Мейрамханалармен емес, мешіттерімізбен мақтанатын кез келеді

publisher

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Ислам насихатына сүбелі үлес қосып, халықты бірлік пен берекеге, имандылық пен ибалылыққа, ізеттілік пен ізгілікке үндеп келе жатқан «Асыл арна» телеарнасында тікелей эфирде өткен «Иман нұры» бағдарламасына қатысты. Бір сағатқа созылған салиқалы сұхбатта Дінбасы Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының құрылтайлары жайлы, білім-ғылым, діни басқарма жұмысы туралы айтып, тілші мен көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Журналист Нұрболат Жантелиев жүргізген әсерлі әңгіме төмендегідей өрбіді.

Біз бағындырған белестер

Н.Жантелиев: Құрметті Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет! Алғашқы сауалымызды Қазақстанның Ислам әлеміндегі орнынан бастасақ…
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Былтыр тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өттік. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, аталмыш мерзім ішінде еліміз үлкен белестерден, асқаралы асулардан өтті. Еліміз айтулы беделге ие болды. Осы ретте бір жайт есіме түсіп отыр. Кеңестік дәуірде мен бірқатар шет елдердің университеттерінде оқыдым. Сонда олар бізді Кеңес Одағындағы орыс мұсылмандары деп санайтын. Оларға Қазақстан жайлы қанша айтқаныңмен, онша мән бере бермейтін.
Қазақстан қазір әлемдік қауымдастықтан ойып орын алды. Әлемде Отанымызды білмейтін ел жоқ. Оның ішінде, әсіресе мұсылман елдері біздің жұртқа көз тігіп отыр. 2006 жылы Астанада Катар мемлекетінің әмірі Хаммад бин Халиф әл Тәни келді. Кезінде оның «Нұр-Астана» мешітін салуға 7 миллион АҚШ долларын бөліп демеушілік жасағанын білетінмін. Бірақ ол 2005 жылы сол мешіт ашылғанда келе алмай, елімізге бір жылдан кейін жолы түсті. Елбасы Нұрағаң бастап үшеуміз мешітке бардық. Сонда, ол таң қалып: «Менің жеті миллион қаражатыма осындай мешіт салынды ма? Мынау керемет қой!» – деп қатты риза болды. Сөйтіп, әңгіме арасында: «Қазақстан – мұсылман елдерінің жарық жұлдызы», – деп қалды. Сосын, мен қасымда тұрған кісілерге:
– Катардың әмірі осындай пікір айтып жатыр, – дедім. Кейін оның осы сөзі «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде басылды. Құдайға шүкір, қазір еліміздің беделі өте биік.
Бірлік – береке бастауы
Н.Жантелиев: Өзіңіз айтқандай, көптеген шетелдік қауымдастық өкілдері мен басшылары тарапынан айтылатын жақсы, жағымды пікірлер Қазақстанның мерейін үстем етуде. Расында да көптеген мемлекеттер елімізбен санаса бастады. «Қазақстан – бірлік пен берекенің мекені», «Қазақстан – тұрақтылық ордасы» деген түсінік қалыптасты. Сондай-ақ, соңғы уақытта «Қазақстан – діндераралық келісім алаңы» деген де ұғым орын алды. Бұған да пікіріңізді қоса отырсаңыз…
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: 2002 жылы болса керек, Америкадағы 2001 жылғы атышулы жарылыстардан кейін АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Лари Неппер діни басқармаға келіп, мені еліне шақырды. Өйткені баспасөз беттерінде АҚШ мұсылмандарға қысым көрсетіп жатыр деген ақпарат тараған болатын. Елші соны жоққа шығарғысы және Қазақстанның Бас мүфтиі өз жұрты мұсылмандарының өмірін көзімен көрсін деген болу керек.
Вашингтонға барғаннан кейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Колин Пауэлдың Орта Азия бойынша жауапты орынбасары қабылдады. Қасында отырған діни мәселелер бойынша сарапшыларына біраз әңгімеден кейін: «Сіздер, Орта Азиядағы елдер атауының соңында келетін «стан» деген сөзге қарап, Қазақстанды басқа да «стан»-мен аяқталатын жұрттармен шатастырасыздар. Орта Азиядағы мемлекеттер ішінде Қазақстанның орны бөлек. Ол білімділер елі. Кеңес дәуірінде де осылай болған», – деп мерейімізді өсіріп тастады.
Еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезде де Қазақстанның қай жерде екенін білмейтін, Қазақстан деп айтуға тілі келмейтін елдер-дің президенттері, премьер-министрлері, министрлері келіп, ажарлы Астанамызда халқымыздың тұрмысымен танысып, зиялы қауыммен пікірлескен соң, аз жылда-ақ Қазақстанның биік дәрежеге қол жеткізгенін айтып таңқалғанын құлағымыз естіп, көзіміз көрді.
Шынында да еліміз үлкен белестерге көтерілді. Соның бір айғағы: 2003 жылы Президентіміз Нұрағаңның ұсынысымен бірінші рет Астанада әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы өтті. Берекелі басқосуға келген Американың Вашингтондағы діндераралық достықты, діндераралық қатынасты зерттейтін институттың президенті Джон Грибоски әңгіме арасында: «Құрылтай өте жақсы өтіп жатыр. Бірақ біз бұдан да жақсы ұйымдастыра аламыз», – деп қалды. Мен: «Бұдан да жақсы» дегенді қандай мағынада айтып тұрсыз?», – дедім. Ол: «Біз бұдан да жақсы ұйымдастырамыз, жақсы өткіземіз, бірақ, бұлар бізге келмейді. Мына делегаттардың ешқайсысы бізге аяқ баспайды. Бірақ сіздерге келіп отыр», – деді. «Неге?», – деймін ғой. Сөйтсем ол: «Қазақстанда жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады, бірнеше тілді, бірнеше дінді ұлыстар мекен етеді. Бұлар қалай ауызбіршілікпен, ынтымақпен өмір сүріп жатыр?», – деп, соның сырын білгісі келеді. Соны көргісі келеді. Үлгісін өздеріне пайдаланғысы келеді», – дейді.
Сонау Америкадағы, Еуропадағы елдер-дің қайраткерлерінің елімізге беріп жатқан бағасы осындай. Қазақстан шын мәнінде экономика, мәдениет пен ғылым, саясат саласы бойынша да айтулы жетістіктерге жетті. Бұл, біріншіден, Алланың арқасы. Екіншіден, дархан қазақ халқының кең пейілінің, сондай-ақ, салиқалы саясат жүргізіп отырған үлкен парасат иесі Нұрағамыздың арқасында екендігін мойындау керек және оны айту да қажет.
Елімізде өткізіліп жүрген діни съездердің «Қазақстан – діндераралық келісім алаңы» деулерінің мәнісі осындай деп ойлаймын.

