Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Дін туралы жаңа заңның әлеуеті күшті

publisher

Камал аға, осыдан бір жыл бұрын «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңы қабылданды. Бұл заң еліміздегі шиеленісі көп дін саласына қандай өзгеріс әкеледі? Бұрынғы солқылдақ заң секілді бұл да босаңдық танытпай ма?
– Біріншіден айтарым, осы заң-ның қабылдануы ел тарихындағы өте маңызды әрі елеулі іс-шара болды. Әрине, ол ертерек қабылдануы тиіс болатын. Бірақ, қазақ «ештен кеш жақсы» дейді ғой, сондықтан, осының өзіне де Аллаға шүкіршілік қыламыз және оның нәтиже беретініне сенеміз.
Екіншіден, бұл заң күшіне енген сәттен күрмеуі көп діни мәселелерді шешуге бағытталған тиісті іс-шаралар қолға алынуда. Бұрынғы заңға қарағанда діни бірлестіктер мен олардың қызметіне қатысты талаптары қатаңдатылды. Осыған орай еліміз аумағында діни қызмет жүргізу шарттарына, мемлекет заңдарына сай келмейтін көптеген діни бірлестіктер тіркеуден өткі-зілмеді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа заң аясында алғашқы сәттерден бастап-ақ еліміз де көптен күткен істер атқарылуда. Осыдан-ақ оның халқымызға, еліміздің болашағына әкелер пайдасы зор деп бағамдауға болатын сияқты. Қалай дегенде де, заңның әлеуеті күшті.
Ал осы заңның қандай да бір кемшін жағы бар ма? Мына нәрсе заңда қарастырылмапты дейтін ойларыңыз жоқ па?
– Жалпы заң деген нәрсе бір отырғанда қабылдана қоятын оңай дүние емес. Оны мемлекеттік мекеме дайындап әкелгеннен кейін Парламент Мәжілісінде егжей-тегжейлі талданады. Әрбір депутат өз ойын айтып, қызыл кеңірдек болып пікір таластырып, өзгерістер мен толықтырулар жасап, кейін Сенатта да заң жобасы дәл осылай елеп-екшеуден өтеді. Сосын оны Елбасымызға жіберіп, оның өз сарапшылары тағы да қарайды. Содан кейін ғана Президент оған қол қояды.
Осындай сүзгіден өтіп, алдын-ала терең ойластырылып қабылданған құжат өмірге жолдама алғаннан кейін 2-3 жылдай оның іс жүзіндегі өміршеңдігі сыналады. Уақыттың өзі – сыншы. Бірнеше жылдан кейін өмірдің өзі заманның, қоғамның өзгеруіне байланысты аталмыш заңның да толықтырылуы және өзгертілуі тиіс тұстарын ашып көрсетеді. Өйткені, қай саладағы қандай заң болсын уақыт өте келе толықтыру мен өзгертуді қажет ететіні шындық. Неге десеңіз, қоғамның өзі жыл сайын емес, күн сайын өзгеруде. Сондықтан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңында мына бір нәрсе қарастырылмапты деп дәл қазір пікір айта қою қиын.
Дегенмен де, діни саясатқа қатысты бір ойымды жеткізсем деп отырмын. Мен мұны бұрын да айтқам. Еліміздегі негізгі екі дін – ата-бабаларымыз ежелден ұстанған Исламның ханафи мәзһабы мен тарихи жағдайларға байланысты қазақ жеріне берік орныққан христиандықтың православие дініне мемлекеттік мәртебе берілсе және мемлекет тарапынан олар қаржыландырылса, дұрыстау болар ма еді деп ойлаймын…
Сөзіңіз аузыңызда, осы заңда Исламның ханафи бағыты мен православие – негізгі діндер деп танылған емес пе?
