Баспасөз-мәслихатын өткізді

publisher


16 қазанда Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Құрбан айт мереке-сіне байланысты Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында бұқаралық ақпарат құралдарына арнап дәстүрлі баспасөз кон-ференциясын өткізді. Онда республика халқын бүкіл әлем мұсылмандарының ұлық мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Дінбасы қасиетті күндердің тарихы, мәні мен маңызы, ерекшелігі туралы айтып, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
Құрбан айт мерекесіне байланысты республикалық газеттер («Алматы ақшамы», «Алаш айнасы», «Түркістан», «Президент және халық», «Қазақ әдебиеті», «Казахстанская правда», «Қазақстан-Zaman») Бас мүфтидің Қазақстан халқына құттық-тауын жариялады.
Ал, республикалық телеарналар репортаж берді.
Шымбұлақ ауылындағы жаңа мешіт
17 қазанда Алатау ауылдық округіне қарасты шырайлы Шымбұлақ ауылында көк күмбезді жаңа мешіт ел игілігіне берілді. Қос қабатты мешіттің аумағы 225 шаршы метрді құрайды, бірінші қабатында 100 орындық ерлер залы, ал екінші қабатында 60 орындық әйелдер намаз оқитын орын бар. Жаратушы Иеміздің разылығы үшін осындай сауапты істі жүзеге асырып, ауылдастарына ғибадат ордасын сыйлаған медицина ғылымының докторы, профессор Сәуірбек Рузидіновтің өнегелі ісі басқа да қалталы азаматтарға үлгі болса дейміз.
Мешіттің салтанатты ашылуына келген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазретті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Т.Жәмшитұлын, аудан әкімі Т.Әбенұлын, басқа да қадірменді қонақтарды жиналған жұртшылық қоше-метпен қарсы алды.
Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет жыл озған сайын сәждеге маңдайын қойып, Аллаға мінәжат ететін мұсылман бауырларымыздың қатары көбейіп келе жатқанын, Алланың жердегі үйі – мешіттердің саны артып отырғанын қуана жеткізді. Осының бәрі Елбасымыз Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі екенін баса айтты. Жақсы іс жұғысты болуын тілеген Бас мүфти өз қаражатына зәулім мешіт тұрғызған атпал азамат С.Рузидіновке қасиетті Құранды сыйға тартты.
Мүшелтоймен құттықтады
19 қазанда Бас мүфти Әл-Фараби атын-дағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және ғылым қайраткері, академик, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаевтың 85 жылдық мүшелтойына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
ҚМДБ-ның баспасөз қызметі


Тараз жеріне сапар
20 қазанда Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет Жамбыл облысы, Тараз қаласында сапарда болды.
Оны Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев қарсы алды. Екеуара қоғамдағы түйткілді мәселелер төңірегінде ақылдасты. Дінбасы әкімге теріс ағымдардың алдын-алу, соларға қарсы білікті мамандар даярлау, дін жолындағы мешіт имамдарының жалақысын шешу мәселесі, «Һ.Тарази» мешітінің жанынан ашылған жаңа медресенің жағдайын назарда ұстап, үкімет тарапынан көмек берсе, болашақта аталмыш медреседен ертеңгі елдің болашағы болатын өскелең ұрпақ біліммен сусындаса нұр үстіне нұр боларын жеткізді. Содан кейін «Жақсы кітап жан азығы» деген тілекпен Бас мүфти Тараз қалалық орталық кітапхана директорына өзінің қаламынан туған бірқатар кітаптарды тарту етті.
Кейін Байзақ ауданындағы Аймантөбе ауылына келді. Онда «Аймантөбе» мешіті бой көтерген еді. Осы мешітті заман талабына сай жабдықтап, бүкіл құрылыс шығынына Алла разылығы үшін қаражатын жұмсаған азамат Керімжан Жапарұлы.
Мешіт лентасы қиылып, көпшілік жамағатқа пайдалануға берілді. Игілікті іске жиналған көпшілікті Дінбасы жаңа мешіттің ашылуымен құттықтай келе: «Тараз жері тарихымыз бен өркениетіміздің шамшырағы, 2000 жыл тарихы бар осы киелі өлкеден небір баһадүр батырлар мен ғұлама ойшылдар шыққан. Алғашқы Ислам өркениетін қабылдаған бабаларымыздың маңдай тері тамған топырақтан болашақта да талай жақсылар туады, мына мешітті өз қаражатымен салдырған азамматтар сол қасиетті атаның ұрпақтары», – деп мешіт имамына өз қолымен қасиетті Құран Кәрімді тарту етті. Байзақ ауданы әкімінің орын-басары М.Аманжолұлы, көрнекті қоғам қайраткері, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеттің профессоры А.Бекбосынұлы құттықтау сөзін жеткізсе, ауыл халқы мешіт салып берген жерлестеріне ат мінгізіп, шапан жапты.
Көгедай ШӘМЕРХАНҰЛЫ,
«Һибаттулла Тарази» мешітінің баспасөз хатшысы