Діндераралық үнқатысу

Н.Жантелиев: Елбасымыз тарапынан ірі-ірі іргелі де айтулы істердің өткізілулері, әрине, құптарлық жәйт. Шетелдік қауымдастықтың да біз туралы пікірінің оңды екеніне қуаныштымыз. Елбасы әр сөзінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керектігін қаперге салумен келеді. Яғни, мемлекеттің дамуына, жалпы дінаралық үнқатысудың одан ары қанат жайып кеңейе түсуіне әрбір ел азаматы үлес қосуы тиіс.
Қазақстанды көп ұлтты дедіңіз. Көптеген ұлыс өкілдері шоғырланған қазақ жерінде Елбасының ұйытқы болуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы сияқты іргелі бастамалармен шыныққан ел дін-дераралық ұнқатысуларды да лайықты деңгейде өткізіп келе жатыр емес пе?!
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: 2003 жылы әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының алғашқы құрылтайы аяқталғанда Нұрағаң делегаттардан: «Келесі съезді қай жерде өткізгілеріңіз келеді?», – деп сұрады. Сонда барлығы бір ауыздан: «Қазақстан астанасында әңгімеміз жарасты, тағы да осы жерде бас қосайық», – десті. Сол күндері журналистер сенсация деп жар салған қызық бір жағдай болды. Әңгімелері жараспайтын, кездесулері қиын кісілер Астанада кездесті. Бір үстелдің басында отыра бермейтіндер тоқайласты. Амандасқысы келмейтіндер сәлемдесті, тілдескісі келмейтіндер пікірлесті. «Келесі съезді де Астанада өткізейік», – деулерінің сыры осы деп ойлаймын. Сөйтіп, жоғарыда айтылғандай, құрылтай аяқталған соң журналистер «Сенсация!» деп әлемнің төрт бұрышына жарыса хабар таратып жатты. Олай дейтіндеріне негіз бар-ды. Ислам қайраткерлері мен иуда дінінің басшылары әдетте бір үстел басында отырмайды. Олай еткендерін көрген де емеспін. Ол түгілі бір көшенің де бойымен жүре бермейді. Съездің соңғы күні Израильдің Бас раввині Иона Мецгер орнынан тұрып, өзі барып, марқұм әл-Әзһар шейхі, әлем сүнниттерінің ұлық имамы мысырлық доктор Мұхаммед Саид Тантауидің қолын алды. Ол да орнынан тұрып құрмет көрсетті. Одан кейін Йона Бүкіләлемдік Ислам лигасының Бас хатшысы Абдулла бин Абд әл-Мұхсин ат-Түркиге қолын созды. Содан әңгімелері жарасып, сұхбаттаса бастады.
Мұндай жағдайды журналистер ешқашан көрмеген ғой. Мынадай оқиға Париж, Мадрид түгілі, Таяу және Орта Шығыс елдерінде өткен жиындарда ешқашан болып көрмеген. Көрдіңіз бе, Астанадағы діндераралық үнқатысудың, Нұрағаң бастаған съездің шарапаты осындай болды. Бұл да ел бірлігінің, ынтымағының, діндераралық достығының, ауызбірлігінің арқасында ғой деп ойлаймын. Осындай жайттар да еліміз-дің беделін көтеруге үлкен септігін тигізгені сөзсіз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы да дер кезінде құрылды. Мен осы бір өте керек институт кеңесінің мүшесімін. Төраға – Елбасының өзі. Ассамблея үлкен жұмыстар атқаруда. Онда елімізде тұратын көптеген ұлттардың өкілдері ұйыса қызмет етуде.

Лаңкестің діні жоқ

Н.Жантелиев: 2006 жылы өткен екінші құрылтайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Жалпы халықтардың, діндердің, мемлекеттер мен үкіметтердің бейбіт қатар өмір сүруі мен сындарлы өзара іс-қимылы туралы мәселе қазіргі кезде ерекше маңызға ие», – деген еді. Ол қазір де маңызын жойған жоқ. Бүгінде әлемде кейбір діндер арасында келіспеушіліктер бар. Яғни, мұндай құрылтайларды өткізуге әлемдік қауым-дастық та мұқтаж болып отырған сияқты.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Еуропа да, АҚШ та, Азия елдерінің де осындай діндераралық үнқатысуға, діндераралық ынтымаққа, бірлікке, татулыққа мұқтаж екені даусыз. Естеріңізде ме, 2011 жылы Норвегияда Андрей Брейвик деген біреу ешқандай кінәсі жоқ 76 адамды қырып салды. Оны бүкіл әлем айыптады. Осындай келеңсіз жәйттер болмас үшін діндераралық үнқатысу, ынтымақ, бірлік туралы жаһан жұрты жиі айтулары керек.
2012 жылдың сәуірінде Қазақстанға Аустралия парламентінің төрағасы Питер Нил Слиппер келді. Ол жұмысы біткен соң, Қазақстан мұсылмандары діни басқар-масына келіп, менімен сұхбаттасуды өтінген екен. Қабылдадым. Қасында дін қайраткерлері де болды. Сонда ол сөз арасында: «Сіз қалай ойлайсыз, әлемде қазір Ислам лаңкестігі деген сөз бар», – деп қалды. Мен: «Лаңкестікте ұлт, нәсіл, отан болмайды», – дедім. «Солтүстік Ирландияда католиктер мен протестанттар арасында қақтығыстар болды, қанша бейкүнә жандар опат болды. Соған қарап енді христиан лаңкестігі деуіміз керек пе?», – деп өзіне сауал тастадым. Әрине, бұл дұрыс емес. Кез келген лаңкестікті дінмен байланыстыру қате. Токио метросында Аум Сенрико деген секта газды у шашып, қаншама адамдардың өмірін қиды. Бұған қарап «Будда лаңкестігі» деу қажет пе? Жоқ, әрине! Испанияда да осындай жағдайлар болды. Бұдан шығатын қорытынды: лаңкестікті дінмен байланыстыру әбестік, дедім. Ол кісі: «Дұрыс айтасыз, жалпы мен де солай ойлаймын», – деді.
Иә, осындай қасіретті жәйттер болмас үшін саясаткерлер ғана емес, әсіресе дінбасыларының өзара жиі-жиі бас қосып тұрғаны ләзім. Біздер халықты ынтымаққа, бірлікке шақырып тұрсақ, нұр үстіне нұр емес пе? Алматыдағы православиялық бауырларымыздың ми-трополиті Александрмен ұшырасып, пікірлесіп тұрамыз. Бұрынғы митрополит Мефодимен де әңгімеміз жарасушы еді. Өйткені, біз Қазақстан азаматымыз. Елімізде ешкімді ұлтына, нәсіліне қарап бөлмейді, алаламайды. Анау – ана ұлттың, мынау – мына ұлттың адамы деп көзге түртпейді. Біз дін басшылары да достығымыз арқылы басқаларға үлгі болғанымыз жөн. Елімізде діни төзімділік, діндераралық сыйластық, діндераралық құрмет, ұлттар мен ұлыстар арасындағы сыйластық, ынтымақ бар. Дей тұрсақ та, асыл дініміздің құндылықтарынан мақұрым қалып, теріс кітаптар оқып, жат ағымдардың ықпалында кетіп жатқандар жоқ емес. Әсіресе, Ақтөбе, Таразда болған лаңкестік оқиғалар Ислам дінінің беделіне үлкен нұқсан келтірді.