– Иә, танылған. Заңның әлеуеті күшті деп айтып отырғаным да сондықтан. Аталған екі діннің негізгі мерекелері де елімізде демалыс күні ретінде бекітілді. Бірақ, айтайын дегенім, мәселен, Батыс Еуропада, атап айтқанда, Италия, Германия, Франция секілді дамыған мемлекеттерде «конкордат» деген жүйе бар. Ол жүйе бойынша сол елдің негізгі діні мемлекеттік дін ретінде танылады. Оған мемлекет тарапынан жағдай жасалады, дін қызметкерлеріне жалақысы, зейнетақысы, т.б. қам-тамасыз етіледі. Егер осы жүйеге біз де көшсек, жаман болмас едік.
Мұны неге айтып отырмын? Қазір елімізде, Аллаға шүкір, мешіттер саны көбеюде. Ауылдарда да мешіттер көптеп ашылуда. Ол мешіттің имамы, оның жоқ дегенде бір көмекшісі, тазалықшысы, қарауылы деген сияқты қызмет-керлері болады, ғимараттың жылуы, жарығы бар, осының бәрін төлеуге көп мешіттердің өз қаражаты жетпейді. Ауылдық жерлерде өзін-өзі қамтамасыз ете алмай отырған мешіттер баршылық. Міне, осы жағын мемлекет қолына алып, мешіттердің қажеттілігін бюджеттен төлеп отырса, бұл біздің діни ахуалымыздың жақсаруына елеулі ықпал етер еді.
– Яғни, конкордат жүйесіне көшу үшін «дін мемлекеттен бөлінген» деген қағида жойылуы керек қой?
– Дін мемлекеттен ешқашан бөлінбейді. Мемлекет дегеніміз – халық үшін құрылған саяси жүйе. Ал әрбір халықтың діні, тілі, салт-дәстүрі, т.б. ұлттық құндылықтары бар. Дін – адамның Құдайға деген сенімі ғана емес, ол ұлтты ұйыстыратын, адамдарды бір-бірімен ынтымақта өмір сүруге шақыратын үлкен идеология. Сондықтан, діні мықты елдің татулығы, бірлігі де мықты болады. Бұдан шығатын қорытынды, мемлекет өз халқының діни сеніміне құрметпен қарап, реттеп, көңіл бөліп, қолдап, қажет кезінде, қаржыландырып отыруы шарт. Ал біз әлі де кешегі большевиктердің «дін мемлекеттен, қоғамнан мүлдем бөлек болуы керек, аластатылуы керек» деген түсінікте жүрміз. Конкордат жүйесінде мемлекет пен дін бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүреді. Мәселен, Батыс Еуропа елдерінде неке қию секілді кейбір мемлекеттік куәліктерді де шіркеу береді. Яғни, шіркеу де мемлекеттің бір құзырлы органы болып табылады.
Жаңа заң бойынша бұрын елімізде емін-еркін жұмыс істеген Саентология секілді кейбір деструктивті секталар қайта тіркеуден өткізілмеді. Енді олар жасырын әрекет етуге көшеді деген пікір айтылып қалып жатыр. Мұның қалай алдын аламыз?
– Біріншіден, заңға сай кел-меген Саентология секілді дінсымақтардың тіркеуден өткі-зілмегені өте дұрыс шешім болды. Екіншіден, енді олар астыртын қызмет жүргізуге көшетін болса, оларға қарсы ең қатаң жазаларды қолдануымыз керек. Және бұл тек құзырлы органдардың ғана емес, бүкіл қоғам болып күресетін шаруа. Кімде-кім бір жерге жиналып алып, түрлі уағыздар айтып жатқан топтарды, ұйымдарды байқаса, арнайы мекемелерге хабарлап, қоғам алдындағы өзінің азаматтық парызын орындауы тиіс. Ал кейбіреулер: «Қойшы, менің шатағым қанша?», – деп қолды бір сілтеп кете береді. Олай жасасақ, сол секталарға өзіміз жол ашып берген боламыз.
Сіздің ойыңызша, басқа да қандай қауіпті ағымдар мен секталар қайта тіркеуден өтпеуі тиіс?
– Дәл қызар мынау деп айтқа-ным дұрыс болмас. Онымен айналы-сатын арнайы органдар, сарапшы-лар бар. Бір айтатыным, бұрынғы солқылдақ заң тұсындағыдай адам өміріне, мемлекетке қауіп төндіретін, заңға қайшы дінсымақ ұйымдарды көзді жұмып қойып қабылдап, тіркей беруді доғару керек.