Жаңа мешіт ашылды
23 қазанда Маңғыстау облысына іссапармен келген ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазрет облыс әкімі Б.Мұхамеджановпен кездесіп, кейін Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылында жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Жиналған жұртшылықты Құрбан айт мейрамымен құттықтаған ол Ислам дінінің қайнар бұлағымен ежелден-ақ сусынданған, хазрет, ишан, ахун секілді діни тұлғалардың көптігімен дараланатын Маңғыстау өлкесінде тағы бір жаңа мешіттің бой көтеруі жақсылықтың нышаны деп бағалады.
– Біз тыныштықты сүйетін елміз, Алла біздің халқымызға бақ берді, парасатты басшы берді. Осының арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, көңілді марқайтар игілікті істер көп жасалып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары республика бойынша 68-ақ мешіт бар болатын, бүгін, міне, еліміздегі мешіт саны 2 318-ге жетті. Мешіт санының көбеюі – Ислам дініне көрсетіліп жатқан құрмет, бұл – сіз бен біздің бірлігіміздің, ынтымағымыздың нәтижесі, – деді Дінбасы.
Облыс басшысы Бауыржан Әлімұлы да барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен және жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
Мұнайлы – 2007 жылы құрылған республика бойынша ең жас аудандардың бірі. Мұнда қазір 100 мыңнан астам халық тұрады. Ал жаңа мешіт орналасқан Атамекен ауылында 32 мың тұрғын бар. Маңғыстау өңіріндегі оралмандар ең көп шоғырланған Мұнайлыда бұған дейін 2 мешіт жұмыс жасап келді.
Жаңадан бой көтерген үшінші мешіттің құрылысына 120 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Жаңа мешіт заманауи талаптарға сай тұрғызылған, ер адамдарға 400 орын, әйел адамдарға арналған 100 орындық намаз оқитын бөлмелері, неке қиятын, бас имамның бөлмесі, сауат ашу сыныптары бар. Сондай-ақ, мешіттің барлық бөлмесіне қауіпсіздік шаралары үшін бейнебақылау орнатылған. Мешіт жанында ыстық және салқын сумен қамтамасыз етілген дәрет алатын орындары мен моншасы да бар.
Қоғамдық қорлар, аймақтағы жеке кәсіпкерлер, Атамекен ауылының ақсақалдар алқасы мешіттің бойын тіктеп, құрылысының барынша тез аяқталуына үлестерін қосты. Солардың бірі – жеке кәсіпкер Диханбай Келімбердиевке Бас мүфти шапан жауып, алғыс хат табыс етті.
А.Жексембайқызы,
Маңғыстау облыстық «Бекет-Ата» мешітінің баспасөз хатшысы