Құнды қазына

Н.Жантелиев: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін», – дейді. Сонау түркілер заманынан Ислам дінін бойына сіңіріп, болмысымен біте қайнасып кеткен ата-бабаларымыз қонағын құрметтей білді, ол қазір де жалғасып келеді. Осының әсерінен елімізге келушілердің саны артты. Бұл біз үшін мәртебе ғой.
Көрермен сауалы: Құрметті Бас мүфти, Сізді біз көрнекті ғалым, үлкен білім иесі деп білеміз. Қазір діни істерден басқа қандай ғылыми зерттеумен айналысып жатырсыз?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Уақыт шіркін бұрындары да аз болушы еді. Қазір де солай. Бірақ мен сенбі, жексенбі күндері сегіз-тоғыз сағаттан артық уақытымды ғылымға арнаймын. Діни қызметке келгелі 12 жыл болды. Осы мерзім ішінде онға жуық үлкенді-кішілі кітаптар жазыппын. Барлығы Исламның адамгершілік, ынтымақ пен бірлік діні екендігі, Ислам өркениеті, Ислам мәдениеті, Ислам ғылымы, елімізден шыққан ғұлама ғалымдар жайына арналған. Соңғы жылдары бір қызметкеріміз: «Сіздің тек орыс тілінде жазған мақалаларыңыз, сұхбаттарыңыз бен зерттеулеріңіз, баяндамаларыңыздың өзі бір кітап болып қалыпты. Соны жинақтап кітап етіп шығарсаңыз қайтеді», – деген ұсыныс айтты. Оларды жинақтап едім, 600 беттен асты.
Неге орыс тілінде жаздыңыз дерсіз. Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарына барған сайын кейбір бауырларымыз: «Біз орыс мектебінде оқыдық, кейде қазақша түсіне бермейміз, уағызды орыс тілінде айтсаңыз?», – дегендей де өтініш жасап жатады. Екіншіден, халықаралық конференцияларға, симпозиумдарға, сам-миттерге барған кезде, әрине, баяндаманы орыс тілінде жасауға тура келеді.
Сөйтіп орыс тілінде жазған дүниелерімді жинап, «Ислам – религия мира и созидания» («Ислам – бейбітшілік пен жасампаздық діні») деген атпен 2010 жылы кітап етіп шығардым. Содан Үндістанға барған бір сапарымда Қазақстанның осы жұрттағы елшісі Қайрат Омаров (қазір Сыртқы істер министрінің орынбасары): «Мүфти хазрет! Сіздің орыс тіліндегі дүниелеріңізді де оқып тұрамыз. Егер ондай еңбектеріңізді тек қазақ тілінде жазсаңыз, Қазақстаннан шықпай қаласыз. Тек орыс тілінде ғана жазсаңыз, ТМД елдері шеңберінде қалып қоясыз. Сол себепті «Ислам – религия мира и созиданияны» неге ағылшын тіліне аудартпайсыз? Әлемде қазақ деген елдің барын, олардың мұсылман екендігін, қазақ жерінен көптеген ғалымдар шыққандығын, Отанымыздың діндераралық достық мекені екенін одан бетер біле түсер еді», – деді. Содан аталмыш кітабымды ағылшын тіліне аударттым. Бұған Сыртқы істер министрлігінің көмегі болды. Ол 2012 жылы наурызда Лондонда басылып шықты. Кітаптың бір ерекшелігі – онда қазақ жеріне Ислам діні келгенінен бастап оның күні бүгінге дейін жұртты ынтымаққа, бірлікке шақырып келе жатқаны һәм ғылым-білім, бірлік діні, үлкен өркениет екендігі, қазақ жерінен орта ғасырларда шыққан әл-Фарабилер, Таразилер, Түркістанилер, Сығанақилер де сөз болған. Кітаптың тұсаукесері сөйтіп Лондонда өтті. Оксфорд пен Кембридж университеттерінің профессорлары мен бұрын аса мән бермеген бір жайтты айтты. «Біз Қазақстанды білеміз, кейбіріміз онда болдық та. Қазақстан өсіп-өркендеп келеді. Қазақ халқының ынтымақта, бірлікте ғұмыр кешіп жатқаны да қаперімізде. Оның дәлелі – Қазақстанда әр үш жыл сайын өтетін әлемдік және дәстүрлі дін жетекшілерінің құрылтайы. Әйтсе де бір нәрсені білмейді екенбіз – Қазақстаннан Ислам өркениетіне үлес қосқан қаншама ғалымдар шыққан! Кітабыңызды оқи отырып, соған куә болдық», – деді. Кембридж университетінің профессоры Саксона: «Өзім үнді тектімін. Ата-бабам да үндістандық. Кітабыңызда Кашмирдің патшасы болған Мұхаммед Хайдар Дулати туралы бай мағлұмат бар екен. Мен оның қазақ халқына қатысы барын білмейді екенмін. Кітабыңыз осын-дай деректерімен де құнды», – деді.

Даланың дана перзенттері

Н.Жантелиев: Еңбектеріңізбен біз де ертеректен таныспыз. Ал енді шетелдіктердің де біліп жатқанына қуаныштымыз. Сіз қазақ даласынан шыққан 30 әл-Фарабиді, 30 Таразиді, 10 Баласағұниді, 40-тан астам әл-Сайрами секілді т.б. жеріміздің 240-қа жуық дана да дара, артына мол жазбаларын қалдырған перзенттерін, ғұламаларын таптыңыз. Халыққа таныстырдыңыз.
Жоғарыда Мұхаммед Хайдар Дулатиді айтып қалдыңыз, «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасының түсіру тобы да өзіңіздің басшылығыңызбен Үндістанға барып, оның өмірі мен еңбектеріне арналған фильм жасап қайтты. Сауалым – сол асыл бабалар сияқты тағы да басқа тұлғаларды жарыққа шығару, шығармаларын ғылыми айналымға енгізу, көпшілікпен табыстыру, бейнебаян жасау алдағы жоспарыңызда бар ма?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Уағыздарым мен мақалаларымда, сұх-баттарымда, зерттеулерімде үнемі: «Қазақ халқы Ислам дінін тек қабылдаушы болып қалған жоқ. Ол – Ислам өркениетін, мәдениетін байытуға үлкен үлес қосқан халық» деймін. Университетте қызмет етіп жүрген жылдары халқымыздың ежелгі әдебиеті тарихынан дәріс оқыдым. Соңыра соның материалдарын жинап, «Қазақ даласының жұлдыздары» деген атпен 1995 жылы кітап етіп шығардым. Ол 70-80 жылдарда табылған деректерге құрылған еді. Ол кезде шетелге көп шыға беруге мүмкіндігіміз болмайтын. Сол себепті қолыма көп жазба мағлұматтар түсе қоймады. Соның өзінде Отырардан шыққан 11 ғалымды, Мұхаммед Хайдар Дулати және басқа да жұрт түгілі ғалымдар да біле бермейтін ортағасырлық бірқатар ғұламаларды таптым. Ол өз алдына бөлек әңгіме.
Өзбекәлі Жәнібеков деген ағамызды жақсы білесіздер. Үлкен мемлекет қай-раткері еді. Сол кісі қолжазбаның «Рауан» баспасында жатқанын есітіп, «оқып шығайыншы» деп өтініш жасады. Соңында «Қатты ұнады, кітапқа алғысөз жазсам қайтеді?!» деген тілек білдірді. Сөйтіп «Қазақ даласының жұлдыздары» Өзекеңнің алғысөзімен шықты. Тұсаукесерін де өзі басқарып, өткізді. Одан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті. Қазір, Құдайға шүкір, Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Президентіміздің бастамасымен қабыл-данған «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Соның нәтижесінде шетелден, мысалы, Қытай, Таяу және Орта Шығыс һәм басқа да мемлекеттерден қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне қатысты көптеген деректер жиналуда. Мен Египет, Сирия, Иран, Үндістан, Пәкістан және т.б. елдерге барған сайын құр қол қайтпаймын. Еліміздің рухани өмірі мен жазба мұрасына байланысты ғасырлар парағының арасында қалып қойған дала даналарының өмірі мен еңбектері туралы деректерді жинай жүрем.
1995 жылы шыққан кітапта Отырардан шыққан әл-Фарабилер 11 ғана болса, қазір олардың саны отызға жетті. Соның ішінде Әбу Насыр әл-Фарабиден кейін тұрған үлкен бір тұлға бар. Ол – Қауам әд-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани. Итқан – Оңтүстік Қазақстандағы Иқан қыстағының арабша аты. Ол Түркістанға кіре-берісте 20 шақырым жерде. Сол кентте туылып, сонда біраз жыл ғұмыр кешкен Қауам ад-дин бабамыз 31 жасқа дейін Отырарда бас имам болған. Кейін Дамаскіге кетіп, соңыра Бағдатта 25 жыл қазы болыпты. Египеттегі медреседе де директор қызметін атқарған. Кувейттіктер сол ғұламамыздың «ат-Табиин» атты 2 томдық еңбегін 1999 жылы шығарды. Оны да зерделеу үстіндемін. Қауам ад-диннің Түркияның қолжазбаларынан басқа да шығармалары табылды. «Қазақ даласының жұлдыздарын» сөйтіп байытудамын. Оның екінші басылымы 800 беттей болатын сияқты. Алла нәсіп етсе, келесі жылы оқырмандардың қолына тигізсем бе деген жоспарым бар.
Египетке барған бір сапарымда сондағы елшіміз Асқар Мусинов: «Мүфти хазрет, Қазақстан Дінбасының Египетке келген сапарын пайдаланып, құрметіңізге қабылдау өткізейін. Сізге сонда бір сыйлық жасағым келеді», – деді. «Ол қандай сыйлық?», – деймін ғой. «Оны кешке көресіз» деді. Содан күн байлана елшілікке көптеген қонақтармен бірге ұзын бойлы, атжақты, денелі бір кісі келді. Сәлемдестік. Аты – Насрулла ат-Тарази екен. Қазақша, өзбекше, шағатай, араб тілінде еркін сөйлейді. 1922 жылы Тараз қаласында туылыпты. Әкесі Мүбашшир Кеңес өкіметінің салқын саясатына байланысты 30-шы жылдары Тараздан баласын ертіп көшіп кеткен. Қысқасы, олар содан Ауғанстан, Пәкістанда тұрып, соңыра Мысырға қоныс аударған. Насрулла докторлық диссертация қорғаған. Египеттегі қолжазбалар осы кісінің қолынан өтеді екен. Насрулла ағамыз: «Қарағым, Египетке қош келдің! Каирде Сұлтан Бейбарыс салдырған медресе бар. Соны бір кездері Тараз қаласынан шыққан Һибатулла ат-Тарази (1271-1333) деген үлкен ғалым басқарған. Оның бірқатар еңбектерінің қолжазбалары біздің заманымызға жетті. Соны тауып зерттеші», – деді.
Каирдегі Бейбарыс медресесін таптым, арнайы барып көрдім. Бірде Һибатулла бабаның АҚШ-тың Пристон университетінің қолжазба қорынан бір трактаты табылды. Ол ханафи мәзһабы бойынша жазылған дүние екен. Содан екі жыл шұқшия отырып, оны орыс тіліне аудардым.
Н.Жантелиев: Неге орыс тіліне?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Еңбек ханафи мәзһабына арналғандықтан, тек қазақ тіліне ғана тәржімаласам, өзге ханафит бауырларымыз, яғни тәжіктер, өзбектер, түркімендер, башқұрттар, татарлар түсінбей қалмай ма? Орыс тіліне аудару себебім сондықтан. Шығармаға қырық беттей алғысөз жаздым. Ол «Һибатулла ат-Тарази и его духовное наследие» деген атпен 2012 жылдың басында жарыққа шықты. Менің: «Қазақ – Исламды қабылдап қана қойған жоқ, Ислам өркениетін байытуға үлес қосқан халық» деуімнің сыры мен себебі осы.
Әрине, олар туралы құжатты фильмдер жасасақ, оңды іс болар еді.