Өкінішке орай, өзін мұсыл-манмын десе де, қазақпын деуге «аузы бармайтын», қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын мойындамайтын, әл-Фараби, Абай, Шәкәрім сынды ғұлама-ларымызды адасқан философ санайтын жастарымыз бар. Бұл қазақты әдейі іштей бөлшектеуге тырысып жатқан әлдебір сыртқы күштердің әрекеті емес пе?
– Біз, қазақ, негізі өте ба-қытты халықпыз. Өйткені, ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздігі, дербес мемлекеті, батырларымыз білектің күші, найзаның ұшымен қорғап қалған кең байтақ жері бар жұртпыз. Бірақ, өкінішке орай, қазақтың бір осал тұсы – жікке бөлінуге әзір тұратыны. Өйткені, бізде ру бар, жүз бар, керек десең, «оңтүстік-солтүстік» сияқты «ай-мақтық бөліну» де бар. Ал осындай жікке бөлу тәсілдерін арам ойлы бәзбіреулер пайдаланбай қарап отырады дейсің бе?! Қазіргі заман-да бір халықты соғыспен жаулап алғаннан гөрі, іштей бір-біріне қарсы қойып, өзара қырқыстырып барып торға түсірген әлдеқайда оңай әрі тиімді. Міне, сондықтан, «жау жоқ деме, жар астында» демекші, жар астында жасырынып, қазақтың ортасына шоқ тастап, үрлеп қана отырған озбыр ойлылар жоқ емес. Қазақты түрлі ағымдарға бөліп, діни араздыққа итермелеп, біреуін уахаби, екіншісін тәңіршіл етіп отырған да солар екендігіне менің еш күмәнім жоқ.
Қазақ халқының Ислам дінін қабылдағанына мың жылдан асыпты. Осы ғасырлар ішінде салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, мәдениетіміз Ислам діні негізінде қалыптасты, дәстүр мен дін бір-бірімен үйлесім тапты, өзара үндесті. Асыл дінімізді насихаттап, дүниеге танылған қаншама ғалым-дарымыз шықты. Аты-жөніміз де, күнделікті тыныс-тіршілігіміз де мұсылманша өрбіді, қалыптасты. Осы мың жылдан астам уақытта мұсылманшылығын берік ұстанған ата-бабаларымыз ешқандай уахаби де, сәләфи де, зікіршіл болып та бөлінбеген еді. Бұл бөліну күні кеше ғана пайда болған жоқ па? Аспаннан түскендей болған сол уахабилер неге өткеніне бір қарамайды екен деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Мұның бәрі де қазаққа қарсы жасалынып жатқан зымиян әрекеттің көрінісі. Оған қатты тойтарыс беруіміз қажет. Ол үшін мектеп жасынан бастап балаларымызға дініміз Ислам, кітабымыз Құран, ұлты-мыз қазақ екендігін, төртеу түгел болса, төбедегі келіп, алтау ала болса, ауыздағы кететінін санала-рына сіңіріп, үгіт-насихатымызды күшейтуге тиіспіз.
Жалпы осы діни алауыз-дықтың өршуіне ғаламтордың «үлесі» аз болып отырған жоқ. Күні кеше ғана ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Қабдулкәрім Әбдіқазымов өткен жылдан бері елімізде лаңкестік пен экстремизмді насихаттайтын 950 сайт жабылғанын хабарлады. Алайда, ғаламтор кеңістігінде дәл осындай он мыңдаған сайттар болуы мүмкін. Одан халықты сақтандыру үшін не істеу керек?
– Ғаламтор – ХХІ ғасырдағы аса ірі ғаламдық құбылыс болып отыр. Оның жақсы жағымен қатар, зиянды жақтарын да күнде көріп жатырмыз. Онымен күресу де қиын. Тыйым салсаң, тағы болмайды. Күннен-күнге бұл ғаламтор дегенің адамзаттың басына төнген ең үлкен проблема болатын түрі бар.
