Маңғыстау ақпараттары

publisher

Діни бағдарлама жаңарды
«Қазақстан-Ақтау» телеарнасы екі жылдан бері халықты имандылыққа баулу мақсатында «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасын эфирге шығарып келеді. Ол кездері бағдарлама уақыты небәрі 15 минуттан аспайтын және қонаққа тек имамдар ғана шақырылып, солармен ғана әңгіме-сұхбат жүретін.
Жуырда «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасы да жаңа форматқа көшті. Енді студияға имамдармен қатар мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттері, зиялы қауым өкілдері және бағдарламада көтерілген тақырыпқа тікелей қатысы бар құзырлы орындардан мамандар қатысатын болды. Тағы бір ерекшелігі, бағдарлама халыққа тікелей эфирде таратылып, кез келген көрермен көкейтесті сұрақтарына телефонға қоңырау шалып немесе jumadagy_juzdesu@mail.ru электрондық поштасына хат жазу арқылы жауап алмақ.
Сонымен қатар, бағдарламаны Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Ә.Өтенбаев және «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының журналисі Қ.Мергенбай жүргізетін болды.
Халыққа жол тартқан жаңа форматтағы «Жұмадағы жүздесу» бағдарламасының алғашқы санында облыстық «Бекет ата» мешітінің Бас имамы Тыныштық Яхияұлының ұсынысы бойынша «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» тақырыбы талқыға түсті.

Жаңаөзендік қонақтарды қабылдады
Жаңаөзен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Айдаров пен «Нұр Отан» ХДП Жаңаөзен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғ.Байжанов Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің Бас имамы Тыныштық Яхияұлының қабылдауында болды. Бас имам Жаңаөзеннен келген қонақтарды қуана қарсы алып, сөз басында қала халқының жай-күйін сұрады. Жаңаөзендіктердің тыныштық құшағында мамыражай өмір сүріп жатқанын, қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ілгері даму үстінде екенін естіген бас имам жағдайдың тұрақталғанына қуанатынын білдірді.
Кездесуде елдің ынтымақтастығы, ауыз бірлігі, діни тұрақтылық пен елдің имани хал-жағдайы кеңінен сөз болды.
Әлібек ӨТЕНБАЕВ,
Маңғыстау облыстық орталық
«Бекет ата» мешітінің найб-имамы

Мәслихат хатшысы өкіл имамды қабылдады
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысындағы өкіл имамы Тыныштық Мырзаев облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіповтың қабылдауында болды. Өңірдің діни ахуалы жайында әңгімелескен олар ынтымақтастық пен әріптестік орната отырып, қоғамда кездесетін түйткілдерді бірлесе шешуге, аймақтың рухани дамуына бірге қызмет етуге уағдаласты. Өкіл имам өз сөзінде ұлтаралық татулықты, ел арасындағы тыныштық пен бейбітшілікті дәріптеуге қызмет ететінін атап көрсетті. Қоғамымызда орын алған қазіргі діни көзқарастардың түрлілігі мен қарама-қайшылықтардың халық көкейінде көп сұрақ тудыратыны сөзсіз. Осы орайда оларға дұрыс бағыт беріп, тәуелсіз еліміздің іргетасы тыныштықта екеніне баса назар аударту – мешіт имамдарының негізгі міндеті. Арадағы әңгімені осы бағытта өрбіткен мәслихат хатшысы алдағы уақытта бас имаммен тығыз қарым-қатынаста болып, түрлі мәселелерде халық қалаулыларымен бірге шешім қабылдап, қолдау білдіретіндігін айтты.

Өкіл имам мешіт құрылысымен танысты
Маңғыстау өңірінде тағы бір жаңа мешіт бой көтеріп келеді. Мұнайлы ауданы, Атамекен селосында үстіміздегі жылдың ақпан айында іргетасы қаланған жаңа мешіттің құрылыс жұмыстарының аяқталуы жақын. Құрбан айт мерекесі қарсаңында жасалып жатқан ізгі істің орындалу барысымен танысып қайтқан Маңғыстау облыстық «Бекет Ата» мешітінің бас имамы Тыныштық Мырзаев заманауи талаптарға сай салынған жаңа мешіттің құрылысына көңілі толып, сауапты іске оң тілектестік білдірді.
Қазірдің өзінде Мұнайлыда екі мешіт жұмыс жасайды. Ал үшінші жаңа мешіттің құрылысына 20 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Мешіт барлық талаптарға сай, 400 орынды ер адамдарға, 200 орынды әйел адамдарға арналған намаз оқитын бөлмелер, неке қиятын бөлме, бас имамның бөлмесі, 30 орынды ер адамдарға, 20 орынды әйел адамдарға арналған сауат ашу орындары бар. Сондай-ақ, мешіттің барлық бөлмесіне қауіпсіздік шаралары үшін бейнебақылау орнатылған. Мешіт жанында ыстық және салқын сумен қамтамасыз етілген дәрет алатын орындары мен моншасы бар.
Сауапты іске ұйытқы болған «Ізгі амал» қоғамдық қоры, аймақтағы жеке кәсіпкерлер, Атамекен ауылының ақсақалдар алқасы мешіттің бойын тіктеп, құрылысының барынша тез аяқталуына үлестерін қосуда.
А.ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ,
Маңғыстау облыстық «Бекет-Ата»
мешітінің баспасөз хатшысы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Жат ағым кесірі – жаһаннам есігі

273 Астана. Секталар шырмауы әрбір саналы қазақстан-дықтың өзекті мәселесіне айналды. Өйткені, ата-баба-мыздан келе жатқан дәстүрлі дін Исламды мойындамай, қандастарымыздың санасына вирус кіргізуде. Елін, жерін сүйген жігерлі жас ұландар ұлттың қамын ойлап қызмет етуге қазірден бастап-ақ атсалысуда. Осы мәселелерге байланысты С.Қ.Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде қаламыздағы дін қызметкерлерімен кездесу өтті. […]