Жылы жүзді жүздесулер

Н.Жантелиев: Иә, Ислам мен әлем өркениетіне өзіңіз айтқан Дулати, Мысырдағы Бейбарыс, Қайтбай сияқты бабаларымыз және орта ғасырлық басқа да ірі тұлғаларымыздың бәрі де өзіндік үлес қосты. Осылар секілді қазақ топырағынан шығып, әлемдік биікке көтерілген бабаларымыздың еңбегі Қазақстанның, халқымыздың беделін көтеруге үлкен әсері бар ғой.
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Әрине. Біз бұрындары оларды білмей келдік. Жасырып-жабары жоқ, Кеңес кезеңінде бізге: «Тарихтарың жоқ, тарихтарың мен мәдениеттерің Қазан төңкерісінен басталады», – деп келді емес пе? Біз соған сендік. Солай екен деп ойладық. Сөйтсек, тарихымыздың тамыры тереңде екен. Жерімізден көптеген ғұламалар шыққан. Сонау Кеңестік кезеңнің өзінде, әсіресе Тәуелсіздік алып, өз билігіміз өзімізге тиген соң, Отанымыздан шығыс тілдерін меңгерген білікті мамандар даярлауға мен де өз үлесімді қостым. Енді ұлтымыздың ғылым-білімін, ұмыт болған, дүние жүзіне шашырап кеткен жазба-жәдігерліктерін өзіне қайтаруымыз керек. Олар біздің мақтанышымыз.
Көрермен сауалы: Қазақстан мұсыл-мандары діни басқармасының ұйым-дастыруымен жыл сайын Құран оқу жарысы өтеді. Елімізде қари даярлау ісі қалай дамуда?
Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Астана қаласынан 20 шақырым жерде Қосшы дейтін ауыл бар. Сол жерден жоғарыда айтылған Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби ат-Түркістани атындағы қарилар дайындайтын орталық аштық. Қари деген кім? Қари – Қасиетті Құранды жатқа біліп, жатқа оқитын адам. Қазір, міне, бірнеше жыл болды. Осы оқу орнын бітіргендер республикамызда ғана емес, Египетте, Иранда, Үндістанда өтетін түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ондай жарыстар Алматы қаласындағы Орталық мешітте өтеді. Біз қарилардың озықтарын жаңағыдай халықаралық жарыстарға жіберіп тұрамыз.
Қари дегеннен шығады, осыдан бірнеше жыл бұрын мені Үндістанға Құран жарысына шақырды. Алматы қаласының Бас имамы Құлмұхаммед Маханбет екеуміз елімізде жүлделі орындарға ие болып жүрген екі қариды таңдап алдық. Үндістандағы жарысқа 25 елден қарилар келіпті. Олардың барлығы «сен тұр, мен атайындар». Өйткені олар біздің еліміз көрген атеизмді, аштық пен саяси қудалауды, сталиндік террорды көрген жоқ.
Содан қариларымыздың жағдайы қалай болар екен дегендей пұшайман ойда болғанымызды жасырмаймын. Алайда, Аллаға шексіз шүкір, қариларымыз төртінші орын алды. Сол жолы Алла тағала Үндістанның президенті Абдул Кәләммен ұшырасуды нәсіп етті. Ол профессор екен. Жыл сайын Үндістанға келген қарилар басшыларының бірін қабылдап, құрмет көрсетеді екен.
Әуелгіде бізді шақырады-ау деген ой қаперімізге де кірген жоқ. Содан кенет елшіміз Асқар Шәкіров келіп: «Сіздерді Абдул Кәләм қабылдайтын болды», – деді. Бардық. Бізге хаттама қызметкері: «Сіздерге 9 минут бөлінді. Ол кісінің уақыты аз. Ол ядролық физика маманы, ғылым докторы, профессор. Уақытын алмаңыздар. Сұхбат тоғыз минуттан аспасын», – деді. Біз тоғыз минут емес, бақандай қырық бес минут отырдық. Президент Абдул Кәләмнің өзі жібермеді. Айтайын дегенім, ол: «Бабаларыңыз Мұхаммед Хайдар Дулатиді іздеп жүр екенсіздер. Оны Кашмирден тауыпсыздар. Міне, қариларыңыз төр-тінші орын алыпты. Осының барлығы – тәуелсіздіктеріңіздің арқасы. Қариларды бастап келетін министрлердің кейбірін мен жылда қабылдаймын. Бұл жолы оларды емес, сізді таңдадым. Сіз де ғалым екенсіз. Ғалым мен ғалымның әңгімесі қызық әрі ғибратты болар деп ойладым», – деді. Сондай-ақ, Абдул Кәләм: «Екіншіден, Қазақстан да Үндістан сияқты көп тілді, бірнеше дінді ел екен. Бірақ бізде бірлік жоқ. Халық бірінің ғибадатханасын бірі жарып, бірінің пойызын бірі өртеп жатады. Сіздерде тыныштық. Қалай бірлікте, ынтымақта өмір сүріп жатырсыздар? Соны айтыңызшы? Сізді шақырғанымның екінші себебі осы», – деді.
Көрдіңіздер ме, сырт көз халқымыздың ынтымағы мен бірлігіне қызыға қарайды екен. Сол себепті татулығымызды, ынтымағымыз бен бірлігімізді насихаттай беруіміз керек екен деген ой мені одан сайын баурап алды.