Қажылықтағы
уағыз-насихат
Қажылық парызын өтеушілерге оның рәсімдерін үйрету, уағыз-насихат айту, дінге іріткі салушылардың насихатына жол бермеу, парыз, сүннет амалдарына қатысты туын-даған сауалдарға жауап беру – Қазақстан қажылық миссиясының негізгі міндеттерінің бірі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайынғы дәстүрге сай биыл да арнайы имам-молдаларды бөліп, насихат жұмыстарын қолға алды.
ҚМДБ Аппарат жетекшісі Балғабек Мырзаев 100-ге жуық имам-молдалармен кездесуінде осы мәселені тағы да шегелеп айтты. Қажылық миссиясының штаб-пәтерінде өткен дөңгелек үстелде уағыз тақырыптары бір жүйеге келтіріліп, пысықталды.
Қажыларға қызмет
21 қазанда ҚМДБ Аппарат басшысы Б.Мырзаев қажылық миссиясының штаб-пәтерінде қажылық фирмалары жетекшілерімен дөңгелек үстел өткізді. Онда қажыларға қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселелері сөз болып, компания өкілдері бұл жайлы ойларын ортаға салды. Арафат, Мина, Мұздалифа жазықта-рында қажылық рәсімдерін ұйымдастыру жұмыстары пысықталды. Қазақстаннан келген жерлестеріміз жайлы толық ақпарат алмасылды. Сондай-ақ, па-рызын өтеуші отандастарымызды Жидда әуежайынан күтіп алу, шығарып салу ша-ралары әңгімеге арқау болды.
Еске сала кетейік, қазақстандық қажы-ларды тасымалдаумен 20 компания шұ-ғылданады.
Қажылардың көз жасы…
Алланың елшілері мен пайғамбарлары шыққан мүбарак мекен, Құранның алғашқы аяты түскен қасиетті қала – Меккеде әдетте жаңбыр жиі жаумайды. Күн аптап ыстық. Көкте шөкімдей бұлт жоқ. Десе де, Құдайға құлдық ұрған Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі күн-түн демей қасиетті Қағбаны тәуап етіп, Тәңірден қос дүниенің бақытын тілеуде. Жалбарына жылап жатқан жандар көп. Қасиетті шаһарда керемет оқиғаның куәсі болдық. Уақыт асыр намазынан асқан. Күн бұлттанып, көп ұзамай көктен нөсер жауды. Көлік жүргізушіміз меккелік Анас дейтін жігіт (Ауғанстаннан келген өзбек) бір жылдан астам уақыт жаңбыр жаумағанын айтты.
– Осы уақытта Қағбаның қасында бол-ғам, – деді айтыскер ақын Арман Бердалин бауырымыз әңгіме-дүкен құрып жатқан кезде. – Осыған шүкірлік етем. Үсті-ба-сымыз малмандай су болды. Сәждеге бас қойсаң, бетіңе су тиеді. Қайта-қайта сәжде жасағың келеді. Бұл жақтың жаңбыры да шипа ғой. Ауырмайсың. Асылы басқа жерде жауын астында қалсаң, түшкіріп-пысқыра бастайсың. Суық тиеді. Сөйтіп, науқастанып қаласың. Ал Мекке жаңбырынан үстіміз әп-сәтте құрғап кетті.
Әңгімеге ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Қанат Нұрмаханұлы араласты. – Жауын – Жаратушының нығметі ғой, – деді ол әлденені меңзегендей сәл кідіріп. – Алла тағала үш сипаттағы адамның дұғасын кері қайтармайды екен. Олар – сәждеде дұға еткен кісі, жәбірленушінің жәбір көрсеткен адамға қарсы дұғасы және жауын жауып тұрған сәтте Жаратушыға жалбарынған пенденің тілегі. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) осылай деген. Сондықтан жаңбыр себелеген сәтте дұға жасаған абзал.
Нөсерден кейін шаһардың шырайы кірді. Көптен тамырына су бармаған талдар (қаланың кейбір жерінде ғана бар) жайқалып қоя берді. Әдетте атам қазақ мұндайда жауын емес, нұр жауды деп, жақсылыққа жоритын. Жасы сексенге таяса да «қартайдым-ау, әлім жоқ» демей, парызын өтеу үшін қасиетті жерге қадам басқан қария Шәміл Камаловтың да ойы осыған саяды. Ақсақалдың айтары бар екен. Біз тыңдадық.
– Мен бұл оқиғаны қажылықтың қарсаңында көктен жауған нұр деп қабылдаймын. Алла тағала жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей. Жаратушының мейіріміне бөленуден артық қандай бақыт бар дейсің, қарағым. Раббымыз Құранда құлдарына жақын екені жайлы аят түсірген. Аллаға жақын болайық, иманға ұйиық. Сонда ғана мерейіміз үстем болып, бүкіл жамандық атаулыдан бойымызды аулақ ұстаймыз. Егер ұрпағымыз иманға бет бұрса, онда елімізге құт-берекенің, жақсылықтың келгені. Алла тағала баршамыздың күнәмізді кешіріп, екі дүниеде де жүзімізді жарық еткей, – деді сонау оңтүстік өңірінің Мақтаарал ауданынан келген Шәміл ата.
Осы оқиғадан кейін әлемнің ақпарат құралдары әртүрлі сипатта, сананы сан-саққа жүгіртер хабар тарата бастады. «Жауын адамдарға залал келтірді», – деген сыңайдағы ақпараттарды да оқыдық. «Қатты себелеген нөсер қажыларға ыңғайсыз жағдай туғызды», – деп жазғандар да кездесті.
ҚМДБ Аппарат басшысы Балғабек Мырзаев осы күндері түріктің біраз басылымдарына көз жүгіртіпті. Бауырлас елдің басылымдары «Қажылардың көз жасын көл етіп, Жаратушыдан жалбарына сұраған дұғасы жаңбыр боп көктен жауды» деп тақырып таңдапты. Жақсылыққа жору деген осы. Біз де солай дестік. Қажылардың көз жасы көктен тамшылады…
Әр нәрсенің ғибратты, пайдалы, өнегелі тұсын алу, жақсы нәрсені ойлау – ол да мұсылманшылықтан. Бір сөзінде Б.Мырзаев тарихта Меккеде жер сілкіну оқиғасы болмағанын айтып қалды. Иә, бұл Алланың мейірім-нұры төгілген қала. Шарапаты шартарапқа тараған пайғамбарлар шыққан шаһар. Құтты мекен Алланың қорғауында. Пайғамбарлардың атасы – Ибраһимнің (ғ.с.) қасиетті қалаға Алладан берекет, бейбітшілік сұраған сөзі мүбарак Құран аятымен баяндалады. Пайғамбарлар дұғасы Алланың қалауымен қабыл болады.
Айтпақшы, хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) даналығында жаңбыр жауғанда айтылатын дұға: «Ей, Алла! Бұл жаңбырды пайдалы еткейсің!». Біз де осылай іштей күбірлеп, дұға жасадық… Құдай қабыл етсін!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы,
Мекке шаһарынан

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Ұлық мерекемен құттықтаулар

275 Дінбасы атына әлем мұсылмандарының ұлық меркесі – Құрбан айтпен құттықтаулар көптеп келіп түсті. Солардың арасында Алматы қаласы, Медеу ауданының әкімі С.Мәкежанов, Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласының әкімі Б.Ахметов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Б.Мамраев, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор О.Аяшев, Иран Ислам республикасының Қазақстандағы төтенше және […]