Күні кеше ғана Ливия, Мысыр, Тунис секілді елдерде не болғанын жақсы білеміз. Қазір Сирияда аса бір қиянкескі қантөгіс орын алуда. Таяу Шығыс халқынан береке кетіп, өз елдерін өздері талан-таражға салды. Мәселен, Ливия мен Мысырдың осы төңкерістерге дейінгі өмірлері қандай еді? Халыққа қандай әлеуметтік жағдайлар жасалған болатын. Жаппай тәртіпсіздік орын алып, билікке қарсы шықты да, елді тас-талқан етті. Енді олар сол кешегі күндеріне алдағы елу жылдың ішінде қайтадан жетеді ме, жетпейді ме, ол жағы белгісіз. Бәлкім, мүлде жете алмайды. Осындай жағдайға олар қалай түсті? Халық неге бір сәтте көтеріліп, басшыларын құлатып, өзара қырқысты да қалды? Әрине, мұның бәрі сол ғаламтор арқылы болған дүниелер. Арамза ойлы біреулер интернеттен «Ойбай көшеге шығыңдар, әйтпесе болмайды» деп аттан салды да, оның дұрыс-бұрысын тексерместен, жастар жаппай тәртіпсіздіктерге жол берді.
Қытайдағы ұйғырлар қырғыны да осы ғаламтордың әсерінен орын алған болатын. Бір күннің ішінде ғаламтор арқылы бір-біріне хабар берген жастар көшеге шығып, қиян-кескі төбелесіп, қаншама адамның өліміне апарып соқты. Сондағы мұның шығу себебі – бір қытайдың ғаламторда жазған «Алты ұйғырдың жігіті екі қытайдың қызын зорлады» деген сөзінен басталған болатын. Ал ондай жағдай шынымен орын алды ма, жоқ па, ол нақты белгісіз. Бірақ осының кесірінен екі халықтың арасына сызат түсті, береке-бірлік кетті.
Сондықтан, интернетті бетімен жіберуге болмайды. Мемлекет оны өз қадағалауына мықтап алуы тиіс. Халықаралық деңгейде ақылдасып, ғаламтордың зиянды жақтарын бақылауда ұстайтын тетіктерді табуымыз керек.
Қазақ халқы ежелден өзге дін өкілдерімен толерантты-лық қатынасты ұстанған. Бүгінгі дінаралық, ұлтаралық тұрақтылық та осы қасиетіміз-дің жемісі. Бірақ, елімізді көрін-ген көк атты «кіріп-шығатын аула» қылмау үшін өзіміздің ішкі ұлттық-діни идеологиямыз қуатты болуы шарт. Осы идеология бізде бар ма?
– Өкінішке орай, біздің ұлттық идеологиямыз қазіргі кезде қатты ақсап тұрғаны шындық. Соның кесірінен ұтылып жатқан тұстарымыз жоқ емес. Жаста-рымыздың өзін-өзі жарып жіберіп, лаңкес атанып жатуы неліктен? Олар аспаннан түскен адамдар емес, өзіміздің қаракөз ұлдарымыз емес пе? Мұның себебі – жастарға берілуі тиіс рухани тәрбиенің ұмыт қалып, ұлттық идеологияның кемшіндігінен.
Мен сізге бір мысал айтайын. Қытайдың бір провинциясында адамдарды «алмұрт адам», «жаңғақ адам», «қара өрік адам» деп үшке бөледі екен. Неге? Өйткені, алмұрт піскенде аузыңа салсаң, өзі ери береді. Ішіне сыр сақтамайтын, ашық, ақкөңіл адамдарды айтады алмұрт деп. Ал жаңғақтың сырты қатты болғанымен, аздап күш салсаңыз, шағылады, сосын оңай жей бересің. Кейбір адамдар да сондай болады, бір қарағанда қатты көрінуі мүмкін, бірақ арғы жағы бос. Ал үшінші адамдар қара өрікке ұқсайды, піскенде сырты жұп-жұмсақ, үлбіреп тұрғанымен, ішіндегі дәнегінің қаттылығы сондай, оны балғамен ұрып та сындыра алмайсың. Осындай қара өрік адамдар да ашық-жарқын, ақкөңіл келеді, ал бірақ өзінің ішкі сыры, ар-намысы, ұлттық, діни принциптеріне келгенде, оны ешкім де «сындыра» алмайды.
