Дінсіз қоғамның діңгегі әлсіз

publisher

Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі ұстыны. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек.

Дін – Құдай тағаланың пендесіне берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Дінді тану – бір Жаратушының бар екенін тану. Таныған Жаратушымыз кім десек, ол – күллі ғаламның, барлық жаратылыстың иесі болған Алла тағала. Мейірімі шексіз Иеміз адамзат баласын махаббатпен жаратты, басқа жан иелерінен артық етіп ақыл берді. Дәрежемізді көтеріп періштелеріне сәжде жасатты. Шайтанның кесірінен жәннаттан қуылған Адам ата мен Хауа ана ұрпағының саналы өмір сүріп, тура жолмен жүруі үшін дінді берді. Сондықтан Ислам кейбір замандастарымыздың санасында қалыптасқандай қожа-молдалардың ғана ісі емес, Алла тағаланың пендесіне берген, ақ пен қараны ажыратып, ақиқаттың жолына салатын ғажайып сыйы. Қараханид дәуірінде қанатын кеңге жайып, қазақ даласына енген Ислам діні салт-дәстүр, таным-түсінігімізбен біте-қайнасып, болмысымызға етене жақын болды. Сондықтан кеңінен насихатталып, бірден тарады. Осылайша, кешегі он екі ғасырдан аса уақыт ішінде Ислам таным-түйсігіміздің мызғымас діңгегіне айналды.
Бүгінде еліміздің экономикасы өрлеп, әлеуметтік ахуалымыз жақсарды. Ғылым кеңістігіне кең жол ашылып, тәуелсіз елдің еркін ойлы ұрпақтары жаңа ғасырда жасампаздықтың үлгісін көрсетуде. Осы тұста асыл діннің де айы оңынан туып, жастар имандылыққа бет бұруда. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Бұл – ел басына күн туғанда елімізден пана тапқан барша ұлт пен ұлысқа құшағын ашып, бауырына басқан даладай дарқан қазақтың кең пейілдігінің жемісі. Дәл осы ниет, пейіл – Исламның басты қағидасының бірі.
«Иманы кеткеннің жиғаны кетеді» дегенді терең түсінген текті аталарымыз Аллаға «Жиғанымды алсаң да, иманымды алма» деп дұға жасаған. Мына қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, адамға тура жол көрсеткен діннің орны ерекше. Сондықтан дін мен саясаттың беріктігін қоғамның беріктігі деп түсінген жөн. Сонда ғана, ішіміз іріп, іргеміз ажырамайды.
Дін қай заманда да қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды мәселенің бірі болды. Кеңестік идеология қирағаннан кейін діннің қоғамдағы орны және атқаратын қызметі түбірімен өзгерді. Ал қазіргі кезеңде Ислам қоғамның әлеуметтік және рухани өмірінің маңызды құрамы. Осы арқылы ұлтымыз дәстүрлі құндылықтарын қайта жаңғыртуда.
Тәуелсіздікке қолымыз жеткелі руханият саласының алдында халық рухын, ұлттық дүниетанымды қалпына келтіру мақсаты тұр. Қанша экономикалық және саяси жетістіктерге жетсек те, мәдени өркендеусіз өркениетті елдер қатарына қосыла алмайтынымыз айқын. Қазақылықты немесе ұлттық рухты анықтауға тікелей қатысы бар басқа да қасиеттер болуы мүмкін. Бірақ дәл дін секілді қоғамды тұтастыққа, бірлікке шақыратын ұғым жоқ.
Дін ерте заманнан бері адамзатпен бірге жасап келді. Және адамның танымын, сенімін қалыптастыратын күшке айналды. Бұл кез келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиегін айқындайтын негізгі фактор екендігін айғақтайды. Соңғы жылдары елімізде Ислам діні жанданып, мәдени-рухани өмірімізге ықпал етіп, саяси-әлеуметтік мәселелерге араласа бастағаны рас. Бұрынғы Кеңес одағының идеологиясы Ислам дінін жоққа шығарса, соңғы жылдары орын алған оқиғалар мұсылман дінінің дүние жүзінде аса ықпалды күш екенін көрсетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан халқының алпыс пайыздан астамы (соңғы санақ бойынша, жетпіс пайыздан астамы. – автор) мұсылман дінін ұстанатыны белгілі. Мұны біз ескеруіміз керек. Кеңес үкіметі кезінде біздің рухани, діни мұрамыздан аулақтатқысы келді. Көп ретте солай болды да. Сондықтан қазақтар үшін, республика халқының мұсылмандық бөлігі үшін рухани, мәдени қазыналарға қайтып оралу маңызды дүние болып саналады», – деуі де сондықтан.
Ислам қазір қазақ жерінде екі бағытта көрініс табуда. Алғашқысы – мәдени-ағартушылық, екіншісі – саяси-әлеуметтік. Алайда, саяси мақсаттар мен оған жету жолындағы әрекеттерді Ислам қолдамайды. Әрине, бодандықтан босаған қазақ үшін түбі бір туыстарымен тіл табысып, бір тұтас өмір кешу – үлкен мұрат. Ал бұл бағытта Ислам діні керек.
Әділ САХИҰЛЫ,
С.Ғылмани мешітінің наиб имамы,
Астана қаласы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Парасатты парыз жырлары

225 Қазақ поэзиясының белгілі ақыны, танымал қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты, қажы Өтеген Оралбайұлы 2011 жылы қасиетті Меккеде болып, өзінің Жаратушы алдындағы парызын орындап қайтқан болатын. Сол сауапты имани сапары нәтижесінде ақын 2012 жылы «Қағбаның қарлығаштары» деген атпен көркем безендірілген арнайы жыр жинағын шығарды. Өзінің поэтикалық болмысы […]