Білімнің қайнар бұлағы

Н.Жантелиев: «Асыл арнаға» «Қазақстанның мешіттері мен медреселері» атты тағы да бір кітабыңызды ала келіпсіз. Оны әңгімеге арқау етуге уақытымыз жетпес, дегенмен Қазақстанда ашылған алғашқы мешітімізді қай ғасырға жатқыза аламыз? Сонымен қатар тәуелсіздік алғаннан соң бой көтерген мешіттер туралы да айта отырсаңыз?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Ең алғашқы ғалымымыз ретінде, әдетте, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз аталады. Ол кісі 870 жылы туып, 950 жылы қайтыс болған. Яғни 870 жылы халық ислам дінін қабылдап үлгерген. Сол кезде-ақ мешіттер салына бастаған. Алғашқы мешіттердің бірі Отырарда бой көтерген. Бірақ, өкінішке орай түрлі соғыстар мен қақтығыстар кесірінен ол біздің заманымызға жетпеді. Бірақ, орны сақталған. Тұрған жерін археолог Кемел Ақышев тапты. Ал енді жартылай сақталған да бір мешіт белгілі болып отыр. Ол Таразда. Мешіт 893 жылы салынып, бірнеше ғасырлар бойы халыққа қызмет еткен. Ішкі құрылысы, сәулеті таң қалдырады. Оны да археологтарымыз тауып, қалпына келтірді. Ол Қарахан кесенесінен жүз метрдей жерде, шығыс жақта тұр.

Осындай мешіттер мен медреселерді іздеп, Қазақстанның облыс орталықтарындағы мұрағаттарды сүзіп шықтым. Оралда да, Өскеменде де, Көкшетауда да болдым. Сырымбеттегі Шоқан атамыз білім алған медресеге де ат ізін салдым. Оралдағы Жәңгірхан салдырған мешітке де бас сұқтым. Осылар жайлы тарихи мәліметтерді жинап, «Қазақстанның мешіттері мен медреселері IX-XX ғ. Рухани шамшырақтар» деген атпен 2009 жылы үлкен кітап шығардым.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған кезде елімізде бар болғаны 68-ақ мешіт болған. Оның бірінің  мұнарасы болса, күмбезі жоқ, күмбезі болса мұнарасы жоқ еді. Ал қазір ше? Аллаға шүкір, тап бүгін мешіттеріміздің саны 2300-ден асты. Олар халықтың ынтымағы мен бірлігіне, татулығына, имандылығына қызмет етуде.

Әрине, әл-Фарабилер заманында университеттер болған жоқ, бірақ медреселер болды. Әл-Фараби де, Ибн Сина да, Ұлықбек те, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қыдырғали Жалайыри де медреселерді ғана бітірген. Бірақ, исламның құдіреті соншалық, медреселердің терең білім беруінің арқасында Мұхаммед Хайдар Дулати атақты тарихшы болды. Әбу Насыр әл-Фараби Еуропа ұйықтап жатқан кездің өзінде, музыканың да теориясын жазды. Бұл ғажап қой.

Соңғы жылдары мен Қазақстанның түкпір-түкпірінен 9 медресе аштым. Алматы қаласынан «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті шәкірттер қабылдай бастады. Имамдардың білімін жетілдіретін Алматы ислам институты да игі іс атқаруда. Жоғарыда айтылғандай, тіпті қарилар дайындайтын оқу орнымыз да бар. Осылардың барлығы болашақта Қазақстанның тәуелсіздігіне, ынтымағына, бірлігіне, халқымыздың руханиятына, имандылығына қызмет етеді, етіп те жатыр. Өйткені, руханиятсыз мемлекеттің болашағы жоқ. Оны Кеңес үкіметінің мысалымен-ақ көруге болады.

Ислам бұрындары да мемлекетіміздің жүрер жолы, түрлі ғасырларда тірегі, таянышы, сүйеніші болған. Қазір де солай. Болашақта да инша Алла солай болады деген асқақ үміт бар.

Ізгілік бастауы – ізгі ниет

Н.Жантелиев: Сіз айтқан Ибн Сина – кезінде медицинаның, әл-Хорезми математиканың негізін қалаған. Оларды бір сұхбатта айтып, тауыса алмаймыз. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев бір сөзінде: «Неге қазір мұсылман елдерінен Нобель сыйлығына лайықты ғалымдар шықпай жатыр», – деді. Ресей нанотехнология, биотехнологияға көңіл бөлуде. Сөзіңізден ұққаным – егер халықтың жүрегіне алдымен иман мен тәрбие ұялап, одан кейін білім қонатын болса, онда әлем мойындайтын, әлемдік ғылым, білімге, мәдениетке үлес қосатын ғалымдардың шығатыны анық. Бұған не айтасыз?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Иә, дұрыс. Дегенмен әуелі ынтымақ, бірлік, ауызбіршілік болса ғана даму болады. Білім, ғылым өркендейді. Сол себепті жұртымыз ынтымақ, бірліктен соң ғылым, білімге көңіл бөлуді көздеген. Ал ислам үлкен ғылым-білім, өркениетке де негізделген.

Қолыма жуырда бір дерек түсті: Отырардан шыққан үлкен бір ғалым Х ғасырда ұшу аппаратын жасауға талпыныпты. Көрдіңіз бе? Ислам өркениеті сонау орта ғасырлардың өзінде-ақ техника саласында да жетістіктерге жеткен. Қасиетті Құранның 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылады. Яғни, ислам діні жай қарапайым дін ғана емес, үлкен өркениет, ғылым мен білімге, мәдениетке негізделген дін. Олай болса, исламның шығар асуы, биік белесі әлі алда. Алла қаласа, болашақта біздің елден де Нобель сыйлығын алатын азаматтар шығар. Оған күмәнім жоқ. Қазақстан – болашағы зор мемлекет. Осыны жиі айтам. Құдай қаласа, біз болашақта Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерге ғылым және білім арқылы көмектесетін де боламыз. Ол үшін әрине ынтымақ пен ауызбіршілік, имандылық және білім керек. Неге Ислам өркениеті орта ғасырларда шарықтап дамыды. Өйткені олар Ислам құндылықтарынан сусындап, оны меңгерді. Көп үйренді, оқыды, тоқыды. Осыны ұмытпау керек.

Н.Жантелиев: Әлгінде мешіттеріміздің саны өсті дедіңіз. Егер де ғибадатханалар көп болғанымен, олар жамағатқа толмай жатса, әрине қынжылтар еді. Бірақ, қуанышқа орай, Алланың қалауымен, мешіттердің іші ғана емес, аулалары да халыққа, әсіресе жастарға толы екендігін көріп жүрміз.

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: 2000 жылы дін қызметіне келіп, алғашқы жұма намазына шыққан кезде, Алматы мешіті жарым-жартылай ғана толатын. Қазір жұма күндері мешіттердің ауласына дейін жұрт сыймай жататынын өзіңіз де айтып отырсыз. Бесін түгілі тіпті таң намазына да халық көп келеді. Алла тағала үйлері халыққа толы болғаны жақсы. Мен үнемі: «Қазақ халқы болашақта мейрамханалар мен казинолардың көптігімен емес, мешіттеріміз бен медреселереіміз, иманды қоғамымызбен мақтанатын кез келеді», – деймін. Ынтымақ, бірліктің, татулықтың арқасында қазақ елі әлі-ақ үлкен жетістіктерге жетеді. Инша Алла, солай болғай!

Н.Жантелиев: Мешіт тақырыбын ары қарай жалғай түссек. Дағдарыс уақытының өзінде де әлемдегі дамыған елу елдің қатарына қосылуды жоспарлаған Қазақстан халықтың ішкі бірлігінің, ынтымағының арқасында, әрине Алланың қалауымен дағдарыстан аман-есен шықты. Бүкіл Еуропаны қиыншылық дендеп тұрған тұста Астанада Орта Азиядағы үлкен ғибадатханалардың бірі «Хазрет Сұлтан» мешіті ашылайын деп жатыр. Осы жөнінде ой өрбіте отырсаңыз?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Хазреті Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінде «Иннама-л ағмалу бинниат» делінген. Мұны қазақ тіліне аударсақ, Алла тағала: «Не берсем де ниетіңе қарап берем» дейді. Жаратушы иеміз байлық пен ғылым-білімді, яғни не берсе де ниетімізге қарап береді. Ал қазақ – ниеті жақсы, сабырлы халық. Сондықтан да халқымыздың ынтымағына, ниетіне Алла тағала көп нәрсе беріп отыр.

