Дін мен дәстүр – болмысымның өзегі

publisher

Белгілі ақын, Қостанай қаласының құрметті азаматы, «Құрметті қажы» алтын медалінің иегері Жолбарыс қажы Баязид биыл асқаралы сексен жасқа толған болатын. Бұған дейін «Бақытымның бұлағы», «Жыр ғұмыр», «Жыр дүние», «Жыр мен сыр», «Махаббат оты сөнбейді», «Ақиқаттың ақ шыңы» атты жыр-жинақтарын жарыққа шығарған ақын соңғы жылдары негізінен имандылық тақырыбында қалам тербеуде. Сол жырларының бір парасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

НИЕТ
Жақсы ниет адамдықтың айғағы,
Ізгі жанның қай кезде де сай бағы.
Парасат пен адалдықты ту етіп,
Бір құбылыс көпке нұрын жайғаны.

Жаралған соң текті, тексіз сүйектен,
Жақсы, жаман бәрі адами ниеттен.
Арлы намыс, арсыз пиғыл жарысып,
Келіп-кетіп жатады мұнар түнектен.

Ақ пен қара бітісе алмай қашаннан,
Қансыз майдан өтіп жатады тасаңда.
Имансыздық тегеуріні темірдей,
Қиянат пен жалған құшып «жасарған».

Қарау көңіл асқақтатып жаманды,
Зар жылатар жақсы адамды, заманды.
Өліп бітпей берілмейтін қаскөйлер
Құрбан қыла салар тіпті данаңды.

Жаны таза жақсы адамдар зиялы,
Қолмен, тілмен тигізбейтін зиянын.
Жүрегінде бір жүрген соң Алласы,
Азып-тозбас арман, ниет, қиялы.

Адалдықтың ақ шыңына өрлейтін,
Азғырса да әзәзілге көнбейтін.
Төңірегін, өзі жүрген ортасын.
Иманды рух, тыныштыққа бөлейтін

Тура жолды жақсы адамдар айта алад,
Сол жолдарда көңіл хош боп, жай табад.
Іс-амалдың бәрін Алла күні ертең
Жақсылықты жақсылықпен қайтарад,
Жамандықты жамандық қып қайтарад.

Асыл жандар, кез болса да, кім мейлі,
Сәлемдесіп, жақсылықты тілейді.
Әр намазын бастап олар сәлеммен,
Сәлем бермей аяқтауды білмейді.

Бар дәуренін сәлемменен өткізген
Ниеті ізгі адал жандар көп бізде.
Қиянатсыз ғұмыр кешіп жалғанда
Ұрпақтарға ынтымақты жеткізген.

Жүрек сыры тұнып тұрған нұрлы ағын,
Көңіл хошы ойды оятар бұлағың.
Жақсы ниет жан шашуы сияқты
Ізгіліктің көпке сыйлар шуағын.

Істен әр кез қайыры артық ниеттің,
Сауабы да ерекше оның тиетін.
Пайғамбар да ескертіпті былай деп:
«Жақсы іс-ниет – ғибадаттай сүйетін!».

Өз күнәмнан арылсам деп жалғанда,
Адалдықты аңсау ләзім армандап.
Ой-ниеті Құдай деген адамға
Шапағат бар ұшан – теңіз Алладан.

Пәк пейіл де көңіл емес жай күнгі,
Ізгі ниет жеңілдетер қайғыңды.
Екі әлемде жақсылыққа жеткізер,
Осы бір рух болмыстың шын байлығы!

Бабалар да сыйыныпты Алла деп,
Ала қайғы сарсаңына салма деп.
Алсаң егер – өзімді ал, бірақ та,
Адастырып, ниетімді алма деп.

Ақ ниетпен іскі асады қилы амал,
Берекелі, қайырлы боп жиған мал.
Еш ғибадат қабыл болмас ниетсіз,
Қайыры жоқ көк тиындық миға алар.

Тұрса да алда қатері мол мың өткел,
Пенде пейілі тәуекелмен күнелткен.
«Істен ниет қайырлы», – деп Алла да
Амалға емес, сауап берер ниетке.

Бір Құдайға құл боп өткен ниетің
Бақидағы жәннат екен сүйетін.
Күпірлігің, күнәлі ісің айналар
Жәһәннамға жаның мәнгі күйетін.

Тәкаппарды ұнатпайды дала, аспан,
Хақ сипаты ол. Ала алмайтын таласқан.
Жалғыздық пен тәкаппарлық мәңгіден
Жаратушы бір Аллаға жарасқан.

Тәкаппарлық сезім болса зәредей,
Көпке өзіңді жау ғып қойған пәледей.
Адамзаттың көкірек көзін көр етер
Бұл мінездің қызығы жоқ пәлендей.

Астамшылға иман келіп қонбайды,
Имансыз жан қайткенмен де оңбайды.
Мәңгі әлемде азап шегіп мұндайлар,
Жақсылықтың тұғырында болмайды.

Харам оймен тарылады өрісің,
Қара ниет мәңгі азаптың көрі шын.
Кемелдікке жеткізер жол – пәк пейіл,
Иман, әдеп, көркем мінез сол үшін.

Адамазатты бөлейтұғын бақытқа
Нұрлы ниет бой алдырмас уақытқа.
Сөзі әділ, амал-ойы жақсылар
Аз өмірде ізгілігін танытқан.

