын.

2003 жылы «темір» Тайсон Мекке-Мәдина жерінде болып, қажылық парызын өтеп, Майк қажы атанғанын да еске алып өткен жөн. Не де болса, әлемге танымал боксшының Қазақстанға келуі ел мұсылмандары арасында үлкен жаңалық болды. Осындай биік тұлғалы азаматтардың Алланы танып, намазға бас қоюы дүниежүзіндегі жас мұсылмандар үшін үлкен өнеге екені белгілі. Сонымен қатар, ол мешітке келіп, жамағатпен бір қатарда намазға тұру арқылы Алланың алдында хан да, қара да бірдей екендігін тағы бір мәрте айғақтақтады.

Ескендір Тасболат,

«Ислам және өркениет»

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Теледидар нені насихаттап жүр?

292 Жаңа заң жобасында телеарналарды таңдаудағы халық қалауы ескерілуі тиіс Елімізде кабельді және спутниктік телеарналардың қызметін реттейтін «Телерадиохабар тарату туралы» заң жобасы талқылану үстінде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы Заң жобалары жұмысының жоспарына аталған заң жобасы да енгізілген. Байланыс және ақпарат министрлігінің ресми блогына шығарылған заң жобасын оқып отырып, жаңа […]