КІМНІҢ ТҮСІНІГІ ТАЯЗ?

publisher

Жақында болған бір жай көңілімді қобалжытып, қолға қалам алуға итермеледі. Өз басым Исламның ақ жолына түсіп, сәждеге жығылғалы он бес жылдың жүзі болды. Жастық шақта, албырт кезеңде артық кетіп, жаза басқан жерлеріміз болса, Тәңірім кеше жатар. Ал бүгінгі таңда ең таза дінді барынша мұқият ұстанып, жас буынға ісімізбен, ақыл-кеңесімізбен өнеге болуға тырысып жүрген жайымыз бар. Соған орай, араласатын адамдарымыздың да көпшілігі өзіміз сияқты «Құдай бір, Құран шын» деп жүрген тақуа жандар.
Жақында бір досымыз қуанышына шақырып, үлкен дастарқанда бас қостық. Мереке иесінің өзі де діндар адам болғандықтан, кәдімгідей халал той жасады. Екі жүздей адам жиналған тойханада таза мұсылманның көңіліне күмән келтіретіндей ас түрі болған жоқ. Иманды қауым адал дәмнен ауыз тиіп, қымыз бен таза суды, жеміс шырындарын ішіп отырды. Асаба да сөздерін хадистермен тұздықтап, тойды бастап кетті.
Кенет жұрт алдына Жамбыл атындағы театрдың екі әртіс келіншегі шықты. Аттарын атамай-ақ қояйын, екеуі де көпке танымал, жақсы өнерпаздар. Олар жиналған қауымның көңілін көтермек оймен шағын интермедия даярлап әкелген екен. Бірақ, «артық қыламын деп тыртық қылды» демекші, көріністері көңілімізді көтергенді қойып, біржола бұзып кеткенін өздері түсінбеді ғой деймін. Әртіс келіншектер қазақтың салт-дәстүріндегі кәделер үшін тартысып қалған екі құдағидың рөлін ойнап, ақырында сахнада бір «коньякты» бөліп ішіп, татуласып тарқасты. Халал тойға арнайы жиналған қауым біріне-бірі қарап, аңтарылды да қалды. Бұл не сонда? Әртістердің доғалдығы ма, жоқ әлде, мына діншіл қауымға әдейілеп көрсеткен қырлары ма?
Үзілісте Тұрсынбек есімді сол театрдың әртісіне жолығып, осы сауалымды қойғанда ол маған бастан-аяқ көз жүгіртіп шықты да:
– Аға, сіздің түсінігіңіз өте төмен екен, – деп салды мүсіркей қарап. – Бұл әртістердің ойыны, бұл шоу, бұл сіздің наным-сеніміңізге ешқандай қатысы жоқ. Әртіс сахнада не ішсе де, не айтса да өзі біледі.
Мен әлгі жігіттің айтқанына келіспейтінімді білдірдім. Қазір арақ-шарапты қойып, темекі, құмар ойындарды теледидардан, баспасөз арқылы жарнамалауға тыйым салынып жатыр. Ал біздің әртістер аузы дуалы, иманды қауымның алдына шығып, шарап ішуді насихаттауда. Бұл Алланың жолына да, қоғамдық тәртіпке де кереғар, үлкен жөнсіздік қой. Осыны құлаққағыс қылған менің түсінігім таяз ба, жоқ әлде, кешірім сұрау орнына өзімді сөккен осындай адамдардың түсінігі таяз ба? Осының ара-жігін айырып, ой бөліссек, ағайын!
Еренбек қажы БІЛІМБАЕВ,
Өскемен қаласы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

«СӘТСІЗДІК – ҮШ НӘРСЕДЕ» ДЕГЕН ХАДИСТІ ҚАЛАЙ ТҮСІНУ КЕРЕК?

620 ЫРЫМ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ Адам табиғаты қызық қой. Естіген, көрген нәрселерінен бір мағына шығарып, оны жорамалдауға дайын тұрады. Жақсы нәрсе естіп немесе көңіліне хош нәрсені көрген сәтте оны жақсылыққа жорамалдаса, ұнамсыз сөз естіп, жағымсыз нәрсе көрген кезде оларды жамандыққа ырымдай бастайды. Міне, сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ешбір адам үш нәрседен: […]