Міне, біз де ұлттық идео-логиямызды осындай жасауымыз керек. Яғни, жастарымыз қара өрік сияқты басқалармен қарым-қатынаста жұмсақ, кішіпейіл, толерантты, төзімді, ал ұлттық ар-ожданы, қағидалары, намысы, тілі, діні, абыройына келгенде тастай, мызғымас, ешкімнің тісі өтпейтіндей болғаны абзал. Сонда ғана біз ұлт ретінде өзімізді сақтап, дамимыз.
Елімізде асыл дінімізді ұлттық салт-дәстүрімізбен са-бақтастыра насихаттап, бүкіл мешіттердің басын қосып, еңбек етіп жатқан мекеме – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екендігі белгілі. Белгілі ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі бас-қарып отырған осы мекеменің қызметі жөнінде не айтар едіңіз?
– Жалпы, бір жамандықтың ар-тынан жақсылық келеді демекші, екі жүз жылдық бодандық дәуірінен кейін Алла тағала қазақ халқының ұзақ жылдар аңсаған армандарын орындап жатыр. Құдайға шүкір дейміз! 1991 жылы тәуелсіздік алғанда бізге Нұрсұлтан Әбішұлындай кемеңгер тұлғаны елбасы етіп сыйлады. Мұны біз әрқашан айтып жүруіміз керек. Айналадағы көршілерімізді қара-ңыз, дәл Назарбаевтай ел бірлі-гін сақтап, ұлтаралық, дінаралық достықты нығайтып, тыныштықты ту қылған басшыны көре алмайсыз.
Сол секілді дін саласын басқаруға Әбсаттар қажыдай шығыстанушы ғалым адамның келуі де біздің бағымыз болды десем, артық кетпеген болар едім. Өйткені, ол бұл орынға елдегі діни саланың шиеленіскен, проблемалар көбейіп, діни ағымдар қаптап кеткен қиын-қыстау кезде келді. Жалпы мүфти хазрет өз саласын жетік меңгерген үлкен ғалым әрі ұстаз адам. КСРО кезінде мына тұрған Болгарияның өзіне шығу қиын болған уақыттарда, ол кісі бүкіл араб елдерін аралап, кітапханаларын ақтарып, зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Дін саласының тізгінін ұста-ғалы Әбсаттар қажы көптеген жақсы істердің жасалуына мұрын-дық болды. Елімізде Ислам уни-верситеті, институты, медреселер ашылды. Мешіттер көптеп бой көтеріп, білікті имамдар саны артуда. Осыған қарап отырып, мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бет алысын толық қолдаймын. Егер дін саласын осындай білімді, тәжірибелі адам басқармағанда, жағдайымыз бүгін-гіден қиын болатын ба еді, кім білсін!?
Камал аға, тіл мәселесіне келсек. Жалпы ел көлемінде мем-лекеттік тілге жағдай жасалынып жатыр дегенмен, көп халық бұған сенбейді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Халықтың сенбеуіне негіз жоқ емес, әрине. Қазір ел аумағында 130-дан астам қазақ тілін дамыту орталықтарын аштық. Әрбір министрлікте, әрбір мекемеде, әкімдіктерде қазақ тілі бөлімі жұмыс жасайды. Оларға қыруар қаражат бөлінуде. «Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруіміз керек» деп шулағанымызға ширек ғасыр болды. Бірақ, нақты нәтиже көзге көрінбейді. Неге? Осының ақ-қарасын анықтап, себебін ашу үшін саны бар да, бірақ бар-жоғы білінбейтін аталған орталықтарды жаппай тексеруіміз керек. Қайда кетіп жатыр сонда бөлінген ақша? Нақты қандай істер атқарылуда? Әлде тек олар мәтінді аударып берумен ғана шұғылданып жатыр ма? Сондықтан, бұл бағытта тегеурінді бір шара қабылдамаса болмайды.