Жаңа мешіттеріміз 2300-ден асты дедім. Соның бірі әрі бірегейі Әзірет Сұлтан ғибадатханасы. Оның іргетасын 2009 жылы әлемдік және дәстүрлі 3-съезіне бір күн қалғанда Нұрағаңның өзі келіп, Тәуелсіздік сарайының қасынан жеті гектар жер бөлдіріп, қалап едік. Міне, әл-хамдулилла, енді 4-съез біте салысымен сол мешіт ашылғалы тұр. Ол Орталық Азиядағы үлкен Алла тағаланың жердегі үйлерінің бірі. Кейбір елдер мешіт салмақ түгілі күнін де көре алмай отыр. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару, экономикамыздың көтерілуі мен ынтымақ, бірліктің арқасында осындай үлкен рухани ғимараттарды халқымызға сыйлап жатырмыз. Егер де осылай ынтымақ, бірлікпен ары қарай да өмір сүре берер болсақ, отанымыз әлі талай биік белестерді бағындыра алады. Он, жиырма мың ғана емес, сиымдылығы одан да көп мешіттер салуға мүмкіндігіміз болады. Алла тағала соған жеткізсін деп тілейік. Жалпы соңғы жылдары Нұрекең 10-ға жуық мешіттер салдырды. Алла тағала ол кісіге разы болсын!

Үндеуге үн қосу

Көрермен сауалы: Қасиетті Рамазан айының басталуына шамалы қалды. Хадистерді оқысақ, сахабалар оған алты ай бұрын дайындалған екен. Оған Діни басқарма қалай әзірленуде?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: 2012 жылғы Рамазан айы шілденің жиырмасына дөп келіп отыр. Оған да шамалы уақыт қалды. Бауырларымның есінде болар: жыл сайын қасиетті Рамазан айының қарсаңында үлкен бір ұсыныс жасап жүрмін. Биыл, Алла қаласа, сол бастаманы тағы да жалғастырамын. Қасиетті Рамазан айында және одан кейін де еліміздің дүкендерінде, мейрамханаларында және тағы да басқа жерлерде арақ-шарап сатылмаса. Адамды аздаратын, иманнан бездіретін әзәзіл арақ ішілмесе, дастарханға қойылмаса.

Сондай-ақ, осы қасиетті Рамазан айында киім-кешек, азық түлік бағасы ең болмаса 10 пайызға төмендетілсе. Бұған қосымша биыл тағы да пойыз, ұшақ бағалары да 10 пайызға дейін арзандатылса деген бастамам БАҚ-та жарияланады. Былтыр осындай үндеу жасаған кезімде кейбір азаматтарымыз, телефон шалып «10 пайыз деген не, неге 30 пайыз демейсіз» дегені бар. Кейбірі тіпті одан көбірек пайызға төмендете аламыз» деді. Елімізде иманды азаматтар көп қой. Сөйтіп үндеуімді қолдаушылар көп болды. «Егемен Қазақстан» үндеуіме үн қосқандардың хаттарын бірнеше рет жариялады. «Егемендіктерге» Алла разы болсын!

Н.Жантелиев: Тәуелсіздік алған жылдардың бастапқы кезеңінде исламның бес парызының барлығын орындау мүмкін болмағаны белгілі. Өйткені экономикалық жағдай әлсіз еді, ал қазір керісінше. Меккеге қажылық сапарды өтеуді Алла тағала көптеген азаматтарға нәсіп етті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Биыл 2012 жылы сәуір мен 1 мамыр арасында Меккеде болдым. Сауд Арабиясының қажылық істер министрі Бандар бин Мұхаммед мені арнайы шақырды. Онда өткен жылғы қажылықты талқыладық. Үстіміздегі жылға 5000 орын сұрадық. Квота тегін беріледі дегенді білдірмейді. Квота Сауд Арабиясының Қазақстаннан бес мың қажы қабылдайды дегенді білдіретін сөз. Меккеде «Әл-Харам» мешітінде Қарағанды облысынан келген бір топ апаларымызбен ұшырастым. Алматыда, Астанада кездескен секілді қуанып, мәре-сәре болып қалдық.

1994 жылы университетте істейтін кезім. Сол кезде Діни басқарманың өтініші бойынша Қазақстан қажыларын бастап қасиетті жерлерге бардым. Қажылар 174-тен аспады. Солардың ішінде ұлтымыздан 2-3-ақ кісі болды. Ол шынында да экономикалық қиын кез еді. Қазір үлкен қажылық емес, умраға да апаларымыз, аталарымыз, бауырларымыз, інілеріміз, қарындастарымыз барып жатыр. Тек шариғат шарттарын дұрыс ұстаса деген тілек бар.

Біз ұзақ жылдар атеизмді бастан кештік. Сондықтан да имандылық, тақуалық бірер жыл ішінде бола салмайды. Бәріне уақыт керек. Әйтсе де қажыларымыз көбейіп, имандылығы артқан сайын, инша Алла, еліміз болашақта имандылар еліне айналуы бек мүмкін.

 «Дін – насихат»

 Н.Жантелиев: Қазір бір жақсысы еліміз мешіттерінің имамдарынан кез-келген сұрақ бойынша жауап алам аламыз. Оған Аллаға шүкір дейміз. Сіз бір сөзіңізде имамдардың білімін жетілдіретін Алматы Ислам институтын аштым деп қалдыңыз. Ол қандай оқу орны? Оны ашудағы мақсат не еді?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін елімізде діни оқу орындары болған жоқ. Дін кадрларын дайындауға мүмкіндік болмады  және Кеңестік коммунистік идеология оны болдырмады да. Бұхарада «Мир-Араб» деген медресе бар. Ол орта ғасырда ашылған. Мен онда да болдым. Соның өзін елімізден бітіргендер саусақпен санарлықтай екен. Не істеу керек? Сол себепті, Елбасымыз көмегінің арқасында әуелі «Нұр-Мубәрак» Египет Ислам мәдениеті университетін ашқанымызды жоғарыда айттым. Қазір имам хатибтер жүйелі дайындалып жатыр. Оқу мерзімі 4 жыл. Күні бүгінге дейін оны 260 жас түлек бітіріп шықты. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етуде. Сондай-ақ 2012 жылы ғана 9 медреселерімізді бітірген 100-ден астам түлектеріміз дін қызметіне кірісті. Әйтсе де біраз мешіттердің  имамдарының діни білімі жоқ. Оларды соны сылтау етіп қызметтен босатып жіберсек, елімізде қаптап жүрген секталар қолын шапалақтап қуанбай ма?!

Осы ретте Әл-Фараби университетінде қызмет етіп жүрген кездегі тәжірибе есіме түсті. Онда жоғары мектеп қызметкерлерінің білімін жетілдіретін институт бар еді. Онда еліміздің жоғары оқу орындарының ұстаздары келіп, білімін жетілдіріп жататын. Дәл осындай білім ордасын неге ашпасқа деген ой салды Жаратушы Иеміз. Сонымен 2001 жылдың басында Алматы қаласынан имамдардың білімін жетілдіретін Ислам институтын аштым. Оқу мерзімі 4 ай. Әділет министрлігінде тіркеттік. Куәлігін бекіттік. Содан оны бүгінге дейін 1001 (бір мың бір) имам бітіріп шықты, яғни 1001 имамның білімін жетілдіруге қол жетті деген сөз. Мұны үлкен жетістік деп ойлаймын. Бірақ кадр дайындауда әлі де проблемалар бар екенін жасырмаймын.

