«АСЫЛ АНА» ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

publisher

Ақтауда облыстық Бекет ата мешітінің жанынан «Асыл ана» әжелер мектебі құрылды. Басты мақсат – бүгінгі қыз баланың тәрбиесіне баса көңіл бөліп, әжелер салған қазақ анасының жолына бағыттау және жастарды жат ағымдардан сақтандырып, дұрыс бағыт беру.

Бұл туралы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде облыс мешіттерінің әйел-ұстаздары, қажылар мен көпбалалы аналар, жамағат өкілдері қатысқан шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысындағы өкіл имамы Әнуар Елжанов айтты. 

– Кемшіліксіз қоғам болмайды, сол қоғамның кемшілігін түзететін адамдардың өздері. Әсіресе, үлкендеріміз, аталар мен әжелер. Қыз  бала – біздің  ұрпағымыз, сүйегіміз, қанымыз. Соларға дұрыс бағыт беруіміз керек. Олар өздерінің өмірлік жолдарын жас кезінен анықтайды. Сондықтан қыз баланың тәрбиесіне ертерек көңіл бөлу керек. Ұл балаға қарағанда, қыздың жолы жіңішке әрі ауыр. «Қызым үйде, қылығы – түзде» дегендей, қыздарымыз өскен сайын әрбір ата-ананың алаңдайтыны рас. Ұлттың бейнесі – қыз баланың ар-намысынан көрінеді, ұлт болып қалыптасуы қыздың тәрбиесіне өте қатысты десем,  артық айтпаған  болар едім, – деді ол. 

Облыстық Бекет ата мешіті әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақмарал Қазиеваның айтуынша, әйел жамағатының қатысуымен қыз бала тәрбиесіне арналған шаралар бұрыннан өтіп келеді. Ақ жаулықты, абзал жүректі аналар мешітте қыз балаларды қолөнерге баулып, көрпе, құрақ құрау, ас дайындап, тәттілер пісіруде шеберлік сағаттарын өткізіп, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрден дәрістерге қатысып жүр. Солардың бірі – көпбалалы ана Ақзер Ағаділова. 5 баланың анасы Ақтау  мешітінің белсенді жамағаты ретінде игі шараларға үнемі атсалысып келеді.

– Өкінішке  орай, аналар жолын бұзып жүрген теріс қылықты қыздар бар, келіндік қызметін дұрыс атқармайтын жастар жетерлік. Сол жастарды тәрбиелеп, оң жолға тарту – аналар мен әжелердің міндеті. Аталарымыздың «дәретсіз қазанды ұстама, ошақ басына барма» деген сөзінде қанша парасаттылық, қазақилық және тазалық бар десеңізші?! Олай болса, әжелер мектебінің ашылуы – өзекті де қажетті оқиға, – дейді көпбалалы ана.

Көктем мерекелерімен дөп келген шара барысында Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов пен Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Қайрат Момынбаев Ислам дінін насихаттап, имандылық жолында қызмет етіп жүрген бірқатар нәзік жандыларға алғыс айтып, сыйлықтар табыстады.

Анар Шамшадинова

Пікір қалдыру

Әлеуметтік желі арқылы кіру: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Келесі жазба

ҚҰРАНДАҒЫ РАМАЗАН

619 Қасиетті Рамазан айына қатысты Құран Кәрімде бес аят бар. Олар «Бақара» сүресінің 183-187-аяттары. Бұл аяттарда оразаның жай-жапсары толық қамтыла баяндалған. Ендеше, осы бес аяттың әрбіріне жекелей тоқталып, талдап түсіндіріп көрелік.Алла тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында былай дейді:«Ей, иман келтіргендер! Бұрынғыларға парыз болғаны сияқты сендерге де тақуа болуларың үшін (күнәдан сақтануларың […]