Мемлекеттік тіліміздің ақсап жатқан бір тұсы – құжат жүргізу саласы. Әсіресе, экономика, бизнес, ғылым салаларында терминдер, ұғымдар бір ізге түспеген. Мәселен, қазақ және орыс тілдеріндегі екі құжатты алып келсе, оның қазақшасы-нан гөрі орысшасына көз жүгірт-кенің оңай.
– Термин мәселесін жақсы кө-тердің. Терминге келгенде «шаш ал десе, бас аладының» керін келтіріп, асыра сілтеушіліктерге жол беріп қойып жатырмыз. Нақтырақ айт-қанда, бүкіл әлемдік тілдерде бір атаумен қалыптасқан терминдерді біз қазақшаға аударып әлек болып жүрміз. Мәселен, екі жыл бұрын ЕҚЫҰ-на төраға болдық. Төрт принципті алға тарттық, соның біреуі – толеранттылық. Бұл сөз Шарль Морис де Тайлеран есімді француз саясаткерінің есімінен шығып, терминге айналған. Ағылшын тілінде ол «tolerance», немісше «toleranz», французша «tolerance» орыс тілінде «толерантность», қытай, түрік тілдерінде «толе-ранизм». Ал біз Венаға дайын-даған плакаттарымызда оны «төзімділік» деп аудардық. Мен бірнеше жиналыста осыған қатысты сөз сөйледім: «Әй, жігіттер, бұл адамның есімімен байланысты сөз, оны аударуға болмайды, әлемнің алдында ұятқа қаламыз», – дедім. Әрине, «төзімділік» деген сөздің мағынасы толеранттылыққа келеді. Оны осы сөздің синонимі ретінде қолдануға болар, бірақ қазақша аудармасы қылуға болмайды. Путинді «Жолдыбаев мырза», Медведевті «Аюбаев мырза» деп аударуға болмайтыны секілді, толеранттылық деген сөз де аударылмауы тиіс.
Осы секілді қазақ тіліне негізсіз аударылып жүрген жалпыға ортақ термин сөздер бар. Бұл қазақ тілін дамытпайды, керісінше біздің ана тілімізді әлемдік өркениеттен алыстатып, қиындата түседі, шатастырады. Мәселен, орыс тілі – дамыған әрі қандай салаға болсын төселген, икемделген тіл. Неге? Өйткені олар әлемдік терминдерді аударып, әуре болмайды. Сол қалпында қабылдай салады. Ал одан орыс тілі зардап шегіп жатқан жоқ. Керісінше, өркениеттен ойып тұрып орнын алып отыр. Түрік тілі де осындай. Бүкіл әлем «аэропорт» десе, біз «әуежай» дейміз. Әлем «контракт» дейді, ал біз «келісімшарт» дейміз. Бізден басқаның бәрі «футбол» десе, біз «аяқдоп» дегенді шығарып жүрміз. Міне, осындай болмайтын аудармашылыққа бой ұрып келеміз. Бұл әсте дұрыс емес.
Бір кездері Менделеев кестесіндегі элементтер атауын да аударамыз деп даурыққандар болды. Егер сол элементтерді «ақ тас», «көк тас» деп өзімізше аударып алсақ, ертең химиктеріміз өзге елдегі әріптестерімен қалай түсініседі?
Әл-Фараби бабамыз тәрбиесіз берілген білімнің өте қауіпті екендігін айтқан. Өкінішке орай, бүгінде жастар арасында тәрбиесіздікке, бейәдеп істерге бастайтын мерекесымақ-тар көбейіп барады. Мысалы, жақында ғана көптеген мектеп-терде Хэллоуин деген құбыжық-тар мейрамы аталып өтті. Бұған қалай жол беріп отырмыз?
– Бұл да біздегі ұлттық идео-логияның әлсіздігінен туындап отырған құбылыстар. Ал батыс елдерінің бейәдеп идеологиясының қарқыны күшті, өтімді әрі тартымды, сондықтан жастарымыз олардың құрығына оңай түседі. Бұл жерде қазақ жастарын жоғарыда мысалға келтірген «алмұрт адамға» ұқсастыра аламыз. Кез келген жатжұрттық келіп, «жеп» қоя алады.