Н.Жантелиев: Асыл дінімізді насихаттауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен мешіттеріміз және ондағы имамдарымыздың рөлі, әлбетте, ерекше. Сондай-ақ, ХХІ-ші бүгінгі ақпарат ғасырында ТМД елдері бойынша республикамызда тұңғыш ашылған «Асыл арна» ислами телеарнасы, muftyat.kz, meshеt.kz сияқты сайттарының ашылуы елімізде Исламды уағыздаудың үлкен құралына айналып отыр емес пе?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Әрине! meshet.kz, muftyat.kz және «Асыл арна» Отанымызда татулықтың, имандылықтың артуына үлкен қызмет етіп отыр. Мысалы, біздің meshet.kz-ты алайық. Ол орыс тілінде түскен сауалдарға жауап береді. Егер қазақ тілінде сауал берсең, автоматты түрде muftyat.kz-ке түседі де, ал muftyat.kz-ке орыс тілінде сұрақ қойсаң, meshet.kz-ке енеді. Осының барлығын білікті мамандарымыз атқарып отыр. Сауал қоюшылар ішінде Швеция, Аустралия, Еуропалықтар да бар. Сөйтіп сайттарымыз игі қызмет етуде. Ислам дінін, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын насихаттаудағы ондай насихат орындарының қызметі ерекше дер едім. Исламды ТМД елдерінің қайсысы осылай насихаттап жатыр?

Нұрболат Жантелиев: muftyat.kz немесе meshet.kz болсын, солардың беттерінен намазды қаза етіп алғанда не істеу керек, дәретті қалай аламыз іспетті күнделікті өмірде кездесетін қарапайым сұрақтар да ұшырасып жататынын байқадық.

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Иә, хазреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Дін – насихат» деген даналық сөзі бар. Шынында да дін насихатпен көгереді, дін насихатпен өрбиді. Сол себепті 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық тойы қарсаңында тәжірибе ретінде алғаш рет «Ислам және өркениет» деген газет аштық. Алғашқыда ол мың данамен ғана шықты. Қазір тиражы 53 мыңға жетті. Таралымы бойынша ол еліміздегі үнжариялар арасында 3-4-ші орынға шықты. Оқырмандары көп. Газет исламның бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтарын насихаттауда. Сондай-ақ «Иман» деген де журнал шығарып жатырмыз. Оның таралымы он үш мың. Осындай үлкен игі де ізгі жұмыстар атқарылуда. Термелеп айта берсе, оған біраз уақыт керек болар.

Н.Жантелиев: Осындай ақпарат құралдарының күннен-күнге көбейгендігі, әрине, қуантады. Жаңадан намаз бастап, ислам дінін танығысы келген адам әр түрлі ағымдардың жетегінде кетпес үшін шығарып жатқан түрлі діни әдебиеттер мен осындай ақпарат құралдары арқылы да халық таза хақ дінді тани білсе, мақсатымыздың да орындалғаны емес пе?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Діни басқармада діни сараптау бөлімі бар. Дін тақырыбына арналған бізге түскен қолжазбалар әдетте сол бөлім сараптауынан өткеннен кейін басуға ұсынылады. Өкінішке орай, осыдан жиырма жыл бұрын әркім ойына келген кітаптарын шығарып жататын. Оларды оқығандар терес әсерден құтыла алмай, зиянды ағымдар шырмауығына шырмалып жататын.

 Дін және жастар

Н.Жантелиев: 2012 жылы мамырда Астанада үлкен абыроймен өткен әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының IV құрылтайында «Ислам және жастар» деген тақырыпта баяндама жасадыңыз. Осы құрылтайдың алдыңғы алқалы жиындардан өзгешелігі неде деп ойлайсыз?

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Иә, бұл құрылтай өзге құрылтайдан өзгеше болды. 2003, 2006, 2009 жылдардағы құрылтайлар делегаттары шектеулі болып еді, бұл жолы қатысушылар екі-үш еседей көп болды. Құрылтайдың  пленарлық мәжілісінен кейін делегаттар төрт секцияға бөлініп, жаһанға ортақ мәселелерді талқылады. Мәселен, дін және әйелдер, дін және жастар, т.б.

Бүгінгі күні қоршаған ортаның ластануы, таза судың тапшылығы, ауаның бұзылуы салдарынан жұрттың, оның ішінде жастардың да денсаулығы нашарлап кеткені рас. Бұл бізді де алаңдатады. Сондай-ақ күні бойы жұмыста компьютер алдында тапжылмай отыру, қозғалыстың аздығы да денсаулықтың ерте сыр беруіне соқтыруда. Бұдан шығатын жол бар ма? Ең тиімдісі – спорт.

Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде жастарды суға жүзу, жүгіру, күрес, садақ ату сынды спорт түрлеріне баулу керектігі айтылса да, Ислам әлемі бүгін спортта өз биігінен көріне алмай отыр. Ендеше, өзара бәсекелестікке негізделген әлемдік спорт додаларында да мұсылман жастары қатарынан қалмай намысқа тырысып, жүзден, жүйрік, мыңнан тұлпар шығуға талпынуы керек. Бұған қоса, спортты жарыспен ғана шектемей, халықтың саулығы тұрғысынан қалыпты ұстаным, жалпылама өміршең дәстүрге айналдыра білсек дегім келеді.

Қазақ халқында «Тәні саудың жаны сау» деген мағыналы сөз бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тәннің саулығын қамтамасыз етуде қоғамда алкоголді өнімдер мен есірткі, темекінің  жарнамасы жасалмауына көңіл бөліп келеді. Салауатты өмір салтын ұстану тұрғысынан көтерген бұл бастамамыз билік және халық тарапынан да қолдау тауып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.

Сонымен қатар бүгінде бірқатар елдерде денеге артық салмақ қосу, семіздік мәселеге айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде қазіргі 155 миллион артық салмақтағы балалар болса, олардың 45 миллионы 5 пен 17 жас аралығындағылар екен. Аталмыш ұйым алдағы 40-50 жылда жер шары халықтарының 50-60 пайызы семіздік ауруына шалдығуы мүмкін екендігін айтып дабыл қағуда. Өкініштісі, мұсылман елдері де бұдан тыс қалып отырған жоқ. Жүрек, диабет, қан қысымы ауруларымен қатар артық салмақтағы адамдар үшін кез-келген ортада өзін жайсыз сезінетін психологиялық ауыртпалықтарды да қоссаңыз, мұның қоғам үшін айтарлықтай зиян екенін түсінеміз. Мұндай қиындыққа ұшырамас үшін адамзат не істеуі керек? Ол үшін жасөспірімдер арасында семіздік пен оның қауіпті салдарына тиісті деңгейде назар аудару керек.

Теледидарлардан берілетін жарнамаларды мұқият қадағалау, тексеріп, сүзгіден өткізу күн тәртібіне қойылуы тиіс. Түрлі зиянды қоспалар қосылған тәттілер, сусындар, жасанды тамақтардың жарнамаларын қысқартып, оқу орындарында көп сатылмауын бақылау ләзім. Қазір көшеде кетіп бара жатып та жей беретін сэндвич, гамбургерлер, фаст-фуд тағамдары негізінен артық салмақ қосуға апарып соғуда.

Ислам дұрыс тамақтану ережесіне көп көңіл бөлетін дін. Адамзаттың асылы ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керек екенін, қалай дұрыс тамақтанғанда денені саулықта ұстауға болатынын өз өмірімен дәлелдеген. Шариғатымызда ненің адал, ненің харам екендігі тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Осы орайда адам денсаулығына зиянды түрлі химиялық қоспадан ада халал өнімдерді тұтыну да үнемі бүгінгі жастардың қаперінде жүрсе деймін.

Сондай-ақ нашақорлық пен өзіне-өзі қол жұмсау, ұрлық-қарлық та көрініс беруде. Ол ді бізді алаңдатады.