Ниет, тілмен ғайбат қылмай өзгені,
Сабырлы боп әр жағдайға төзгені,
Жанға жәбір, еш қиянат көрсетпеу
Болған емес ақыл, сана, көзге мін!

Жатыңа да дұрыс қарау – адалдық,
Рухың үшін ниеттегі ол даналық.
Өзгелерді көре алмаса жексұрын
Қызғаныштың қызыл иті бары анық!

Ет жүрекпен егіз туған жақыным
Ақ Ниетім – терең толғар ақыным!
Құбылмалы күй-қылықты саралап,
Пайымдайтын ізгілікті ой, ақылым.

Болмысыңды әділ күймен бағамдап,
Оңаша бір ойға қалу – дара бақ.
Қиянатшыл қара ниет, пәтшағар,
Жүрмесе екен жүрек, рухты жаралап!
31.07.2013 ж.

Дұғадан соң…
Тағдырымды нұрлы жолға бұратын
Құлшылығым – асыл арман, мұратым.
Намаз оқып, жыр жазамын ерте-кеш,
Рухым шалқып, көңілім толқып тынатын.
Алла жар боп осы жолға түстім де,
Шариғаттың ізгі әлемін құштым мен.
Ақ жүректен айтылады бар тілек,
Қасиетті намазымның үстінде.
Жаратқанға не қымбат бар дұғадан,
Өз қажетін кім де Хақтан сұраған.
Пенде өмірге тілекпенен туылып,
Күн жеткенде иман тілеп, құлаған.
Намаздан соң жүрек жырын өремін,
Ғазал жырдан ғажап сырға бөлендім.
Ғибадаттың әр аяты, сәждесін
Тірлігімнің тірегіндей көремін,
Сонан алып ғұмырымның көп емін.
Дұғадан соң есіл-дертім өлеңде,
Қарамаймын қанша шумақ, көлемге.
Жүректерге жолын тапқан жырымды
Жаратар жұрт, қажетіне, ел-емге!
Пәк пейілді кірлетпеуім үшін де,
Өлсем деймін өз қуатым, күшімде:
Өлең жазып отырғанда, немесе
Намаз уақыты – жайнамазым үстінде!
11.07.2008 ж.

Имандылық
Имандылық тірі күнгі тірегім,
Сыйынады Тәңірге тек жүрегім.
Жеті жастан Құдіретке бас иіп,
Алланы аңсап өтер көптің бірі едім.
Бақытты жаз, қайғылы қыс – бар шепте,
Жан Алламды сағынамын әр сәтте.
Күйінумен ғұмыр кештім, әйтсе де
Жүректердің мұңын тыңдап зар шеккен.
Бір Құдайдан қорықпау – күнә, әрі мін,
Іс-амалы еңсені езер бәрі – мұң!
Имансыз жұрт өмірі үшін өкіндім,
Қасіретін көріп жас пен кәрінің.
Ұшқыр ойлар құшағында қанатты,
Өтіп жатыр не ізгілік, ағат мұң.
Иман атты патшалықтан ауғанда,
Құшақ жайсын патшалығы жәннаттың!
Қазан айы, 2013 ж.

Сексен жаспен сырласу
Нендей белес, қандай күйге жетсем де,
Бүгінгі сәт, ендігі сөз тек сенде.
Тақсыр дәурен, мәртебелі алдияр,
Сәлем беріп алайыншы сексенге!

Іс тындырып, аз ғана бір, екшедім,
Алдағы кез – шектеуі жоқ жексембім.
Әркімнің де аңсар арман, үміті
Қадірінде көп сыр жатыр сексеннің.

Жеттім мен де, міне, осы сексенге,
Аласарып, еңкейген жоқ еңсем де.
Арымды аттап, қиянатқа бармадым,
Мені қарғап, жылардай жан кемсеңдеп.

Әділет пен шындық рухы деп сенде,
Онсыз иман, таппас деп бақ еш пенде,
Ақ жолынан айнымадым Алланың,
Ғұмыр жасым жеткенінше сексенге.
Көңілімді көктемнің бір таңы арбап,
Көзге елестейд жазғы
көркем самал бақ.
Жүргім келмес
сексен жастың шыңында,
Күйкі тірлік, қарекетке алаңдап.

Адам үшін адал болу арман-ды,
Жадыратар жан-дүние, бар маңды.
Жанашырлық, ізгілікпен ойлы ұрпақ
Әр заманның жақсылығын жалғады.

Қанағат қып, тәубе айтып барға мың,
Ризалығымды бір Аллаға арнадым.
Сабыр, төзім берік болса бойыңда,
Өзгелерге түсе бермес салмағың.
12.03.2014 ж.

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Қазақтың діні мен дәстүрі егіз

302 Сонау ықылым заманда Ислам дінін бейбіт қабылдаған ата-бабаларымыз арада қаншама ғасырлар өтсе де, күні-бүгінге дейін діні мен ділінен ажырамай, керісінше діні мен дәстүрін сабақтастырып, бірінсіз-бірін елестете алмайтындай күйде келер ұрпақтың қолына, яғни біздерге аманаттап тапсырды. Тарихымыздың қағанат дәуірінде де, хандық кезеңінде де Ханафи мәзһабын берік ұстанған баба-ларымыздың ата дінінен […]