Бағың нұрлансын, балам!

publisher

Әбуталап кәрияның қалаға қоныс аударғанына көп бола қойған жоқ. Ауылдағыдай емес, мұндағы тірлік арсы-гүрсі, қым-қуыт па дейсің. Көп қабатты үйдің тұрғындары таңертеңмен жұмыстарына кетеді. Кешке қарай оралысымен үйді-үйлеріне кіріп, есіктерін тарс бекітіп, қайтып көріне қоймайды. Көлеңке ұзарып, іңір қараңғылығы қоюланғанша есік алдындағы ағаш орындықтардың біріне жайғасып жан-жағына қарап отырады. Бұл жерде де немерелерін ойнатқан бірді-екілі кемпір-шалдан өзге ешкім көзге шалынбайды.
Біраздан байқап жүр: бұлар тұратын екінші қабаттағы қарама-қарсы пәтердегі кішкентай бала кәрияның қасынан үндемей өте шығады. Өзі пысық бала сияқты. Тап-тұйнақтай киініп, қоңыр сөмкесін арқалап тымпың-тымпың кетіп бара жатқанымен, үлкен адаммен сәлемдесуді білмейді. Кіп-кішкентай болып, ол да асығыс.
Күн бесінге таяған мезгіл. Асыға адымдап қасынан өте берген ұлды кәрия тоқтатты.
– Әй, балам кішкене аялдашы!
Кішкентай ұл кідірді.
– Атың кім?
– Асхат.
– Қай сыныпта оқисың?
– Төртіншіде.
– Сабағың қалай?
– Жақсы.
– Бестік бағаларың көп пе?
– Иә, ата! Бір сабақтан төртім бар.
– Әке-шешең үлкен кісімен амандас деп айтпай ма?
– Айтады.
– Ендеше, неге амандаспайсың?!
Асхат жауап қайтармады. Басын төмен тұқыртып тұрып қалды.
– Жә, қысылма! Онда былай етейік. Сен осы жерде тұр, мен үйден шығып келе жатайын. Мені көргенде «Ассалоумағалейкум» деп даусыңды шығарыңқырап амандас, жарай ма?
– Жарайды.
Кәрия подъезге еніп, ұзамай қайыра шықты. Оны көрген Асхат:
– Ассалаумағалейкум, ата! – деді дауыстап.
– Уағалейкумассалам! Өркенің өссін, шырағым! – деді кәрия.
Әбуталап ата бұл жаттығуын ерінбей төрт рет қайталады.
Арада үш күн өтті. Әбуталап ақсақал есік алдында отырған. Әкесіне еріп есік алдына шыққан Асхат кәрияны көре сала:
– Ассалаумағалейкум, ата! – деді жүгіріп келіп.
– Уағалейкүмассалам, айна-лайын, үлкен жігіт бол! – деді ата риза пейілмен.
– Сіз туралы естігем, – деді Асхаттың әкесі. – Сыртыңыздан жақсы білеміз. Өзім де танысайын деп жүр едім.
– Оқасы жоқ, шырағым! Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Бір-біріңмен сәлемдесіп жүріңдер, сонда өзара сыйластық оянады», – деген. Және танысын, танымасын, жасы кіші адамдардың, оның ішінде балалардың үлкен кісіге сәлем беруі – үлкен адамгершілік! Ізет – ілтипат! Осыны естеріңде ұстаңдар! Ал, Асхат құлыншақ, қолыңды жай, бата берейін!
Асхат пен әкесі қолдарын жайды.
– Жортқанда, балам, жолың болсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Қатарыңнан озған өрен бол,
Теңіздейін терең бол!
Ақылың ассын,
Ықыласың тассын!
Сағың сынбасын,
Бағың нұрлансын!
Аллоһуәкбар!
Әумин!
Содан бастап Асхат үлкен кісілерді көрсе сәлемдесіп жүретін болды.

Толымбек Әбдірайым,

жазушы

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

Балаға Алла тағала жайлы түсіндіру

532 Кейбір діни түсініктерді қабылдау үлкендердің өзіне де ауыр соғатыны белгілі. Ендеше, әлі санасы қалыптаспаған бала үшін бұндай мәселелерді түсіндіру үшін мына мәліметтермен таныс болу керек-ақ. 2-3 жастың ерекшелігі ретінде айтар болсақ, бұл кезде баланың сөздік қоры, бағалаушылығы мен сенімдері қалыптаса бастайды. Мамандар бұл уақыттарда балаға маңайындағылардан Алла, пайғамбар, періште деген […]