Осы мәселені қанша жерден айтсақ та, өзгенің қаңсығына таңсық болуымызды қоймай келеміз. Кешегі ағылшынның Диана патшайымын мысалға алайық. Қазір қыздарына Диана деп ат қойған қазақтар көп. «Неге бұлай деп қойдыңдар?», – деп сұ-расақ, «Ағылшын прицессасының құрметіне», – дейді. Ал сол Диана дегенің кім еді? Ол не жар болып, не ана болып жарымаған жезөкше еді ғой. Неге біз оны әулиедей көріп, төбемізге көтереміз?
Бұндай көзсіз көрсеқызар-лықтан құтылудың жолын мен жоғарыда айтып кеттім. Ол – ұлттық идеологиямызды күшейту, рухани, ұлттық құндылық-тарымызға келгенде қара өрік секілді болу. Хэллоуин, Валентин дегендердің бәрі – жастарды көргенсіздікке, зинақорлыққа бас-тайтын мерекесымақтар. Мектеп оқушыларының оларды тойлауына мұғалімдер, ата-аналар болып бірігіп жол бермеуіміз керек.
– Өзіңіз бірнеше ғылыми жұмыстар мен оқулықтардың авторысыз. Бүгінде не жазып жүрсіз?
– Қазір бісміллә деп бір кітапқа кірісіп жатырмын. Әзіргі атауы – «Религии в Казахстане: истоки и современные реалии». Мен еңбектерімді орысша жазамын. Бұл кітапта қазақ жерінде болған барлық дін атаулының тарихын қозғап, сипаттама беруді көздеп отырмын. Алдағы уақытта, иншалла, оқырманның қолына тиеді деген үміт бар.
Уикипедия ғаламтор энцик-лопедиясындағы сіз туралы мәліметте хоббиіңіз – балық аулау және уфология делінген. Шынымен, сіз уфологияға сене-сіз бе?
– Қалай сенбеймін? Сенгім келеді. Алла тағала жаратқан он сегіз мың ғаламды алып қараңыз. Мәселен, біздің Жер Күннің қасында бір нүктедей ғана. Ғалымдардың есептеуінше, біздің галактикада күн сияқты 50 миллиардтай жұлдыз бар екен. Ал жалпы ғаламда, ең заманауи деген телескоптардың анықтауынша, 1,5 триллион осындай галактика бар дейді. Осынау шексіз ғаламзат-тың барлығын Алла тағаланың жаратуының дәлелі – мұнда бірде-бір қате жоқ қой. Жер ғаламшары тура 24 сағатта өз осінен айналып шығады. Бір секунд әрі емес, бір секунд бері емес. Мыңдаған жыл бойы ауытқымай осылай айналып келе жатыр. 365 күн 6 сағатта Жер Күнді айналып шығады. Барлық галактикалар да осылай үздіксіз айналып, қозғалуда. Қанша энергия, қаншама күш-қуат десеңші!
Осындай адамның сана-сезіміне сыйдыру қиын масштабтағы ғалам кеңістігінде бізден де бөлек саналы жаратылыс иелері бар шығар, кім біледі? Ол, әрине, болашақ ғылымның үлесіндегі мәселе. Сондықтан, уфология – менің қызығатын салам.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ескендір Тасболат,
«Ислам және өркениет»

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Ғұлама

208 Адамзаттың шынайы рухани тірегі имандылыққа негізделгенін бүгінгі жа­һандану деген қым-қуытқа толы өмір ай­қын көрсетіп отыр десек, шындықты жа­сырғанымыз да, асыра баға­лаға­ны­мыз да емес. Өйткені, кешегі атеистік қоғамның жұртты имандылықтан айырып, адам­дар­дың рухани азғанына бар­шамыз куәміз. Кейбіреулер: «Қазақта дін болма­ған, біз көшпенді едік», десе, екінші бір топ тағы бір уәж […]

Оқи отырыңыз