Н.Жантелиев: Халық сізден бата сұрайды. Сұхбат соңында соның сәті келіп тұрғандай…

Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі: Иә, Раббәна, Алла, карим! Елімізге амандық, Отанымызға тыныштық, халқымызға береке-бірлік, ынтымақ бере гөр! Алла тағала сүйікті Отанымыз Қазақстанды әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналдырып, бірлігі жарасқан иманды елге айналдыра гөр! Алла тағала, елім, жерім, отаным, халқым, дінім деп жүрген Елбасымызға, елдің, Отанның қамында жүрген асыл азаматтарымызға тауфиқ пен һидәятты нәсіп ете гөр. Аумин. Аллаһу әкбар!!!

Н.Жантелиев: Хабарымызға келіп, тұщымды ойларыңызды ортаға салғаныңыз үшін сізге Алла разы болсын! Алла тағала Сізге қазіргідей алмағайып заманда үлкен жауапты қызметті нәсіп етті. Соны әрі қарай да абыроймен атқарып, еліміз, дініміздің кең қанат жаюына үлес қоса беріңіз.

 

P.S. Бұл сұхбат халық арасында үлкен серпін туғызды. Телефон соғушылар мен хат жазып хабарласушылар да көп. Бұл жұртымыздың, қоғамымыздың ата дінімізге, имандылыққа бейжай қарамайтынын, асыл дінімізге деген сый-құрметін де байқатты. Осы ретте Маңғыстау облысының Ақтау қаласынан түскен Исахан Бибатыров деген азаматтың төмендегі хатын сұхбаттың түйіні ретінде ұсынғанды жөн санадық.

Дінбасымен болған әсерлі әңгіме

 Исі қазаққа имандылықты насихаттап жүрген «Асыл арна» телеарнасының көрерменге айтары көп. Әсіресе әр апта сайын тікелей эфирге шығатын «Иман нұры» хабары арқылы біраз мәселенің мән-жайын ұғып білдік. Діни басқарма тарапынан тағайындалған имам бауырларымыздың уағыз-насихатын тыңдап, толғандырған сауалдарына кез-келген көрермен сол мезетте жауап ала алатын осы хабардың 2012 жылдың сәуіріндегі көрсетілімі тіптен өзгеше болды. ҚМДБ және Орталық Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, еліміздің Бас мүфтиі шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің қатысуымен өткен «Қазақстан – дінаралық келісім алаңы» атты бұл тікелей эфирден алған әсеріміз ерекше. Халықты халқын сүйген адамдар ғана басқаруға лайық. Алғашқы сөздерін Отанымыз жайлы ойлы көзқарастан бастаған Дінбасы әрбір сөзімен еліне деген ерекше махаббатын аңғартқандай. Кешегі кеңес өкіметі кезеңінде біз өз тарихымызды білген жоқпыз. Бәзбіреулердің қазақтай бекзат халыққа таңған жалған жаласы мен жасанды идеологиясына сеніп өстік. Тіпті қазақ екеніне намыстанып, құжаттарына ұлтын өзгерткен қандастарымыздың болғаны да жасырын емес. Ал, сан жылдар бойы санамызға мықтап қалыптасқан сол түсінікті күйретіп, халқымыздың арғы-бергі кезеңдеріндегі даламыздан шыққан данышпан тұлғаларды түгендеп, ұмыт болған бабаларды ұрпағымен қайта қауыштырып жүрген шейх Әбсаттар қазы Дербісәлі хазреттің азаматтық ісіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Оның еңбектердің орыс, ағылшын тілдеріне аударылып жарыққа шығуы және үлкен қуаныш. Өйткені атын әлем білген Тәуелсіз отанымызды жат жұрттың да жақсы қырларынан танығаны абырой. Осындай мақсаттың жолында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан Дінбасының: «Қазақ халқы исламды қабылдап қана қойған жоқ, ислам өркениеті мен мәдениетін байытуға үлкен үлес қосты», – деп кесіп айтуы тегін емес. Бір Алладан басқаға бас имеген бабаларымыздың арасында расында да атын айтып мақтануға тұрарлық тұлғалар аз болмаған. Тіпті қазақ даласындағы мешіттердің тарихы сонау 8-9 ғасырдан бастау алатынын осы «Иман нұры» хабары арқылы дінбасының аузынан естідік. Осылайша кезегімен өрбіген кең құлаш әңгіменің желісіндегі Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің: «Қазақ халқы мейрамханалары мен казиноларының көптігімен емес, иманды азаматтарының, мешіттерінің көптігімен мақтанатын заман келеді», – деген сөзі келешекке деген сенімімізді нықтай түсті. Лайым солай болғай. Әйтпесе ауыл тұрмақ аудан көлемінде, әрі кетсе алты шал намаз оқыған күндерді де көзіміз көрді ғой. Аллаға шүкір, қазір жастардың жаппай иманға бет бұруы, жұмада мешіттердің ауласына дейін адам сыймай жатуы, Катар сияқты ислами мемлекеттердің басшылары елімізді: «Қазақстан – мұсылман елдерінің жарық жұлдызы» деп бағалауы, осылардың бәрі де Алланың бізге бұйыртқан үлкен нығметі.

«Иман нұры» хабарының барысында осындай жетістіктерге жете тоқтала келіп, Әбсаттар қажы хазрет: «Қазақ – ниеті жақсы халық, сабырлы халық, ынтымағы жарасқан халық. Осының бәрін Алла тағала қазақтың сол ниетіне беріп жатыр» деген әдемі қорытынды жасады. Мүфтимен тілдесуге туған мұндай мүмкіндікті көрерменнің де жіберіп алғысы келмейтіні ақиқат. Хабарласқан бір кісі дінбасынан оразаға қалай дайындалу керектігін сұрағанда мүфтидің жауабына жанұямызбен қатты риза болдық. Тіпті жүрегіне иман ұялаған алыс-жақындағы туыс, таныстарымыздың да бұл мәселеге деген көзқарастары бір жерден шықты. Дінбасы рамазан айының қарсаңында, тіпті одан кейін де дүкендерде арақ-шарап саудасын тоқтату жұмыстарын қолға алып жатыр екен. Сонымен қатар азық-түліктің бағасын қасиетті айда 10 пайызға арзандату туралы ұсынысын ортаға салды. Бұл хабарды алдын-ала естіген кейбір кәсіпкер азаматтар тіпті халыққа 30 % жеңілдік жасай алатынын айтып жатыр екен. Әрине, бұл Аллаға иман келтірген, Жаратушысының разылығын іздеген жандардың көбейгендігінің белгісі.

«Дін – насихат» депті Пайғамбарымыз (с.ғ.с). Осы орайда ҚМДБ өкілдерінің, дінбасымыз хабар барысында ерекше ықыласпен атап өткен «Асыл арна» телеарнасының, сондай-ақ еліміздің әр түкпіріндегі дін қызметкерлерінің атқарып отырған ерен еңбектерін жоғары бағалауымыз керек. Еліміздің бас мүфтиімен болған саналы жанның шүкірін арттырып, ой салар бұл салихалы сұхбат басқа да көрерменнің көңілінен шықты деген сенімдемін. Сөзімнің соңын Дінбасына қаратып: Алла деніңізге қуат, ісіңізге береке берсін. Еңбегіңіз жемісті болсын. Бала-шағамызбен бірге ұялмай отырып көре алатын ТМД дағы жалғыз мұсылман арнасы – «Асыл арнаның» эфирі арқылы еліңізбен жиі қауышып тұрсаңыз деген өтінішпен аяқтағым келеді.

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Икрам Адырбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: Қоғамда адамнан қымбат ештеңе жоқ

202 – Икрам аға, жуырда Елордамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы-ларының ІҮ съезі болып өтті. Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ. Сіздіңше, мұндай жиынның әлем үшін маңызы қандай? – Қазақстанда діндер арасын­дағы өзара түсіністік пен рухани келі­сімді қалыптастыруда нақты шараларға бас­та­машы болып отырған Қазақ­стан Президенті Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев­тың Астанада діндер көшбасшыла­ры­ның съе­зін […]